четверг, 28 марта 2024 г.
icon
449.58
icon
486.94
icon
4.86
Алматы:
icon
24oC
Астана:
icon
5oC
1xadv
×

Ислам – бейбітшіліктің басты кепілі

Адам баласының асыл құндылықтарының бірі – бейбітшілік десек, сол бейбітшілікті мәңгілікке ту етіп, әмәндә тыныштықта өмір сүруді кім армандамады дейсіз?! Кезінде бар қазақтың айбарлы ханы Абылайдың өзін жегідей жеген үш бірдей арманы болғаны екен. Ел аузында азулы жырау Бұхар Қалқаманұлы Абылай ханның ақтық сәтінде: «Оу, Хан ием, не арманыңыз бар?» деп сұрапты. Сондағы Абылай ханның жауабы: «Ее, үш арманым бар еді. Біріншісі сол, елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім. Қан көп төгілді. Ал екіншісі, халық жер емшегін еме алмады, қала, кент сала алмады. Үшіншісі болса, елімнің басын біріктіре алмадым», - депті. Тегінде «арманы асқақтың, мұраты асыл» болса керекті. Осындайда ата-бабаларымыздың «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт бір замананы, мамыражай бір бейбітшілікті текке армандамапты-ау деген ойға қаласың.

Сондықтан жер бетіндегі бүтін бір халық, көптеген ұлт пен сан мыңдаған ел соғыс атаулының қай-қайсысын да, бұзақылық біткеннің түп-түгелін, зор бүліншілікті мүлдем қаламайды, тіпті қолдамайды да. Бүгінде әлеуметтік желілер мен БАҚ да «ислам экстремизмі», «ислам терроризмі» деген сөз тіркестері жиі қолданылатын болды. Ал шын мәнінде ислам ұғымының рухына жат мұндай сөз тіркестерін қолданудың астарында талай арам пиғылдың, құйтырқы саясаттың жатқаны жасырын емес. Ислам жайлы мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев былай дейді: «Исламның ішіндегі экстремистер деп айтылып жатқан сөз жөн емес. Ислам деген дүниежүзілік дін. Екі миллиардқа жақын халық мұсылман дінін ұстанады. Сондықтан, әлгі бандиттер мен экстремистер әр дінде болып жататын жағдай. Ол екеуін біз ажыратып айтуымыз керек. Ал енді, Мұхаммед пайғамбарымыздан қалған, діннен қалған, мәселелер ондай емес, еш уақытта мұсылманның діні соғыспен, қолына қару-жарақ алып біреуді өлтіріп, заңсыздыққа барып, мемлекетке қарсы жүру деген мәселелер болмайды мұсылманда. Сондықтан, осындай нағыз таза мұсылманның, Құранның жолымен халық жүретін болса, ол елге жақсылық әкеледі, әр адамның өзіне де жақсылық әкеледі деген сөз". 

Ислам дінінде бейбітшілікке шақырудың ең озық үлгісі, тіпті оны қалыптастыратын басты факторлар да айқын көрсетілген. 

Ислам сөзі Құран Кәрімнің 10-нан астам жерінде келеді. Ислам – «амандық, есендік, бейбітшілік, тыныштық, мойынсұну, бағыну, берілу» деген мағыналардың барлығын қамтиды. Құранның  мына бір аятында былай деп келеді: 

«Алла бейбітшілікке шақырады және қалаған адамын тура жолға салады» (Жүніс сүресі, 10/25-аят).

Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі - «әс-Сәлам». Өйткені, адамдарға қауіпсіздік әкелетін – тек қана Алла. Ал «әс-сәлам» сөзімен астасып келетін ислам діні адамдарды  бауырмалдыққа, достыққа, әділдікке, ар-ождан тазалығына шақырады. Қасиетті Құран Кәрімнің аяттары адам жанын баурап, өзіне ұйытады, сендіреді және иландырады. Онда сана-сезімді нұрландыратын, тура жолға бағыттайтын ғажайып қасиет бар.

Ендеше күллі адамзаттың жан жүрегінде өріліп, өріс тапқан бейбітшілік ұғымы жайлы Исламдағы басты тетіктерге тоқталып өтелік.

  1. Бірлік пен ынтамақ

Бейбітшілікке шақырудың ең басты факторы - елдің ынтымағы мен бірлігі болса керек. Жарасты ынтымақ, ұйыған бірлік болған жерде ғана бейбітшілік туралы айтуға болады. Шын мәнінде мүмин жүректердің бір-біріне қатқан үнінің, өзара тұтастығының, араларындағы бірліктің бәрінен де үстем Алла тағаланың қалауымен ғана жүзеге асатынын Құран Кәрімнің мына бір аятынан көруге болады: 

«Ол мүминдердің жүректерін қосты. Егер сен, жер жүзіндегі нәрселерді тұтас сарып қылсаң да олардың жүректерін қоса алмас едің. Бірақ Алла, олардың араларын біріктірді. Расында Ол, өте үстем, аса дана» (Әнфал сүресі, 8/63-аят).

Шындығында игі мұсылманды ынтымақ-бірлікке шақыратын келесі бір аят былай келеді:

«Алла тартқан желіден (Құраннан) бекем ұстап, айырылмаңдар. Алланың өздеріңе жасаған рахымын еске алыңдар. Сендер өзара жау едіңдер, ол сендердің жүректеріңді жақындатты. Оның игілігімен туысқа айналдыңдар...» (Әли-Имран сүресі, 3/103-аят).

Асқан даналықтың өлшемі болып табылған Құран Кәрім айна қатесіз ақиқатқа құрылған. Өйткені біздер Алланың игілігімен ғана өзара жақындасып, туыстық қарым-қатынасқа иек артатынымыз жасырын емес. Ал енді жоқ жерден жікке бөлініп, зор алауыздыққа барғандардың ауыр азапқа душар болатындығы Құран Кәрімнің мына аятында келеді:

«Анық дәлелдер келген соң жікке бөлініп, алауыздық туғызатындар болса, олар ауыр азапқа душар етіледі» (Әли-Имран сүресі, 3/103-105 - аяттар)

  1. Әділдіктен айнымау

Бейбітшілікті сақтаудың ендігі факторы - әділдіктен айнымау. Әділетсіздік елдің арасына іріткі салып, берекесіздікке ұшыратады. Құран Кәрім адамдарды әрдайым әділ болуға үндейді. Бұл жайлы Құран Кәрімде былай делінеді:

«Алла сендерге аманатты иесіне қайтаруларыңды, адамдар арасында билік айтар болсаңдар, билікте әділ болуларыңды бұйырады. Алланың сендерге айтқан уағыз-насихаты қандай тамаша! Алла шынында толық естуші, аса көреген» (Ниса сүресі, 4/58-аят).

Құран Кәрім әділдікті көксейді. Тіпті туысқаныңның зиянына болса да әділдіктен айнымауға шақырады:

«Ей, Мүминдер! Алла үшін куә болуда өз ата-аналарыңның, жақын туғандарыңның зиянына тура келсе де, әділдікте берік тұрыңдар. (Куәлік алушы) бай болса да, кедей болса да, әділ болыңдар. Алла (сендерден гөрі) оларға жақынырақ олардың күй-жайын жақсы біледі. Нәпсінің құлы болып, (дұрыстықтан) айнымаңдар. Қызыл тілді қалай сүйреңдетсеңдер де, куәліктен қалай бас тартсаңдар да, Алла істегендеріңнен сөзсіз хабардар» (Ниса сүресі, 4/135-аят).

Құранның осы бір қағидасын өмірлеріне ту етіп ұстаған кемеңгер Төле би «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» десе, заңғар жазушы М.Әуезов «Әділет тілесе, атаңның болсын айыбын айт» деп әділдіктен айнымауға шақырған. Өйткені көптеген қақтығыстардың туындауына тікелей себепшілердің бірі осы - әділетсіздік. 

Құран Кәрім дұшпандардың өзіне әділ болуға шақырады. Құранда бұл жайлы былай баяндалады:

«Ей, Мүминдер! Алла үшін әділдікпен куәлік беріңдер. Бір қауымға болған өшпенділіктерің (оларға) әділ болуға мұрындық болмасын, (дұшпанға да) әділ болыңдар. Мұның өзі тақуалыққа жақынырақ. Алладан қорқыңдар, Алла расында істеген істеріңнен толық хабардар» (Мәида сүресі, 5/8-аят).  

  1. Мейірімділік

Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының ақырғы пайғамбары жер бетіне осы бейбітшілікті орнату үшін жіберілген. Құранда бұл жайлы: «Біз сені әлемдерге тек мейірім етіп қана жібердік» (Әнбия сүресі, 21/107-аят), - деп сан ғасырлар бойы мұсылмандар осы ерекшелікпен өз діндерін мақтан етіп, насихаттап келеді.

 Құран Кәрім мейірімділіктің шынайы үлгісі болып табылады. Бұл туралы Құранда былай баяндалады: 

 «Біз оларға, иман келтіретін елге жол мен мейірім болатын кітап түсіріп, оны білім жолымен тарқатып талдап бердік» (Ағраф сүресі, 7/52-аят). 

Мейірімділіктің шексіз дариясы Құран Кәрімнен сусындаған пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Бұл жайлы Құранда былай делінеді: 

«(Мұхаммед с.а.у.) оларға Алланың мейірімі бойынша жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді» (Әли-Имран сүресі, 3/159-аят).

Ал мейірімсіздік адамдардың бір-біріне деген дұшпандығын тудырып, бейбітшіліктің тамырына балта шабады. 

  1. Кешірімді болу

Бейбітшілікке шақырудың келесі бір факторы адамдардың бір-біріне кешірімді болуы. Өйткені кешірімді болу адамдар арасындағы өзара түсінушілікті нығайта түседі. Бұл жайлы Құран Кәрімде былай делінген:

«Тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да садақа береді, ашуын тежей алады, адамдарға кешіріммен қарайды. Ізгілік жасаушыларға Алла да ілтипатпен қарайды» (Әли-Имран сүресі, 3/134-аят).

«Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф сүресі, 7/199-аят).

 «...Егер кек қайтаруға тиісті болған біреу оны кешірсе, өзара келіссе, оның есесін (сауабын) Алла қайтарады. Шынында Алла залымдық жасайтындарды дос тұтпайды» (Шура сүресі, 42/40-аят).

Міне, кешіре білудің өзі адамның кісілігі мен кішілігін танытатын асыл қасиет. Осы бір қасиеттің кейбір адамдар бойынан табылмауы көптеген келеңсіздіктердің туындауына себепші болады. Бұл ретте, халық даналығындағы «ұлық болсаң, кішік бол» деген тәмсілі тегін айтылмаса керек.

Тіпті, Құран Кәрім дөрекілік танытып, надандыққа жол бергендердің өзімен қалай қарым-қатынас жасау керектігін былай көрсеткен:

«Аса рахымды Алланың (сүйген) пенделері жер бетінде кішіпейіл, сыпайы жүреді, надандар оларға тіл тигізсе де, оларға «Есен болыңдар!» деп ғана қояды (олармен сөз таластырып әуре болмайды)» (Фұрқан сүресі, 25/63-аят).

  1. Өзара кеңесу әрі жәрдемдесу

Бейбітшілікті қалыптастыратын әрі адамдарды бір-біріне жақындастыратын ендігі бір фактор істі өзара кеңесіп шешу әрі бір-бірілеріне жәрдемдесу. Мүминдер арасындағы ынтымақ-бірліктің сақтаудың осы бір жолы Құран Кәрімде былай деп баяндалады: «Ал және сондай Раббылары шақырған нәрсеге үн қоса алатындар, намазды толық орындағандар, сондай-ақ өзара істерін кеңеспен жүргізгендер және өздеріне берген несібемізді тиісті орындарға жұмсағандар. Және де егер оларға бір залымдық болса, олар жәрдемдеседі» (Шура сүресі, 42/38-39-аяттар).

«Анығында Алла (адамдарды) әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды. Тағылым алсын деп насихат береді. Әрине түсінерсіңдер» (Нахыл сүресі, 16/90-аят).

 Қазақ даласындағы қалыптасқан асар, жылу жинау, жетімі мен жесіріне қарайласу іспетті игі дәстүрлер түгелге дерлік ислам дінінен тамыр тартады. Олай болса, бейбітшілікке шақыратын асыл құндылықтарымызды қайта жаңғырту әрбіріміздің міндетіміз болып табылады.

  1. Өрескел бұзақылыққа жол бермеу

Ислам діні кез келген терроризм, діни экстремизм, бүлік, іріткіге тосқауыл болады. Оның алдын алатын бірден-бір жол – ол, діни білімділік, саяси салмақтылық және өзіміздің ынтымақ-бірлігіміз болып табылады. Ислам жолы бүкіл болмысымен соғыс, басқыншылық, арандату атаулыға мүлдем қарсы. Исламда адам баласына залымдық жасау ауыр қылмыс саналады. Бұл сөзімізге Құран Кәрімнің мына аяты дәлел бола алады: «Бейкүнә бір адамды өлтірсе немесе жер бетінде бұзақылық қылса – күллі адамзатты өлтіргендей болады» (Мәида сүресі, 5/32-аят). 

Қоғамның тұтас бір тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салуға Алла Тағала мұсылмандарға қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында былай дейді:

«Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер» (Бақара сүресі, 2/217-аят).

«Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық» (Мәида сүресі, 5/32-аят). Міне, көріп отырғанымыздай Алла Тағала мұсылмандарға қоғам ішінде бүлік шығаруларына тыйым сала отырып: «Жер жүзі түзетілгеннен кейін бүліншілік жасамаңдар», (Ағраф сүресі, 7/56-аят) - деп ескертеді де мына бір аятпен қоғам тыныштығын бұзған жанды жақсы көрмейтіндігін бұйырады:

«Алла бүлік шығарушыларды жақсы көрмейді» (Мәида сүресі, 5/64-аят).

Құран Кәрім бүліктің, іріткінің кез келген түріне үзілді-кесілді тыйым салады. Өйткені мұның барлығы бейбітшілікке шақырудың жолына тосқауыл болады. 

  1. Өзге дін өкілдерімен де бейбіт қарым-қатынаста болу

Ислам әрбір дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі, Алла Тағала Құранда былай дейді:

«Ей, Адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес, тақуалықтарыңмен есептеледі» (Хұжұрат сүресі, 49/13-аят).

Ислам - зорлыққа шақырмайтын дін екені ежелден жалпыға мәлім. Керісінше, Ислам - мұсылмандарға да, мұсылман еместерге де қарсы келетін, зорлық-зомбылықтың, лаңкестіктің барлық түрлерін қолдамайды.

Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтатқандығы үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті өзгелерді діннен үркіту емес, өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар, исламда зорлық жоқ. Бақара сүресінің 256 аятында: «Дінде зорлық жоқ»,- деп Алла Тағала анық түрде баян еткен соң, әрбір мұсылман пенде өз дінін насихаттап, қоғамдағы бейбітшілікті орнатуға талпынуы керек. Тіпті олардың табынған Құдайларына тіл тигізбеуге шақырып былай бұйырады:

«Көпдіншілдердің Алладан басқаға табынып жүрген бұттарына тіл тигізбеңдер, (өйтсеңдер) олар білместікпен шектен асып, Аллаға тіл тигізеді» (Әнғам сүресі, 6/108-аят).

  1. Келемеждеп, өсек айтпау

Бірін-бірін мінеу, өсек-аяң айту, өзара араздасу сияқты ұнамсыз қылықтарды қай-қайсысымыз да жанымызға жат санайтынымыз жасырын емес. Мұның барлығы адамдардың арасын алшақтатып, түбі жақсылыққа апармайды. Яғни біз айтып отырған бейбіт өмірдің орнауына кері әсерін тигізетіні заңды. Сондықтан Құран Кәрім адамдарды ұнамсыз қылықтардан бойын аулақ ұстауға шақырады:

«Ей, Мүминдер! Бір ел, бір елді тәлкек қылмасын. Бәлкім тәлкек етушілері олардың өздерінен жақсы шығар. Сондай-ақ әйелдер, әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім келемеждегендері келемеждеушілерден жақсы шығар. Бір-біріңді мінемеңдер; жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін жаман атпен шақыру нендей жаман. Ал кім тәубе қылмаса, міне солар залымдар» (Хұжұрат сүресі, 49/11-аят).

Ал күмәнданудан сақтанып, өсек айтпау керектігі жайлы келесі бір аятта былай деп келеді:

«Ей, иман келтіргендер! Тым күмәншіл болудан сақтаныңдар. Кейбір (орынсыз) күмән – нағыз күнә саналады. Біріңнен бірің кінә іздемеңдер, бірің туралы бірің өсек айтпаңдар. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді» (Хұжұрат сүресі, 49/12-аят).

Бұл аятта біреудің артынан өсек айтуды өлген туысының етін жегенге теңеген. Өсек айтудың өте жиіркенішті қылық екенін осындай мысалмен түсіндірген. Ал бұл жағдай тағы сол біз айтып отырған бейбітшілікке шақыруға кедергі келтіреді.

  1. Сәлемдесу - бейбітшіліктің көрінісі

Сәлемдесу – күллі игіліктің бастауы, жаратылыс атаулының бір-біріне ықыласы.

Сәлемдесу – адам мен адамды жақындастырып, араздасқанды татуластырып, ағайынды табыстыратын көпір.

Сәлемдесу арқылы да адамның кескін кейпі, болмысы, көңіл-күйі байқалып тұрады. «Болар елдің баласын сәлемінен танисың», «Кісінің кішіпейілдігінің белгісі – көргенде сәлем бергені», «Сәлемің түзелмей, әлемің  түзелмес» деген халық арасында айтылатын нақыл сөздер бекер айтылмаған.

Инабаттылық пен сыпайылық ең бірінші амандасудан басталады. Бейбітшілікке шақырудың ең озық үлгісін көрсеткен Құран Кәрімде сәлемдесу жайлы да айтылған. Бұл жайында Құран Кәрімде былай деп келеді: «Ей, Мүминдер! Өз үйлеріңнен басқа үйлерге рұқсат сұрамай, үй иесіне сәлем бермей кірмеңдер. Мұның өзі сендерге қайырлы екенін, әрине, түсінерсіңдер» (Нұр сүресі, 24/27-аят).

Құранда сәлем берушінің сәлемін қабыл алумен қатар, оған артығырақ сәлеммен қайтаруды бұйырады: «Сендерге біреу сәлем берсе, сендер одан да жақсырақ сәлем беріңдер немесе сәлемін өзіндей қайтарыңдар. Алла (пенделердің) барлық ісін есепке алып отырады» (Ниса сүресі, 4/86-аят). Құран Кәрімді адамзат баласына жеткізіп, түсіндіріп беруші Мұхаммедтен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Исламның ең жақсы сипаттары қайсылар?» – деп сұрағанда, ол: «Аштарға тамақ беру, танитын һәм танымайтындарға сәлем беру», – деп жауап берген екен. Жалпы, қазақ халқымыздың дәстүрі бойынша да таныс не бейтаныстығына қарамай, жасы кішінің үлкенге бірінші болып сәлем беруі осыдан қалса керек.

Сонымен, ислам дінінің жақсылыққа жолбасшы, бейбітшілікке қолбасшы болуының сыры - оның өміршеңдігінде, адамзатты мойындатқан асылдығында. Құранда айтылған бейбіт өмір сүрудің қағидалары мұнымен шектелмейді. Ислам дініндегі осы құндылықтарды әрбір адам баласы бойына сіңіре білсе, қазақ даналығындағы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш, бейбіт заманның орнауы хақ.

Файзулла Тайтелиев,

ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0