суббота, 20 апреля 2024 г.
icon
446.49
icon
475.38
icon
4.79
Алматы:
icon
19oC
Астана:
icon
16oC
1xadv
×

Ұлт мәселесіне исламның көзқарасы

Әр адам үшін кіндік қаны тамып, туып-өскен жері, яғни өз отанынан қымбат, қасиетті мекен жоқ. Отанымыздың ұлтарақтай жері үшін қаһарман ата-бабаларымыз қасық қаны қалғанша күресіп, ұрпағына оны мирас етіп қалдырды. Сондықтан барлығымыз туған еліміз бен жеріміздің алдында әрқашан борыштар екенімізді ұмытпауымыз қажет. «Отан – оттан да ыстық», «Отан үшін отқа түс – күймейсің», «Отанды сүю-иманнан» – деп ата-бабаларымыз тегін айтпаған. Осы кең байтақ Отанымызда салт-дәстүріміз, рухани байлықтарымыз, ұлттық болмысымыз бен терең тарихымыз жатыр. Отаны жоқтың дәстүрі, тілі, діні, тарихы болмақ емес. Өз ұлтын, елін сүймеген, оған құрмет көрсетпеген адамнан опасыздықтан басқа ешнәрсе күтуге болмайды. Сонымен қатар әр ұлт өз тілі мен дінін де аса құрметтеп, сақтап, кейінгі өскелең ұрпаққа қалдыратын болса, әрине нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Аллаһ Тағала Құран Кәримде: «Сіздерді (әртүрлі) халықтар мен тайпалар етіп жараттық», дейді. Сондағы мақсат не? Оған Аллаһ Тағала “бір-бірлеріңізді тану үшін” деп, осы аяттың өзінде жауап береді (Хужурат суресі: 13-аят).  Ғұламалар аяттағы “бір-бірлеріңізді тану үшін” дегенін бір-біріңіздің жақсы өнеге, қасиеттеріңізді үйрену, өнеге алу үшін деп аударады. Осынау кең мағына беретін аяттағы «Халықтар»- (шуъбан уа қабайлан) - тайпалар етіп жараттық, бір-бірлеріңізді тануларың, білулерің үшін дегені тайпалар мен халықтарды құратын әлеуметтік ұйыстырушы құрылымдар қызметі мен адамдар арасындағы қарым-қатынастың мәні мен мақсатына кең көлемде қарау керек екенінде ұқтырып, әлеуметтік ұйысымдардың жекелеген тетіктері мен түрлі бұындарына да мән беруді меңзеп тұр. Демек аяттағы үлкен мәннің «ғұрып», «адад» салт-дәстүр сияқты әлеуметтік құрылымдардың үлкен кешенді ұғым-мағыналарын аша түсетін қолданыстардың жоғарыда аталған аятында ұғынылуы тиіс екендігіне ешкім дау айта алмайды. Өйткені өзара ажырамайтын тұтас ұғымдар.  Яғни, Аллаһ Тағала пенделерінің тайпа-тайпа, халық-халық болып өмірсүруі Өзінің жаратуымен болғандығын білдіреді. Олай болса, әр халық өз болмысын айғақтайтын белгісімен ажырап тұруы, өзіндік киім, өзіндік тілі де болуы Аллаһ субуханака уа тағаланың Өзі хәкім деген заңы талыбы деген сөз. Әрі осы аятта «Аллаһ құзырында сіздердің сыйлы (құрметтілеріңіз) тақуаларыңыз (құдайдан қорқушыларыңыз)» деп, адамдардың бір-бірінен абзал ерекше жоғары, әділ, иман мен ар-ожданға сәуле түсіретін ой-пікір, әрекеттердің ортаға жағымды әсерін де жоғары бағалап, ескертеді, айқындайды. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Арабтың ажамнан (өзгеден) артық жері жоқ, бәріңіз де Адамның баласысыздар, ал Адам топырақтан” деу арқылы әлгі ерекшеліктердің негізі нәсілдік, қандық ерекшелік емес илаһи сөз-Құран арқылы тіршілік мәнін ұғынып өзінің де өзгенің де өзегін әуелі рухани мән-мазмұн, шариғи тәрбие (мақсат-мұрат) қалыптастыруына ыңғайлы міндет. Олай болмағанда ұлтаралық, конфессияаралық талас-тартыстарға тоқтау салу мүмкін болмасы анық.

Халық, ел, ұлттың өмір сүруі оның тілі, тарихы, мәдениеті мен дәстүрі, геосаяси-экономикалық бірлігі арқылы нақтылайтын болады. Оның ішкі құрылымдық анықтауыш факторларының  өзі  дінді де мәні аса жоғары құбылыс деп қабылдау басым. Осы белгілерінің өзі-ақ кімнің кім екендігін айғақтауға жеткілікті. Ендеше, біздің қазақ халқы да өзінің бар екендігін, өз алдына дербес ұлт екендігін біз айтқан белгілерімен көрсетуі тиіс.

Иоганн Гете айтады: «Кім өз ана тілін менсінбей мұрын шүйірсе, ол өз ұлтына қарай үш рет оқ атқанмен барабар». Ғабит Мүсірепов: «Тілін білмеген тегін білмейді» дейді.

Сөзді заманымыздың тіл мамандары былай бірнеше жолмен түсіндіреді:  

«Тіл - екі жақтың байланыс жүйесі»;

«Тіл – адамдардың арасындағы пікірлесу және өз ішкі сезімімен өзгелермен түсінісу, жақындасу мәмле табу, ортақтасу құралы»;

«Тіл – адамдар арасындағы өз қажеттерін, пікірлерін және өзге де ақиқат нәрселерді жеткізудің дәнекері»;

 «Тіл – туысқан бір жамағат ағзаларының арасындағы өздерінің ішкі сезімдері мен ой-пікірлерін бір дыбыстық белгілер арқылы ортақтасу үшін қолданылатын жасанды жүйе».

Араб тілінің тазалығына арабтар ерте мән берген. Мысалы, Расулімізге бір бәдәуи келгенде оның тіліндегі ақауды байқап:

«Мына бауырларыңның тілін сындырып жіберіңдер», - деп кеңес еткендігі нақыл етіледі. Демек тілге сауаттылық талаптары мен тіл заңы, ой үйлесімінің логикалық тетіктері де пайым-парасатының жоғары сатыға көтерілуінің себептерінің бірі. Екіншіден жоғарыда ұлттың тегі мен шеті анықталатын ұғымдар арасында атала тұрып, енді оның қарым-қатынас құралы ретіндегі қызметіне қолдау жанашырлық сауатты болмаса ұлт ойы, пайым-парасаты өз биігіне жете алмасы анық.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп те айтады: «Арабтарды үш нәрсесі үшін жақсы көр: өйткені мен арабпын, Құран араб тілінде және жәннәт әһлінің (жәннәт тұрғындарының) тілі де арабша».

Яғни, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) белгілі дәрежеде араб тілінің құрметіне мән берумен араб ұлтына да құрмет болуын алға тартады. Өзге ұлттар да осы сықылды қаралуға және құрметтелуі тиіс, Аллаһ Тағала Құран Кәримде: “Біз сіздерді ер-әйел қылып және бір-бірлеріңізді айырып тануларыңыз үшін сіздерді неше түрлі ұлттар мен халықтар етіп жараттық” дейді.

«Хужурат» суресі: 13-аят.

Яғни, Құран Кәримнің айтуы бойынша ұлттар “бір-бірлерін айырып танулары үшін”, екінші сөзбен айтқанда бір-бірінен ғибрат алулары үшін қажет екен. Әр ұлттың өзіне тән тілі, киімі, дәстүрі болғандай өзге ұлттарда кезікпейтін, не тым аз мөлшерде кезігетін белгілері болады. Біреулердің “мен неге татар болмадым?” немесе “мен неге орыс болып тумадым?” дегендері біріншіден өз ұлтын бағаламау, екіншіден, Хақ Иеміздің жаратылысына мін тағу, не кемістік іздеу болып шығады. Кім де кім дәл осылай ойласа діннен де шығады (Хақ Тағала Өзің сақта!). Одан да өз надандығын мойындаса, кім кімнен артық, не кем екендігін ұғар еді. Қазақ халқының неше ғасырлар бойы көрші алпауыт елдерге, өзін он, тіпті жүз орап алатын мемлекеттерге сіңісіп кетпей, өз мемлекеттігін сақтап қалғанының өзі теңдессіз ерлік емес пе?              

Айтар ойыңды тілмен жеткізесің, тіл арқылы түсінісесің, онсыз күнің қараң екені айтпаса да белгілі. “Жақсы сөз жарым ырыс”, жақсы сөйлесең де, жаман сөйлесең де бір ауыздан шығады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Сөйлесең жақсы сөз айт немесе үндеме”, деген. Өйткені періштелер біздің әр айтқан жақсы-жаман сөзімізге “әмин” деп тұрады екен. Егер “мынау оңбайды” десек, сосын бала оңбай қалса, оған періште “әмин” деп қойып, ол қабыл боп кетсе, енді кімді жазғырамыз? Кімнен көреміз? Өзің айттың демей ме? Сол себепті «жақсы сөз жарым ырыс» деп, жақсыға дағдылану керек.

Осындай бір сәтте, түрік  халықтары көптеген ұлт пен ұлысқа бөлініп кеткен, оның біразы “өлі тілді” халыққа айналып, бөгде халыққа сіңісіп кетті.    

Қазақта аятта айтылған тайпалардан, рулар мен аталар шоғырлы ұйысымдардан құралған. Руға ұйысу тарихтың тезінен өткен, заманның өзі тудырған нәрсе. Оны кейбіреулердің бөліну деп түсінуі тарихты дұрыс бағаламау. Өйткені ру-руға бөліну бөліну үшін емес, әуелі бірлікті, ынтымақты кіші бірлестік ішінде сақтау, сосын оны бірлесіп ұйымдасып қорғау, дамыту, сақтау амалдары мен сол заман өтінде бір мақсатқа ұйымдастыра басқару үшін қажет болған. Әркім өзінің бар екендігімен, бір рудың өкілі екендігімен  мақтануы тиіс. Егер біреу бір тентектік жасаса, сол замандағы басқару жолы ақсақалдардың төрелігі болатын. Қариелер алдымен тентектің кім екендігін сұрастырады, аты аталып, түсі түстеліп болған соң қай рудан деген сауал да ортаға тасталады. Найман, не қоңырат десе, бәрі де сол тумалардың қариесін ортаға алады. “Тентегіңді тый” деген талап қойылады, сый орында абыройы төгілген, сөз естіген ақсақал сол содыр тентекті жөнге салады. Осының бәрі рулық құрылысқа амал-әрекеттер жиынтығы, рулық ұйысымға тән қасиет. Пайғамбарымыз бір хадисінде:“Нәсіл-нәсәбіңізді таныңыздар, туыстарыңызды табасыздар” деген.

Яғни, кімнің тегі қайдан екенін жақсы білуден мақсат туысқандықты, бауырды табу, олармен қарым-қатынасты орнату. Тіл де, ұлт та, туысқандық та әр адамның өз өскен ортасымен, өз елдестерімен бірге болғанда шешілмек. Тіпті өз мүддесін, жеке пайдасын ойлаған жан да оларсыз дәнеңе жасамайды, жасай да алмайды. Мұсылман болса ақыреті болмайды, өйткені ол жеке бас пайдасы үшін бәрін тастап, баз кешіп кетті деп айтылады. Ислам кісінің жеке мүддесін ешқашан халық мүддесінен жоғары қоймайды. Жамағатпен намаз оқып тұрып, бірер себеппен жамағаттан ажырап, намазын бөлек оқыған кісі дінде бөлініп, бүлікке жақын амалдар жасауы да мүмкін, себебі дініміздегі, діліміздегі, тіліміздегі көптен кеңес алу, «көппен көрген ұлы той», тәмсілдері мұндай қадамдарды қолдамайтыны анық шыққан болып есептеледі (Аллаһ Өз сақтасын!).  Бостан босқа өкпелеп немесе ұрсысып та жұрттан бөлек кетіп жатқандар бар. Олар үшін ақыреттен ешқашан жақсылық күтуге болмайды, олардың қайыр-садақалары да қабыл емес. Осы ойлардың шоғырына жола қарап қана қоймай олардың бастау алатын қайнарларын іздейтін болсақ әммесінің түп-тегі қасиеті Құраннан тамыр тартатына көзіміз оңай-ақ жетеді. Демек «Діни тұрақтылық» мұраты асыл ұғым ретінде қазақ халқының тіліне, діліне, өмір сүру дағдысына керек десеңіз салихалы салтына айналған құндылық. Оны мақсат ету арқылы ұлтымыз дәуірлер сынына неше түрлі дүние дүрбелеңдеріне мойымай, сынып, сөніп, жоғалып кетпей ошағына, отанына жеріне ие болып ұлағаты мен ұлық пайым-парасын ұрпағына мұра етіп қалдырып келеді. Осының жемісі-тәуелсіз Қазақсатан.

Икрам Айтаев,

Дінтанушы, ОҚО

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0