суббота, 20 апреля 2024 г.
icon
447.4
icon
477.55
icon
4.76
Алматы:
icon
14oC
Астана:
icon
15oC
1xadv
×

Ислам ынтымақтастыққа шақырады — дінтанушы

Қазіргі таңда мұсылман жұртшылығына ынтымақ-бірлік, өзара түсіністік, бір-біріне деген бауырмалдық пен сүйіспеншілік ауадай қажет болып тұр. Қасиетті Құран аяттары мен хазреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистері бірлік пен бауырмалдыққа шақырып тұрса да «менікі дұрыс, қалғаны бұрыс» деген бірбеткейлік пікірден арыла алмай келеміз.

Алла тағала Құран Кәрімде «Барлықтарың Алланың жібінен бекем ұстаңдар да, жік-жікке бөлінбеңдер!» деп бұйырады. Тәпсірші ғалым Құртуби осы аяттың тәпсірі жайлы: «Алла тағала пенделеріне бірлік пен ынтымақта болуды бұйырып, бөлінушіліктен тыйған. Бұның себебі, бөлінушілік жойылып, құрып кетуге алып барса, ал бірлік пен ынтымақта болу әртүрлі пәледен аман шығудың кепілдігі» деген тұшымды ой айтады. 

Қазақ атамыз «көппен бірге көрген ұлы той» дей отырып көптен бөлінбеу керектігін ескерткен. Ардақты сахаба Абдулла ибн Масғуд (р.а.): «Алланың жібі әрдайым көпшілікпен бірге. Сондықтан, көпшілікпен бірге бол. Көпшілікке қосылып, солардың бірі бол. Көпшіліктен айрылма және бөлінуге шақырма. Әйтпесе, бірлік нығметінің құрып кетуіне, азаптың түсуіне себепші боласың» деген.

Әйгілі тәпсірші, тарихшы ғалым ибн Касир былай дейді: «Алла тағала мұсылмандарға бір жамағат болуды бұйырып, бөлінушіліктен тыйған. Бұнымен қоса, бөлінушілікке тыйым салатын және бірлік пен ынтымаққа шақыратын көптеген хадистер келген. Алла тағала мұсылмандарға бірліктен таймаған жағдайда қателікке ұрынбайтындықтарына кепілдік береді. Ал жік-жікке бөлініп, өзара қайшылыққа түскен жағдайда, қателікке ұрынатындықтарын ескерткен».

Расында да, өзара сүйіспеншілік пен татулыққа, бауырмалдыққа негізделген бірлік пен ынтымақ аяқты шалыс басудан, қателікке ұрынудан сақтайды. Сондықтан, өзін жанашырмын деп есептейтін әрбір мұсылман барша мұсылманның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бауырмалдықпен тату өмір сүрулері үшін ат салысуы тиіс. Алла тағала Құранда «Біз үшін күрескендерді жолымызға саламыз» деп уәде етеді. Яғни, кімде-кім мұсылмандар арасында бауырмалдықты орнатуға, үмбеттің бірлігін жарастыруға тырысса, Алла оған дұрыс бағыт нәсіп етіп, өзінің тура жолына салады. Қазіргі таңда бөлінушілікке апаратын және оған себеп болатын әртүрлі орынсыз сөздер мен әрекеттерден ұзақ тұрудың өзі  мұсылмандардың бірлік пен ынтымақта болуы үшін қосқан үлкен үлес болып табылады.

Бірлік пен ынтымаққа шақыратын аяттар мен хадистер жетерлік. Сол хадистердің кейбірінде тіпті күнделікті қарапайым мәселелердің өзінде бірлікті сақтап жүруімізге назар аударады. Хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көпшілік және бірлік болған жерде береке даритындығын айтқан. Сахаба Уахши ибн Хараб риуаят еткен хадисте былай делінеді: «Бір топ адам Алланың елшісіне (с.ғ.с.) келіп: «Біз қанша ас ішсек те тоймаймыз» - дейді. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.) : «Бәлкім сендер бөлек-бөлек тамақтанатын шығарсыңдар» дейді. Олар: «Иә, біз бөлек-бөлек тамақтамамыз» деп жауап береді. Сол кезде Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Бәрің бірге отырып тамақтаныңдар және астан бұрын «бисмилла» деп айтыңдар. Сонда жеген астарың берекелі болады», - дейді.

Сондай-ақ, бір хадисте сапарға шыққан кезде топ болып жүрудің маңыздылығы айтылады. Бұл көпшілік бар жерде берекенің болуымен, Алланың жәрдемінің әрдайым көпшілікпен бірге болатындығымен байланысты болса керек. «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші жалғыз адамды шайтан құрығына тез түсіреді. Бұл жайлы Тирмизи келтірген бір хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Көпшіліктен ажырамаңдар. Бөлінуден сақ болыңдар. Себебі шайтан жалғыздың жанында жүреді. Екі адамнан алыс болады. Кім жәннәттың қақ ортасында болуды қаласа, жамағаттан айрылмасын».

Көпшілікпен бірге орындалған ғибадаттың жеке орындалған ғибадаттан сауап тұрғысынан артық болуы бірлік пен ынтымақта болудың мәні мен маңызын көрсетеді. Хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Жамағатпен оқылған намаз жалғыз оқылған намаздан жиырма жеті есе артық» дей отырып, бірліктің, жамағаттың маңыздылығын меңзеген.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) бөлінушілікке себеп болатын, бірлік пен бауырмалдыққа сызат түсіретін кез-келген нәрседен сақтануға шақырған. Осыған байланысты үш кісі тұрған жерде екеуінің бір-бірімен сыбырласып сөйлесуіне  тыйым салған. Себебі, бұл әрекет үшінші кісінің ренжуіне себеп болады. Ал бұл бір-бірімен бауыр болып табылатын мұсылмандардың арасының бұзылуына әкеп соғады. 

Қоғам ішінде бүлік пен алауыздықты тоқтату әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен хадис біздерге осыны бұйырады. Ал, қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салудан Алла тағала мұсылмандарды қатаң түрде тыйады. Қасиетті Құранда бұл жайында былай дейді:

 «Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер».

Сөз соңында мақаламды мұсылмандардың шынайы бауырмалдығын көрсететін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисімен қорытындылағанды жөн көріп отырмын. «Мүминдер бір-бірін жақсы көруде, бір-бірлеріне мейірімді болуда және бір-бірін қорғауда бір мүшесі ауырса, барлық мүше сол үшін мазасызданып, түнді ұйқысыз өткізетін тұтас бір дене іспеттес».

Алла тағала мұсылман үмбетіне бірлік, ынтымақ және өзара сүйіспеншілік нәсіп еткей!

Ерғали Алпысбаев,

Дінтанушы, ОҚО.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0