суббота, 20 апреля 2024 г.
icon
446.49
icon
475.38
icon
4.79
Алматы:
icon
19oC
Астана:
icon
16oC
1xadv
×

Дінтанушы: ДАИШ – исламға төнген қауіп

ДАИШ бір күнде пайда болған жоқ. Сарапшылардың пікірінше, ДАИШ-ті ойынға қосу үшін алдын ала жан-жақты дайындық жүргізілген. Өйткені, жоспарлы ұйымдастырылмастан тоқсан елдің террористері бір уақытта Сирия мен Иракта бірігіп, үлкен көлемдегі әскери іс-қимылдарды жүзеге асыруы әсте мүмкін емес.

Мұсылман мемлекеттерімен қоса ислам діні аз таралған елдерден әп-сәтте содырлардың пайда болып, Таяу Шығыста бір мезгілде бас түйістіруі осыны әйгілесе керек. Ал, сыбдырын білдірмей, үлкен ойынды ұйымдастыру үшін қараниет күштер адамдарды арбаудың ең озық технологияларын пайдаланды.

Әбу Мұса әз-Заркауи тарапынан 2004 жылы Иракта «Таухид и-жиһад» деген атпен «Әл-Кайданың» бір қанаты ретінде құрылған лаңкестік топқа 2011 жылы Әбу Бәкір әл-Бағдади жетекшілік жасағаннан бастап ұйымның атауы «Әд-Дәулат әл-Исламия фил-Ирақ уәш-Шам»болып өзгертілді. ДАИШ – негізінен Латакия жерінде ислам халифатын құруды көздейді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін қазір лаңкестік ұйым Ирак пен Сирия үкіметінің әскери күштерімен және өздерін қоштамаған өзге де топтарға қарсы қанды қырғын соғыс жүргізуде.

Әсілі, ДАИШ тарих сахнасына шыққан күннен сын садағына ілінді. Содырлық топтың сойқан іс-әрекеттері Сирия мен Ирак жеріне қарақұйын пәлекет алып келді. Ұйымның әрбір ісі көпшілік қауымға қорқыныш пен үрей салды. Былтырғы жылы 126 мұсылман ғұламасы ДАИШ-тің іс-әрекеті ислам құндылықтарымен ұйыспайтынын айтып жаһанға жар салды. Қазір ұйымның экстремистік пиғылда, іс-қимылы террорлық сипатта екендігі әмбеге аян. Алайда, ДАИШ өздерінің жасап жатқан қанды қырғынын ислам дінімен байланыстыруын доғарар емес. Ең сорақысы, қанды-қасап қылмыстарын «Халифат» атымен жасауында.

ДАИШ-тің өздерін «Ислам халифаты» деп жариялауы дін негіздермен мүлде сәйкеспейді. Оған қарсы бірнеше дәйекті уәж келтіріп өтер болсақ:

Біріншіден, мұсылман ғұламаларының көпшілігі Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.): «Үмбетім халифатта отыз жыл өмір сүреді. Одан кейін патшалық билік пайда болады» (Сафина (р.а) жеткізген) деп айтқан өсиетін негізге алып, «халифат құрамын» деген бастамаларды қостамайды. Расында да, ислам тарихында Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с.) кейін хз.Әбу Бәкір, хз.Омар, хз.Осман, хз. Әли дәуірінде мұсылман үмбеті отыз жыл халифат дәуірінде өмір сүрді. Одан кейінгі омаядтар мен аббасидтер және т.б мұсылман мемлекеттері халифат шарттарын сақтай алған жоқ. Себебі, шариғат бойынша халифат құрушы көшбасшының билігі мынадай шарттардың негізінде ғана легитимді болып есептеледі:

А) Құрайыш тайпасынан болу;

Ә) Баят (көпшіліктің сенім білдіруі);

Б) Шура (кеңесу);

Д) Әділеттілік орнату.

Жоғарыда аталған Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с.) соң мұсылман үмбетіне көшбасшы болған хз. Әбу Бәкір, хз. Омар, хз. Осман, хз. Әлидің тұлғалық келбеті осы төрт шартқа лайықты болғандықтан олар халифтік билікке қол жеткізе алды. Одан кейінгі билеушілер бұл шарттарға толық сай келмеуі себепті, олар халифат билігін орната алмады. Мысалы, омаядтар билігі тұсында исламдық саяси жүйе негізінен «Умая» әулетіне қызмет етті. Сол секілді, аббасидтер династиясы кезінде де ислам мемлекеті «Аббаси» әулетінің мүддесін көбірек қорғады.

ДАИШ-тің құрылу негізіне келетін болсақ,  ешқандай мұсылман ғұламалары кеңесінің (шура) батасын алмаған және көпшілік қауымның сеніміне ие (баят) болмақ түгілі Сирия мен Ирак жерлерін күшпен жаулап алып, мұсылмандарды қойша қырған ұйымның сықпыты шариғат шарттарындағы халифат ұғымымен мүлде жуыспайды.

Екіншіден, шариғатта «дарул-муслимин» деген ұғым бар. Бұл термин мұсылмандар өмір сүретін мемлекет деген мағынаны береді. Алғашқы кемеңгер төрт халифтан кейін өмір сүрген Омая, Аббаси, Фатими, Ғазнауи, Қарақан, Мәмлүк, Осман т.б патшалықтар халифат саналмағанымен, мұсылман мемлекеттері болып есептеледі. Мұсылман мемлекеті (дарул-муслимин) деп бір жоғары саяси ұйымды тану үшін үш шарт сақталуы керек. Олар:

А) Халықтың басым бөлігінің мұсылман болуы;

Ә) Мемлекетті мұсылман басшының басқаруы;

Б) Діни ритуалдардың орындалуына жағдай жасалуы. 

Қазір ДАИШ лаңкестері біраз аумағын күшпен жаулап алған Сирия мен Ирак мемлекеттерінің халқының басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Мемлекет басшылары мұсылман және діни құлшылықтарды орындауға ешқандай кедергі жоқ. Яғни, Сирия мен Ирак елдері мұсылман мемлекеттерінің  (дарул-муслимин) санатына жатады. Ал, шариғатта мұсылман мемлекеттеріне қарсы діни соғыс жасауға болмайды. Демек, ДАИШ-тың шариғат бекіткен шарттарсыз халифат құруы, мұсылмандарды қасиетті күреске үндеуі, заңсыз әскери құрылымдар құруы ислам негіздеріне қарама-қайшы келеді. Тіпті, түбірімен қате, мүлде адасқандық десек асыра айтқандық емес.

Қарақұйын пәлекетті ұйымдастырушы ДАИШ ұйымы кіл жанкештілерден тұратын жасақты құру үшін кез келген пендені иліктіретін не түрлі айла-амалға жүгінген. Олар бірінші кезекте ел ішіндегі әлеуметтік әлеуеті төмен, қаржы тапшылығы жан алқымнан алған жандарды ақшаға қызықтырумен «жиһадқа» азғырады. Кедейшілік өтіп кеткен әлеуметтік топтар қаржы қыспағынан шығу үшін амалсыздан жалдамалы әскер (легионер) ретінде айқайға сүрең (жиһад ұранына) қосады. Жоқ-жітікті ақшамен «жиһадқа» еліктірсе, керісінше, бай-бағланды бар жиған дәулетін «жиһадқа» сарп етуге шақырып, жомарттық жасағаны үшін жәннатты сүйіншілейді.

Лаң салуға үндеушілердің қоғамда орын алып жатқан әділетсіздікті жазғырып, өрескелдіктің орнын «жиһад» жасаумен ғана толтыруға болады деген насихаттары да өз жемісін берген. Айталық, ДАИШ-тың сапында әлеуметтік теңсіздік көрген содырлардың саны анағұрлым көп. Сондай-ақ, саяси көзқарасты ашық айтуға қысым жасайтын елдердің азаматтары қарсылық (протест) танытудың баламасы ретінде «жиһад» ұранын көтеруге дайын тұрады. Әсіресе, әлі империалистік пиғылынан бас тартпаған РФ мен ҚХР және т.б. алпауыт елдердің езгісіндегі ұлт өкілдері қарсылық көрсетуді «жиһад» жасаумен алмастыруға бейім болып келеді.

Қазір қоғамда отбасы құруда жолы болмаған және өмірден өз орнын таппай психологиялық күйзеліске ұшыраған азаматтардың саны өте көп. Олар ішкі күйіктің орнын басар баламалы жол іздейді. Өмірден қатты теперіш көрген жандар үшін таңсық бір істі жасау, өзін әбден меңдеп алған психологиялық дерттен оңай арылу секілді болып көрінеді. Арбаушы топ осындай өз-өзін кем сезінген бейбақ жандарды тұзаққа тез түсіреді. Әлбетте, ол үшін арбаушылар адамдармен арнайы жеке-жеке жұмыс жасайды.

«Жиһадқа» үндеушілер мұсылманшылдық сезімді қоздыру арқылы да жанкешті содырлардың сапын арттыруда. Мысалы, олар «Таза Исламды тек Сирия көтерілісшілері ұстанады» деген жалаң идеологияны құрал етеді. Сириядағы үкімет армиясының адам айтқысыз зорлық-зомбылығын алға тартып, олардан кек алуға үндейді. Башар Асадтың шииттік сенімін ұстанатынын алға тартып, «Сирия халқы залымдар мен мүшріктердің қорлауында болмауға тиісті» деп, сүннит мұсылмандарды «жиһадқа» желіктіреді. Жалған хадистерді дәлел ретінде ұсынып, шахид белбеуін тағуға шақырып, оның есесіне жұмақты уәде етеді.

Ислам шариғаты уақытша некеге (мута) ада-күде тыйым салса да, азғырушылар жыныстық жиһад жасауға өздерінің ойдан шығарылған хадистері мен негізсіз тұжырымдарын пайдаланады. Қаза тапқан содырлардың жесір әйелдерін өзгелермен күштеп некелестіріп, жыныстық қатынас жасауға мәжбүрлейді. Қыз-келіншектердің махаббат сезімін де өз мақсаттарына пайдаланады. Осы тұрғыда талай бейбақ қыз-келіншектің опық жеп қалғандығы БАҚ-та жиі жарияланды.

Ислам елдерінде «жиһадқа» үндейтін арнайы топтар жұмыс істейді. Олар көбінесе ірі қалалардағы мұсылмандар көп бас қосатын орындарда өз үгіт-насихаттарын жүргізеді. Өздеріне қарай иіліккен азаматтарды арнайы дайындықтан өткізетін лагерьлерге аттандырады. Ал, батыс елдерінен ДАИШ-ке адам тарту үшін, негізінен, интернет ресурсын пайдаланады. Әсіресе, әлеуметтік желілерде тартысты тақырыптардың қоламтасын үрлеп, шетін көзқарастарды жақтауға пейілді азаматтарды өз қатарларына оңай қосып алады. Яғни, қаныпезер азғырушылар әрбір индивидпен жеке-жеке жұмыс жасауының арқасында әлемді қанға бөктірген исламофобтық сипаттағы ДАИШ ойынының қызығына батуда.

Мұхан ИСАХАН,

дінтанушы, ОҚО

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0