Қазақстандағы діни мәселелерді реттеудің тетіктері

 +7 (7172) 308 571

Написать нам
06.11.2016 в 15:37

Қазақстандағы діни мәселелерді реттеудің тетіктері

Еліміздегі діни ахуалды реттеудің тетіктерін қарастырмас үшін әлемдік тәжірибеде мемлекет пен діннің арақатынасын реттейтін қандай үлгілер бар екенін танып білген жөн.

Жалпы, мемлекет ілімінің теоретиктері жоғары саяси ұйым мен діннің арақатынасын реттейтін мынадай үлгілердің бар екенін алға тартады:

  1. Діннің мемлекетті басқаруы. Бұл үлгіні «Теократиялық» деп айтамыз.
  2. Мемлекеттің дінді басқаруы немесе белгілі-бір дінді қолдауы. Ғылыми әдебиеттерде бұл үлгі «Клерикальизм» деп аталады.
  3. Мемлекет пен діннің ортақ келісімге келуі. Тарихи тәжірибеде бұл үлгі «Конкордаттық» деп аталады.
  4. Мемлекеттің дінді қысымға алуы немесе діни құндылықтарды жоққа шығаруы. Өткен ХХ ғасырда «Атеизм» идеологиясын ұстағанған КСРО, ҚХР, Куба республикасы секілді мемлекеттер болды.
  5. Құдайдан құт дарыған киелі тұлғаның билігі. Тарихта мұндай саяси жүйені «Харизматикалық» мемлекеттер деп атаған.
  6. Мемлекет пен діннің бір-бірінің ісіне араласпауы. Тарихта бұл ұғым «Лайцизм» атауымен белгілі болды. Қазақтан Республикасы 1992 жылдан бері мемлекет пен діннің арақатынасын реттеудің лайцизм (зайырлы) үлгісіне арқа сүйейді. Жалпы, бұл үлгіні қазіргі күні әлемнің 160-ға жуық субектілері ұстанады Дегенмен, тәжірибеде зайырлылықтың логкальді ерекшеліктері ескерілген көптеген тұрпаттары кездеседі.

Нағына, зайырлылықтың тарихы тым тереңде жатыр. Сондай-ақ, зайырлылықтың локальді модельдерінің қалыптасуының өзіндік алғышарттары бар. Осы мәселелерді тарқатып айтар болсақ. 

Орта ғасырларда Еуропадағы схоластика дәуірінде діндарлар билікке өз үстемдігін жүргізді. Христиан діндарлары (Ф.Аквинский) «Қос қылыш» және «Күн мен ай» теориясын саяси билікке ықпал етуге пайдаланды. Католицизмді ұстанатын елдердің көпшілігі Папаға тәуелді болды. Алайда, Католик шіркеуі саяси билікті ғана емес, ғылым мен өнерді де құрсаулап ұстағысы келді. Осының әсерінен әртүрлі қоғамдық қақтығыстар орын алды. Мыңдаған адамдар Католик шіркеуінің инквизициясына ұшырап, өлім құшты. Католик шіркеуінің озбырлығына М.Макиавелли, М.Лютер сынды саясаттанушылар мен телог-ғалымдар қарсы шықты. Оның соңы реформаторлық қозғалыстардың туындауына әкеп соқты. Дегенмен, XVIII ғасырдың соңына дейін Еуропаның көп елдерінде діни сословиелік жүйе сақталынды.

Алғаш рет Францияда 1789 жылы орын алған буржуазиялық революциядан кейін қабылданған «Адам құқығы» декларациясында діни сословиелік жүйе ыдыратылып, дін адамдары қарапайым азаматтармен теңестірілді. Католик шіркеуі де өз үстемдігін жойып, мемлекеттік биікке араласпайтын болды. Бұл ұғым құқықтық құжаттарда «лайцизм» терминімен белгіленді. Франциядан кейін Еуропаның бірқатар елдері «лайцизмді» қолдап, оны мемлекеттік жүйеге енгізді. Біздің қазір жиі ауызға алатын «классикалық зайырлылық» дегеніміз осы «лайцизмнен» келіп шыққан. Ғылыми әдебиеттерде «лайцизмді» кейде «контаминация» деп те атайды.

Классикалық зайырлылық мына қағидаттардан тұрады:

  1. Мемлекеттік билікке діни бірлестіктердің араласуына жол берілмейді.
  2. Мемлекеттік билікші органдар діни бірлестіктердің қызметіне заңсыз араласа алмайды.
  3. Діни бірлестіктерге партия ретінде құрылуына жол берілмейді.
  4. Мемлекет діни бірлестіктерді қаржыландырмайды.
  5. Белгілі бір дінді мемлекеттің білім бағдарламасына арнайы пән ретінде енгізуге болмайды.
  6. Адамдардың ар-ождан бостандығы мен діни сенімі қамтамасыз етіледі.
  7. Білім беру орындарында дінтану пәндері танымдық тұрғыда өткізілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы 1992 жылы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы Заңды қабылдағанда осы «классикалық зайырлылықты» ұстануға бет бұрыс жасады. «Классикалық зайырлылықта» жергілікті мемлекет құрушы халықтың тарихи тәжірибесі мен діни салт-санасын негізге алынбайды. «Мемлекеттік билікке дін араласпағаны секілді дін ісіне де мемлекет араласпайды» деген қасаң қағида басшылыққа алынады. «Классикалық зайырлылық» бойынша мемлекеттің саясатына араласпайтын бір-біріне қарама-қайшы бірнеше діни ағымдардың бір территорияда өмір сүруіне жол берілуі мүмкін. Осы жағын ескергенде, «классикалық зайырлылықтың» біздің еліміз үшін пайдалы жақтарымен бірге тиімсіз тұстары да болғанын аңғаруға болады.

Мемлекет және құқық теориясы ілімінде діндерге тең құқық беретін зайырлылықтың классикалық үлгісінен басқа мемлекеттердің жергілікті ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан «преференциялық зайырлылық» үлгісі де айтылады. Қазір ғаламдағы 160-ға жуық субекті дін мәселесіне қатысты зайырлы принциптерді ұстанады. Бірақ, тарихи тәжірибе мен мемлекеттің діни құрамын ескерген зайырлылықтың көптеген үлгілері бар. Зайырлы мемлекеттерді төрт категорияға бөліп қарастыруға болады.

а) клерикальді сипаттағы зайырылық;

ә) конкордаттық сипаттағы зайырлылық;

б) классикалық діндерге тең құқық беретін зайырлылық;

в) атеистік жүйедегі діндерді оқшаулап, біржақты қысым жасайтын зайырлылық.

Клерикальды сипаттағы зайырлы мемлекеттер өз территориясы мен халқының тарихи танымында ерекше ролге ие бір немесе бірнеше дінге мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетеді. Клерикальді сипаттағы зайырлы мемлекеттерде кейде артықшылыққа ие дін немесе діни бірлестік Атазаңда арнайы көрсетілуі де мүмкін. Мысалы, Түркия Республикасы зайырлы мемлекет бола тұра 1924 жылы қабылдаған Атазаңында мемлекеттік дін ретінде ислам дінін атап көрсеткен болатын. Тіпті, клерикальді сипаттағы зайырлы мемлекеттер халықтың басым көпшілігі сенетін дінге әртүрлі мазмұнда артықшылық бере алады. Мысалы, Польша зайырлы мемлекет болғанымен, мемлекеттік лауазымды қызметкерлер Атазаңмен қатар Інжілмен де ант беруіне рұқсат еткен. Сондай-ақ, Англия корольдігінде де христиандық протестантизмге мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетіледі. Англия парламентінде осы дін өкілдеріне белгілі бір мандат қарастырылған. Мемлекеттік құрылымдық мекемелерде шіркеу орындары да кездесіп жатады. Клерикальді сипаттағы зайырлы мемлекеттің тағы бір сипаты мемлекеттік лауазымды тұлғалар басымдық берілген діннің өкілі болуы шарт. Мәселен, Ирландия Республикасында мемлекет басшысы христиан дінінің өкілі болуы тиіс. Жалпы, клерикальді сипаттағы зайырлы мемлекетті ғылыми еңбектерде «преференциялық» зайырлылық деп те атайды.

Қазақстан Республикасының 2011 жылы қабылдаған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңның преамбуласында «сүнниттік Ханафи мәзһабі мен христиандық православтардың тарихи рөлін мойындайтындығы» ашық айтылды. Әлбетте, бұл біздің мемлекеттің клерикальді сипатқа бет бұра бастағанын әйгілейді. Қазір, еліміздегі Нұр-Мүбарак Египет Ислам университетіндегі «Исламтану» мамандығы үшін республикалық бюджеттен арнайы гранттар бөлінеді. Сондай-ақ, арнаулы оқу орындарына теңестірілген ислами білім беретін медреселер «Исламтану» мамандарын дайындайды. Тіпті, соңғы жылдары мешіт қызметкерлерінің жалақысы да арнайы құрылған қорлардың есебінен төленуде. Бұл жергілікті діни ерекшелік ескерілген зайырлылықтың қазақстандық моделінің қалыптаса бастағанының көрінісі. 

«Конкордаттық (латын тілінде - келісім) сипаттағы зайырлы мемлекетте» билеушілер мен дін өкілдері өз мүдделерін ескере отырып, келісім негізінде мемлекетті ортақ басқаруды қолға алады. Бұл жүйе теократиялық пен клерикальді жүйеге қарағанда зайырлыққа бір табан жақын саналады. Мысалы, тарихтағы император  Наполеон дін өкілдерімен ортақ мәмілеге келу арқылы ел басқарды. Орта ғасырлардағы Ислам мемлекеттерінің көпшілігінде билеушілер дін өкілдеріне құрмет көрсету арқылы халықты өзіне бағындыратын. Бұлармен бірге, қазіргі Италия мен Испания секілді мемлекеттердің басқару құрылымын да конкордаттық жүйеге жатқызуға болады. Ал, «конкордаттық сипаттағы зайырлы мемлекетте» билік халықтың тарихи тәжірибесіндегі діннің құндылықтарын қаперге алып, сол діннің ұйымымен әріптестік орнатып, дінбасыларымен рухани мәселелерде келісе отырып шешім қабылдайды. Тіпті, мемлекет механизмінде дін әлеуметтік институт болғанымен, оның қуатын құқықтық сана мен мәдени белдеуді қалыптастыруда, қала берді қоғамның тұрақтылығы мен елдің рухани біртұтастығын сақтау және өзге де келісімдерде пайдаланады. Бір сөзбен айтқанда мемлекетті басқарушы құзырлы орындардың халықты рухани ұйыстырушы діни ұйымдармен өзара мәмілеге келуін «конкордаттық сипаттағы зайырлы мемлекет» деп атаймыз.

Жалпы, «конкордаттық сипаттағы зайырлылық» көбіне көпұлтты мемлекттерге тән құбылыс. Мәселен, құрамы көп ұлтты Ресей, Ауғанстан, Мысыр, Украина конкордаттық сипаттағы мемлекеттердің санатына жатады. Десек те, конкордаттық сипат алған елдерде мемлекеттік лауазымды тұлғалардың дінді уағыздауына тыйым салынады. Сондай-ақ, кейбір конкордаттық сипаттағы мемлекттер білім беру жүйесінде белгілі бір дінді арнайы пән ретінде енгізуге болмайды (Франция) деген қағиданы ұстанса, келесі бір конкордаттық сипаттағы субекътілер (Мысыр) мемлекеттік білім беру жүйесіне ислам дінін оқытуды енгізген. Дегенмен, жалпы конкордаттық сипаттағы зайырлы мемлекеттер халықтың басым көпшілігі сенетін дінді тарихи-мәдени құндылық ретінде бағалайды. «Конкордаттық сипаттағы зайырлы мемлекеттерді» ғылыми әдебиеттерде «идентификациялық қалып» деп атайды.

Шынтуайтында, Қазақтанның діни ұстанымы клерикальді сипатқа жақын зайырлылыққа келеді. Десек те, біз клерикальді жүйеге өту үшін алдымен конкордаттық баспалдақты басып өткеніміз жөн. Ол үшін қазақ қоғамындағы діни ахуалды терең ұғына алатын төл дін шырақшыларының шоғыры қалыптасуы қажет. Сонда сырттан таңылған зайырлылыққа жүгінбей, өз ішкі мүмкіндігіміз толық сараланған діни бағытты таңдауға қол жеткізе алмақпыз.

Мұсылман теоретиктерінің көзқарасынша діннің саяси билікке қатыстылығына қарай мемлекет мынадай тұрпаттарға бөлінеді:

  1. Дарул ислам – мемлекет аумағы мұсылмандарға тиесілі әрі басқару және қоғамдық қатынастарды реттеу нормалары ислам дініне негізделген саяси жүйе. Мысалы, Мұхаммед пайғамбар 622 жылы Мәдина қаласында «Уасиқатул Мәдина» құжатын қабылдап, Хижаз аймағында Ислам мемлекетін құрғанын паш етті. Кейінгі әділетті төрт халиф – Әбубәкір, Омар, Осман, Әлі, сондай-ақ, Омеядтар, Аббасидтер, Фатимидтер, Вуйидтер т.б. саяси жүйелері «дарул ислам» санатына жатады.
  2. Дарул харб – мемлекет аумағы мұсылмандарға тән емес, сондай-ақ, ислам дінінің таралуына рұқсат бермейтін саяси жүйе. Мысалы, Мұхаммед пайғамбардың дәуірінде Византиядағы христиан билеушілері мен Ирандағы Сасанидтер билігі өз аумағында ислам дінінің таралуына қарсы тұрды. Осы себепті де Ислам мемлекеті мен Византия арасында Мута және Табук соғыстары болды. Хз. Омардың билігі тұсында Ирандағы Сасанидтер билігіне қарсы Ислам халифаты ғазауат жасады.
  3. Дарус-сулх – мемлекет аумағы мұсылмандарға тиесілі емес болғанмен, саяси билікке ие өзге дін өкілдерінің мұсылмандардың өз сенім-нанымдары бойынша өмір сүруіне рұқсат беруі. Мысалы, Эфиопия христиан мемлекеті болғанымен, 615-617 жылдары Меккеден ауа көшіп келген мұсылмандарға пана болып, олардың өз діни нанымы бойынша өмір сүруіне рұқсат берді.
  4. Дарул ақд – мұсылмандарға тиесілі мемлекет аумағында өзге дін өкілдерінің жизья салығын төлеу шартымен бейбіт өмір сүруі. Мысалы, Мұхаммед пайғамбар дәуірінде Хайбардағы яһудилер, Нажран, Әрба және Әзрухтағы христиандар Ислам мемлекетіне жизья салығын төлеп, бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алды. Мұндай жағдайда мұсылман билігі өзге дін өкілдері жизья салығын төлегені үшін олардың қауіпсіздігіне жауап береді.

Бұл ұғымдар алғаш рет имам Ағзам Әбу Ханифаның шәкірті Имам Мұхаммедтің «әл-Аср» кітабында қолданылған. Ал ХІ ғасыр ғалымы Сарахсидің «әл-Мабсуд» кітабында осы ұғымдар таратылып жазылған, онда «дәр әл-ислам», «дәр әл-харб», «дәр әс-салам» атты үш мемлекет түрі көрсетіліп, соңғысының «дәр ас-сулх» және «дәр әл-аһд» деп екіге бөлінетіні жазылған, барлығына негізді анықтама берілген.

Жалпы, «әд-даулатул-дустурия» (зайырлы мемлекет) саяси жүйесі мұсылмандарға өз сенім-нанымы бойынша өмір сүруге рұқсат бергендіккен, дарус-сулх (исламмен бейбіт ұстанымдағы мемлекет) саяси жүйесімен теңестіріледі. Яғни, зайырлы мемлекетті исламмен соғыс жағдайындағы мемлекет («дарул-харб») деп атауға еш негіз жоқ.

Сайып келгенде айтпағымыз, біздің еліміз зайырлылықтың Қазақстандық модельін қалыптастыру үстінде. Қазақстанның зайырлылық ұстанымы демократиялық қағидаттарға һәм шариғат негіздеріне қайшы келмейді. Қазақ халқының тарихи тәжірибесі мен акциологиясы ескерілген локальді зайырлылық үлгісін жасау – бұл бүгінгі заман талабы. Алдағы уақытта біз Қазақстан халқын рухани ұйыстырып отырған Ислам дінінің Ханафи мәзһабы мен Христиан дінінің Правосалвтық бағытының мәртебесін күшейтетін һәм мемлекет пен діннің арақатынасын қолайлы реттейтін өз еліміздің төл зайырлылық үлгісін тұтынуға тиістіміз. Қазіргі мемлекеттік деңгейде қолға алған игі бастамалар осыны көздейді.

Мұхан ИСАХАН,

дінтанушы, ОҚО

Добавить комментарий

Отправляя комментарий, Вы соглашаетесь с нашими правилами комментирования

Редакция

Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на ИА «NewTimes.kz» в первом абзаце. При цитировании информации гиперссылка на ИА «NewTimes.kz» обязательна. Использование материалов ИА «NewTimes.kz» в коммерческих целях без письменного разрешения агентства не допускается.

© 2012-2017, «NewTimes.kz». Все права защищены.
Об агентстве. Правила комментирования. 
Реклама на сайте

Мы в соцсетях

       

Приложения Newtimes для:
iPhoneAndroid

Яндекс.Метрика