+7 (7172) 30 85 71

Написать нам в WhatsApp: +7 (700) 402 32 92
22.07.2015 в 23:53

Грузиндерде де қыз алып қашу салты бар

 «Ол жақта бөлек атмосфера. Табиғаты да өзге. Өзен, көл басқа. Өмір ырғағы да өзгеше. Басқа тіл. Әуен де. Үйлердің сәулеті... Бір қарағанға құлап кететіндей көрінеді. Моншасын көрсеңіз... О, Тәңірім! Ол жақтағы асхананы айтар болсам, хачапури мен хинкали дуэтінің дәмі ұзақ уақыт аузыңыздан кетпейтініне сенімдімін. Ал, фуникулермен (тауға көтерілетін жол) Тбилисидің төбесінен қарағандағы көріністі сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес... Вахтанг Чабукиани есімі мен балет сөзі егіз іспеттес. Менің шығу тегім осы тұстан басталады» дейді Отари Окроадзе.

Иә, бүгінгі әңгіме грузин халқы жайлы болмақ. Грузия десе, әуелі көпшіліктің есіне Тбилиси оралады. Гүржістанның жүрегі саналатын бұл қаланы «Жылы қайнар» деп те атайды. VI ғасырда астана атанған шаһардың тарихы тереңде.

Кейіпкеріміз қара теңіз жағалауындағы Гагра қаласында дүниеге келген. 1993 жылы Грузия мен Абхазия арасында соғыс басталып, зұлмат жылдары аман қалу үшін отбасымен Қазақстанды паналағанын айтады. «Анам сол күндердің естелігін әңгімелеуден жалыққан емес. «Қашқынның кебін киюді ешкімнің басына бермесін» деп отырады. Бұршақша жауған оқтан  анамның мені қорғаштап, бауырына қыса жүгіргенін көз алдыма елестетсем, әліге дейін денем тітіркеніп кетеді. Мен ол кезде бір жастан енді асқанмын. Есімде қайдан қалсын?» деген Отариден қазақ пен грузин арасындағы ұқсастық бар ма деп сұрадық.

– Ең бірінші ұқсастық деп екі халықтың да етті қолмен жейтінін айта аламын. Қазақша асылған ет секілді біздің ұлттық тағамымыз хинкалиді, кәуәпті қолмен асаймыз. Әдетте, хинкалиді мерекеде немесе қонақ күткенде ең құрметті ас ретінде дастарқанға ұсынады. Ал күнделікті тағамдардың арасында көп тұтынылатын картоп қосып қуырылған еттен әзірленетін оджахури мен жас малдың етіне түрлі дәмдеуіштер мен аскөк қосып буға пісіретін чакапулиді айтуға болады. Грузиндер кинзаны өте жақсы көреді. Ол асқа ерекше дәм беріп қана қоймайды, сонымен қатар денсаулыққа өте пайдалы. Бүйректің жұмысын жақсартып, оны зиянды қалдықтардан тазартады. Грузин халқы дастарқан басына ас ішу үшін ғана емес, түрлі жаңалықтарды талқылап, әңгіме құрып, бір-біріне тілек айту үшін де жиналады. Тіпті бұл туралы ел аузында аңыз да бар. Ертеректе, Тәңір жер бетіндегі бар ұлтқа өздеріне тиесілі жер бөліп берген екен. Тап сол кезде грузиндер бейбітшіліктің орнауына орай жайылған дастарқанда отырған. Бір-біріне тілектерін айтып болған соң, әлгі бөліс болған жерге келсе кешігіп қалғандарын түсінеді. Содан грузиндерге шағын ғана жерді үлестірген деседі. Көлемі жағынан кішкентай болса да көз тоймас көрікті мекенге бай елді бүгінде әлем жұртшылығы біледі. Тағы бір ұқсастық ретінде екі ұлтта да отбасы рөлінің маңыздылығын айтқым келеді. Қазақтар секілді шаңырақта әке сөзі заң болып саналады. Отағасының орны әрқашан биікте және де  ата-ана мен бауырға қамқор болу керектігін баланың санасына құйып өсіреді. Қазақтар секілді грузиндер де қыз алып қашады. Бұл дәстүр қаз-қалпында сақталмаса да Грузияда қыз алып қашудың үлгісін әлі де кездестіруге болады. Бүгінде бұл рәсім екі жастың келісімі арқылы іске асады, – дейді ол.

Кейіпкеріміздің түсіндіруінше, грузин тілін меңгергісі келген адам әуелі ырғақпен жұмыс істеп үйренуі тиіс. Себебі, дұрыс дыбысталмаған жағдайда сөз мүлдем өзгеріп кетеді екен. Бір ерекшелігі, сөзде екпін болмайды. Тек буынды дұрыс түсіре білуіңіз керек. «Грузиндердің аты-жөні әдетте «дзе» және «швили», «ани», «иани» мен аяқталады. Дзе – бала, ұрпақ дегенді білдірсе, швили – нәресте деген ұғым. Түркі тілдес халықтарда «ұлы, оғлы» болса, арабтарда ол «ибн», ал парсыларда «задэ» қолданылады» дейді Отари Окроадзе.

Грузияда сізді тойға шақырса, одан бас тарта алмайсыз. Егерде белгілі бір себеппен бармай қалсаңыз, той иесі сізге ренжіп, керек десеңіз өштесуі де мүмкін. Ертеректе грузин отбасыларының арасындағы кикілжің осы тойдың салдарынан болған деседі. Қазақтар секілді грузин тойларында да ұлттық би билеу дәстүрге айналған. Соның ішінде жиі кездесетіні - лезгин биі.  Бұл биді Кавказ халықтарының ұлттық биі десе болады. Чешен, ингуш, осетин, армяндар да осы биді меңгерген. Ал, адам өмірден өткен жағдайда қазаны көппен бірге атқарады. Ол кез келген грузиннің парызы. Марқұммен қоштасу рәсіміне бірі тағам дайындап келсе, екіншісі қаржылай көмегін ұсынады. Шарап алып келетіндер де бар. Себебі, ең көне шарап құмыралары тап осы елден табылған. Гүржістанды шараптың отаны саналуы сондықтан.

Грузин жеріне табан тіреген жағдайда адасып кету қауіпті емес. Ол жақта барлық қала, ауылдарда, тіпті шалғай елдімекендерде грузин және ағылшын тілінде жазылған жолсілтегіштер көп. Әрине, мұның бәрі сырттан келген қонақтардың бағытты қиналмай табуы үшін жасалған. Грузияда ер адамдардың сүйісіп амандасқанын көрсеңіз, таңқалудың қажеті жоқ. Грузин шаңырағына қонаққа келгенде аяқ киіміңізді шешпейсіз.            

 Отари грузин халқында балаға ат қоюға ерекше мән берілетінін айтады. Ең бастысы, сәбидің есімі белгілі бір мағынаға ие болуы тиіс екен. Мәселен, Отари –  «алтын» деген мағынаны білдіреді. Кейіпкеріміз қазақтар жайлы ойын былайша білдірді: «Қазақтардың кез келген ұлт өкілін жатсынбай қабылдай алатынына тәнтімін. Достыққа адал, мейірбан, әсіресе оңтүстіктің қазақтары дәстүрге берік екенін айта аламын. Өзге өңірлермен салыстырғанда расында салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа Оңтүстікте ерекше мән береді. Қазақтың ұлттық мейрамдарын ұнатамын. Жыл сайын Наурыз мерекесін асыға күтемін. Қазақ жерін бүгінде бірлігі мен татулығы жарасқан  сан ұлт өкілдері мекендеп отыр».

Қазақстанда бүгінде бірлігі мен татулығы жарасқан жүзден астам ұлт өкілдері күн кешуде. Солардың бірі – грузиндер. Өңірдегі грузин мәдени орталығы 2005 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Орталықтан грузиндердің кешегі өткен тарихы мен әдебиеті, бүгінге жеткен дәстүрі мен мәдениеті туралы мәлімет алуға болады. Жалпы облыс бойынша тұрғындардың 70,24 пайызын қазақ қандастарымыз құрайды. 17,50 пайыз өзбектердің үлесінде. Орыстар – 5,96 %, әзірбайжан – 1,26 %, тәжік – 1,07 %, татар – 0,88 %, түрік  - 0,87%, ал қалған ұлт өкілдері бірігіп – 1,78 % құрайды. Оның ішінде осы грузиндер де бар.


Редакция

Новости Казахстана

Полное воспроизведение или частичное цитирование материалов агентства допускаются только при наличии гиперссылки на ИА «NewTimes.kz» в первом абзаце. Фото- и видеоматериалы агентства могут быть использованы только с указанием авторства «NewTimes.kz». Использование материалов ИА «NewTimes.kz» в коммерческих целях без письменного разрешения агентства не допускается.

© 2013-2019, «NewTimes.kz». Все права защищены.
Об агентстве. Правила комментирования. Реклама на сайте

Республика Казахстан, 010000
г. Нур-Султан (Астана), К. Сатпаева, 13А
Тел.: 8 (7172) 308571
Email: n.times@mail.ru

Мы в соцсетях

       

Приложения Newtimes для:
iPhoneAndroid

  Яндекс.Метрика