+7 (7172) 79 78 20

Написать нам в WhatsApp: +7 (700) 402 32 92
18.07.2016 в 09:15

Ұлтымыз бөлек болса да, Отанымыз ― біреу

Тәуелсіз  Қазақстан елі дүниеге әкелген тың құрылымдардың бірі  - Қазақстан халқы Ассамблеясы. Егемендіктің елең-алаңында 1995 жылы Елбасының бастамасымен өмірге келген бұл институт бүгінге дейін өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Содан бергі 21 жыл уақыт аралығында Ассамблея тыныштығымыздың тірегі болып,  ұлттарды бір мақсатқа ұйыстырған іргелі институтқа айналды.  

Әлемді мойындатқан Ассамблея

Әу баста-ақ, бейбітшілік пен бірліктің маңызын ұғынған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеясын жарияласа,  елді ауызбіршілікке үндейтін құрылым 1995 жылдың 1 наурызында дүниеге келді. Ал, қазір Ассамблея азаматтық қоғамның барынша дамыған бір саласына айналды. Институт еліміздегі қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттің өзара әрекеттестігіне қажетті басты сұхбат алаңы тұрғысынан да танылып жүр. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжанның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 820 этномәдени бірлестік жұмыс істесе, Ассамблея мен этномәдени бірлестіктердің активі 67 мыңнан астам адамды қамтиды. Елбасы тапсырмасымен ақылдастық-кеңестік орган ретінде аймақтық әкімдердің жанынан құрылған Қоғамдық келісім кеңестері де Ассамблеяның жалпыхалықтық институт мәртебесін айшықтай түсуде. Елімізде ауыл, аудандардағы әртүрлі ұйымдардың басын бір арнаға тоғыстыратын, қоғамда туындайтын негізгі сауалдардың барлығымен айналысатын қоғамдық кеңестердің саны 1035-ке жетті.

Бүгінгі биігімізден қарар болсақ, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 21 жыл бұрынғы: «Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын» деп мәлімдеуі институттың шын мәніндегі миссиясын ашып көрсетсе керек. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл миссиясын лайықты деңгейде атқарып та келеді. Оның бірден бір айғағы осындай қазақстандық үлгідегі институттың керектігін әлемнің көптеген елдерінің мойындауында болып отыр. Мәселен, Назарбаев айқындаған қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін зерттеу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясына әлемнің көптеген мемлекеттерінен, атап айтқанда, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Франция, Испания, Италия, Қытай, Малайзия, АҚШ, Ресей, Түркия, Украина және Армения елдерінен шетелдік сарапшылар, ғалымдар, дипломаттар, журналистер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері өз өтініштерін білдірген. Түрлі деңгейдегі кездесулер барысында елімізге келген мәртебелі меймандар қазақстандық үлгіні мойындап қана қоймай, толеранттылықтың ең таңдаулысы ретінде зерттеп, зерделеуге және оны өз елдерінде қолданысқа енгізуге ынталы екендерін де айтып жүр. 

Дамудың кілті бірлікте

Елімізде130-дан астам ұлт пен ұлыс өмір сүруде. Олар бір шаңырақ астында тату-тәтті тұратын, бірлігі жарасқан бір отбасы іспетті. Бұл бірегей институттың құтты шаңыраққа айналғанын көрсетеді. Қазақстанның даму деңгейінің құпиясы да осы ауызбіршілігімізде, Ассамблея атқарған істердің нәтижесінде жатыр десек артық айтпаймыз.

Ассамблея «Мәңгілік ел» мен ел бірлігі саясатын насихаттау тұрғысынан алда келеді. Мәселен, қоғамдық келісім мен бейбітшілікті насихаттаудың қуатты құралы ретінде 47 мемлекетіне таралатын «Достық - Дружба» журналы, 4 телеарнада тұрақты түрде шығатын 5 телебағдарлама мен 8 радио бағдарлама, 9 республикалық басылымдағы 22 тұрақты айдарлар осы мақсатта жұмыла жұмыс жасауда. Қазақстандағы түрлі этностардың тілінде жарық көретін 37 мерзімді баспасөздің әр қайсына жекелеп тоқталып шықсақ да артық етпейтіндей. Бұдан бөлек, Ассамблея қызметін халыққа таратуға 100-ден астам республикалық басылым мен электронды ақпарат құралы жұмылдырылған. Ассамблея жанынан құрылған этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі журналистер мен сарапшылар клубы да үнемі ортақ іске өз үлестерін қосуда.

Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Еркін Қадырғалиев діни конфессия, этномәдени бірлестік өкілдерінің бейбітшілік пен келісімде өмір сүруі Елбасы жүргізген саясаттың айқын нәтижесі екендігін айтады. «Бастапқыда Ассамблеяның қызметін жете түсіне қоймаған қазақстандықтар, көп ұлтты елімізде бұл құрылымның атқарар рөлін енді ұғына бастағандай. Елдің болашағын, бірлігін сақтап қалу жолында жұмыс жасайтын институтқа деген халық сенімі уақыт өткен сайын біртіндеп арта түсті. Себебі, аумалы-төкпелі әлем қоғамға осындай құрылымның қажет екендігін ұғындырды. Ал, біздің сарабдал саясаткер Елбасымыз мұны осыдан 21  жыл бұрын анықтап білген болатын.

Аймақтық Ассамблеяның жұлдызды шағы  өткен 2015 жыл деп айтар едім. Олай дейтінім, өздеріңізге белгілі былтырғы жыл тұтастай Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып аталды. Осыған дейін атқарылған жұмыстар қорытындыланып, өткенге баға берілді. Қазақстан халқы үшін өзінің ауқымы жағынан біздің қоғам мен мемлекеттің одан әрі дамуының сипаты  мен бағыты алдағы көп жылдарға айқындалып, жоспарлар жасалған тарихи жыл болды»,- дейді жергілікті Ассамблея төрағасының орынбасары.

Ассамблея жылында дүниеге келген «Алтын Шаңырақ» аналар кеңесінің де мән-маңызы ерекше. Ассамблеяның жанынан құрылған отбасында толеранттық тәрбие беру жөніндегі аналар кеңесі бүгінде еліміздің ең басты құндылықтары - татулық пен тұрақтылықты ұрпақ жадына сіңірудің тиімді тетігі ретінде өз жұмысын жалғастыруда. Ассамблеяның қызметіне жаңадан мыңнан астам белсенді отандастарымыз тартылуда. Әртүрлі мәдени-ағарту сипатындағы іс-шаралар, бұқаралық акциялар мен кездесулер жастардың қызығушылығын арттырып, достық қарым-қатынастардың беки түсуіне ықпал етуде. Бұл ретте  «Үлкен -  ел, Үлкен - отбасы», «Ырыс алды - ынтымақ», «Бірлік» сияқты әлеуметтік маңызды жобаларды атап айтуға болады. Сарапшылар клубы да ел бірлігі мен этносаралық келісімді нығайтуға сүбелі үлесін қосып, Ассамблеяның қоғам алдында рөлін арттыра түсуде.

Сондай-ақ, ғылыми сараптамалық топ мүшелері де мемлекеттік маңызды тақырыптарды көтеріп, Ассамблея жұмысының алға жылжуына айтарлықтай үлес қосуда.

«Достық үйі» - ынтымақ ұясы

Ассамблея жұмысы жанданып, аяққа тұрғаннан кейін этномәдени бірлестік өкілдері басқосатын бір ғимараттың болуын арман етті. Олар 2005 жылдан бері өздеріне бір орынның қажеттігін айтып, алға тартып келген еді. Құрылыстың бас жоспары біраз тжылдар бұрын бекітілгенімен жұмыстың кешеуілдеуіне байланысты ғимарат 2014 жылы пайдалануға берілді. Облысымызда «Достық үйінің» ашылуы шынымен де этномәдени бірлестік мүшелерін ерекше қуанышқа бөледі.

Елбасының тапсырымасымен облыс орталығынан орын тепкен екі қатарлы ғимаратта 144 орынға арналған концерт зал, қолөнер бөлмелері бар. Ол бүгінде сан алуан ұлтты тіл табыстыратын киелі мекенге айналды. Атырау облысы әкімінің аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ аталатын бұл үй де сөзсіз тәуелсіздіктің, татулығымыздың арқасында дүниеге келіп отыр. 

Әр түрлі ұлттар мәдениетін жоғалтпай дамыту, облысымызда тұратын барлық ұлттардың тілдері мен ұлттық дәстүрлерін өркендетуді  басты мақсаты санайтын аталған мемлекеттік мекеме бүгінге дейін жүздеген іс шаралардың ұйытқысы бола білді. Әсіресе, патриоттық, тәрбиелік маңызы бар шаралар көптеп ұйымдастыру дәстүрге айналды. 

Көптеген әлем елдерінің Қазақстандық келісімге қызыға да қызғана қарауының себебі түсінікті. Түрі, тілі, діні басқа бола тұра жүздеген ұлт пен ұлыстар басымыздағы бақ - бірлік екенін ұғынып, тату-тәтті өмір сүруде. Бұл кез-келген елдің қолынан келе бермейтін  іс.

                                                                                                                                                                               Алина ЗИНЕЛ,

Атырау


Редакция

Новости Казахстана

Полное воспроизведение или частичное цитирование материалов агентства допускаются только при наличии в первом абзаце гиперссылки на непосредственный адрес материала на сайте ИА «NewTimes.kz». Фото- и видеоматериалы агентства могут быть использованы только с указанием авторства «NewTimes.kz». Использование материалов ИА «NewTimes.kz» в коммерческих целях без письменного разрешения агентства не допускается.

© 2013-2019, «NewTimes.kz». Все права защищены.
Об агентстве. Правила комментирования. Реклама на сайте

Республика Казахстан, 010000
г. Нур-Султан (Астана), К. Сатпаева, 13А
Тел.: 8 (7172) 797820
Email: n.times@mail.ru

Мы в соцсетях

       

Приложения Newtimes для:
iPhoneAndroid

  Яндекс.Метрика