четверг, 28 марта 2024 г.
icon
449.58
icon
486.94
icon
4.86
Алматы:
icon
9oC
Астана:
icon
4oC
1xadv
×

Мектеп формасына қатысты заң кеше ғана қабылданған жоқ — А.Әбдірәсілқызы

Жаңа оқу жылы басталысымен елімізде мектеп оқушыларының формасына қатысты дау тағы да өршіп кетті. «Діндар» ата-аналар қыздарының мектепке хиджапқа оранып баруын талап етсе, педагогтар қауымы мектеп формасына қатысты заңды алға тартып, орамал таққан оқушыларды мектеп табалдырығынан аттатпай әуре.

Мұндай жайттар тек Оңтүстік Қазақстан облысында ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінде орын алуда. Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызы зайырлы елдің заңдарына бағыну керектігін айтып отыр. Оның сөзінше, 2007 жылы қабылданған Білім туралы заңда мектеп формасына қатысты мәселе анық айтылған. Яғни, оқушылардың киімінде ешқандай діни атрибутика болмау керек деп көрсетілген. Соған қарамастан ата-аналар бұл заңды кеше ғана қабылданғандай қабылдауда дейді ғалым.

«Мектеп формасына қатысты қағидалардың арысы он жыл, берісі бес жыл білім жүйесінде кеңінен қолданылып келе жатқанын атап айтуымыз қажет. Білім және ғылым министрлігі бар болғаны сол ережелерді айқындай түсу мақсатында бөлек құжатқа біріктіріп, талаптар ретінде жүйелеп жариялады. Оны жаңа талап ретінде жатырқай қабылдаушылар шыққанда өз басым: «Осынша уақыттан бері базбір ата-аналар Білім туралы заңнан бейхабар болып немесе орындамай келген бе?» деп таң қалдым.

Мектеп формасына қойылатын талаптар мәтінінде «діни атрибутиканың қолданылмауы» деген тіркестің қамтылуына келсек, «мектеп формасын сақтау» дегеннің өзі «басқа ешбір атрибутиканы қолданбау» дегенді білдіретіні санасы сау қазаққа бесенеден белгілі. Және бұл тек діни атрибуттарға ғана емес, басқа да ерекшеліктерге тыйым салынатынын білдіреді. Мәселен, бала мектепке еркін киім үлгісімен, сәнді немесе спорттық киімдермен, жарқыраған әшекей бұйымдармен келе алмайды ғой. «Форма» ұғымы соның бәрін реттейді. Дұрысы, бұрыннан реттеп келген», - дейді А.Әбдірәсілқызы.

Айта кету керек, форма тек мектепке тән ерекшелік емес. Көптеген кәсіби салалық мекемелер оқу орны, жұмыс орны деп бөлместен, барлық деңгейлерде белгілі бір формаларды сақтауды талап етеді. Оның барлығы кәсіби, техникалық, гигиеналық, тағы басқа талаптардан туындайтыны белгілі.

«Мектеп формасының да көтеріп отырған өзіндік әлеуметтік-тұлғалық жүгі бар. Біріншіден, кез келген форма белгілі бір мекемеге қатыстылықты білдіретіндіктен, тұлғаға сол мекеме алдындағы жауапкершілікті жүктейді.

Екіншіден, форма – құқықтық қатынастар шегін айқындайтын бақылау құралы. Қарапайым мысалмен өрнектесек, мектеп формасындағы бала сабақ уақытында көше кезіп жүрсе немесе компьютер клубында ойын ойнап отырса, кез келген учаскелік полиция қызметкерінің оның мән-жайын сұрап, қадағалауға құқығы бар.

Үшіншіден, біртекті форма мектеп жасындағы балалардың әлеуметтік тұрғыдан жіктелуіне, психологиялық қысымдардың орын алуына жол бермейді, яғни «бұлақ бастан бұлғанбас» үшін форманың сақталуы қажет-ақ.

Тізе берсек, басқа да артықшылықтарды атауға болады, бірақ оның барлығы қарапайым қоғам мүшесіне де белгілі. Сондықтан қайыра айтарым, мектеп формасына қойылатын талаптарға жер астынан жік шыққандай таң-тамаша болудың реті жоқ», - дейді ғалым.

Айта кету керек, ОҚО-дағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің мамандары мектеп формасына қарсы шыққан «діндар» ата-аналармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Қыркүйек айында өткен түсіндіру шараларынан кейін оқушы қыздар орамалдарын шешіп, мектеп табалдырығын стандартты киіммен аттады.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0