+7 (7172) 79 78 20

Написать нам в WhatsApp: +7 (700) 402 32 92
12.12.2016 в 18:20

Кеңестік идеологияның діни танымға еткен әсері

Кеңестік идеология туралы сөз бастамас бұрын, «идеология» терминінің мағынасын ашып кеткеніміз жөн. Идеология туралы білім біздің қазіргі жағдайымыздағы ғылыми танымда жатыр. Идеологияны жалпы формада алсақ, ғылым секілді ақиқатқа негізделмеген, қайта нақты адамдар тобынын немесе бір ұйымның, құрылымның, қоғамның мүдделерін қорғау мақсатын да құрылған үнемі насихатталуды қажет ететін идеялардың жүйесі. Сондықтанда идеология белгілі бір топтын мүддесін жалпы мүдде ретінде қарастырып, біздің іздейтін ақиқатымыздың астында қалып қояды, кейде оны бүркемелеп тастайды. Соның нәтижесінде қоғамдағы билік етуші таптың және әсер етуші топтың идеясы негізгі идеологияға айналады.

XX ғасыр басындағы әлем тарихында пайда болған алпауыт империяның бірі – Кеңестік социалистік республикалар одағы. Ол 1922 жылдың 30 желтоқсанынан 1991 жылдың аяғына дейін өзінің марксистік-лениндік идеологиясына негізделіп өмір сүрген саяси-экономикалық құрылым. Соның кұрамында болған Қазақстан да кеңестік одақтың бір бөлшегі ретінде өзгелер сияқты осы идеологиямен өмір сүруге мәжбүр болды. Кеңестік идеология мемлекет бірлестіктерінің (федерация) негізгі ұстанымы болғандықтан оның құрамына енген республикалар азаматтарының жалпысына бірдей міндетті болды. Қарсы шыққандар мен оған бойұсынбағандар заңмен қудаланып, жазаланды. Марксистік-лениндік болып саналатын идеология Кеңес Одағын құрған тұлғалар мен сол тұлғалардың ұстанған бағыты нәтижесінде пайда болды. Бірақ біз оның барлығын марксизм-ленинизм идеологиясы – Кеңестік Одақ идеологиясы деп аталғанын білеміз. 1917 жылғы революциядан кейін басталды және оның кұрылуына барша кеңес адамдары атсалысты. Кеңестік идеологияның әуелгі бастауы марксизм болса, оған В.И. Ленин шығармаларының біршама бөлігі енгізілді. Сөйтіп ол марксизм-ленинизм идеологиясы деп аталды. Ол өз кезегінде XX ғасырдағы адамзат ойы мен оның жалпы интеллектуалдық деңгейіне пәрменді ықпал еткен құбылыс болды.  

Кеңестік идеология өзін ғылым ретінде қарастырып, оны негізгі үш тарауға жіктеді: 1) диалектикалық материализм (философия); 2) тарихи материализм (социология); 3) коммунистік қоғам туралы білім (оны ғылыми коммунизм деп те атайды). Жаңа қоғамдық құрылым өзегін қалыптастыруды ғылыми- практикалық мәні зор бас идеология ретінде кеңестік идеология өзі сүйенген қайнар көзден өзге деректерді біржақты терістей отырып, балама пікірлерді түбірімен жоққа шығарды. Мұндай біржақтылық жалпы жаратылысты тану, шынайы дүниетаным, қоршаған орта мен оның биофизиологиялық болмысын тануда өрескел қайшылықтар мен теріс тұжырымдар жасауға ұрындырды. Нәтижеде бұл идеология бойынша «Жаратушылық» идеясы негізсіз деп табылып, әлемді жаратушы күш- Құдай феноменін санадан өшіру үшін империяның қисапсыз күш қуаты адам ресурсы мен уақыт жұмсалды. «Дін-апиын» - афоризмі халықтардың санасына күштеп ендірілді. Қоғамдық формациялар өзегіндегі сенім діни сенім өзегінен ажыратылған тұстағы қоғам сенімі табиғи байланыстарынан ажырап, адам психикасы, ойлау жүйесі ортақ мүддеге бағытталған әрекеттерді қолдау бағытындағы тәрбиелік жұмыстар жалаң үгіт-насихатқа ауысты. Платон, Аристотель заманынан жеткен «Жоғарғы күш», «Ғарыштық ес» үлгісіндегі құдайлық идея аяусыз терістелді. Бұл адамзаттың таным - дүние бойынша дәлелді білімдер алуға бағытталған субъектінің шығармашылык қызметі болса, ал діни таным шынайы негізінде болмыстың барынан бөлек ғайбтың жұмбақ құбылыстарды да қоса түйсіну, қиялдау, ақыл-оймен танып білу әрекетін де шектемейді. Сонда ол шартты түрдегі діни таным емес жаратылған әлемді кешенді тану болмақ. Мәселе мерзім аясындағы шарттылық ықпалымен ғана шынайы дүние танудың осы түрін діни атаған. Жаратылыс негізін эволюциялық жетілуге телігендер пікірінің күл талқанын шығарған ғылыми деректер «Діни» хабар – деректерінен әрі асып кете алмай отырғанын мойындауға мәжбүр. Күллі жаратылыстың түрлі сатыларының қай деңгейінде де бұл заңдылық екені мойындалып отыр.

Діни таным ол адамдардың дүниені танудағы діни білімдер жүйесі мен оның өмірде қолдану. Бұдан «осы діни таным мәселесі кеңестік идеологияда қандай орын алды, шектелді немесе сол жүйеде ұсынылған ережелерге сәйкестендірілді ме?» деген сауалдарға жауап іздеу мәселесі туындайды. Осы төңіректе кеңестік идеология мен діни таным жағдайын қараймыз.

Кеңестік идеологияның дін мәселесінде, оның ішінде діни танымға деген көзқарасы атеистік идеологияға негізделді. Кеңес Одағынын конфессиялық өмірінде қатаң құпиялық сақталды. Дінге қатысты құжаттар мен материалдар құпия мұрағаттарда ұсталды. Идеологияның зардабынан тақырыпты жан-жақты зерттеу зарар алды. Мысал ретінде 1920-1940 жылдардағы ислам дініне қарсы бағытталған саясат жүргізу барысында Кеңес Одағының мұсылман халықтары тек дін мәселесінде ғана емес, сонымен қатар, мәдениет, тіл және діл мәселесінде де орасан зор зардап шекті.

Кеңестік идеология тұрғысынан дін мемлекеттен бөлек болатын болса, мемлекет істеріне араласпайтын болса, ондағы атеистік бағыт адамдар сенімінің еркіндігін біржақты шектеді. Ал атеистер терістеп отырған «Дін» сенімнің абсолюттік шегіне де шек қойылған. Діни таным атеистік көзқарас бойынша ғылыми емес таным болды. Ол ардың тұжырымдамасы бойынша ғылыми таным мен діни таным ол екі түрлі нәрсе. Дінмен идеологиялық күрестің тәжірибесі ғылыми принциптер мен партиялық басқарманың ұйымдастыру формаларын құрастырды. КОКП (КПСС) идеологиялық мекемелер мен ұйымдардың қызметін басқарды, сонымен бірге БАҚ-ы мен жергілікті халықтың ұстанған дініне байланысты идеологияның жүргізілуін де қадағалауда ұстап отырды.

Атеистік жұмыстын партиялық басқармасы мәселелеріне ден қойылып, оның жұмысының нәтижелігі БКП (б) Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Тәжікстан және Әзербайжан мемлекеттері Компартиясының XXVI съездерінде талқыланды. Осы идеологняның көрінісі В.И. Ленин жұмыстары мен КОКП шешімдері мен құжаттарына сәйкес атеизмнін наисхатына үлкен мән берілгені болып табылады.

Марксистік-лениндік әдісте діни таным мәселелері атеистік бағыттың зор көлемде насихатталуы жалпы таным мен діни танымның ара қатынасының ақиқаттан алыстағанын көрсетеді. Осындай идеологиянын қысымынан адамдардың діни танымы шындықтан алыстатылды. Ал бізге белгілі, В.И. Ленин мемлекет пен дін арасындағы байланыс турасындағы декрет жобасымен түсіндірілді, оның бастапқы «Ар-ождан бостандығы, шіркеулер мен діни қоғам туралы (О свободе совести, церковных и религиозных обществах)» атын «Шіркеудің мемлекеттен және мектептің шіркеуден бөлінуі (Об отделении церкви от государства и школы от церкви)» атына өзгерткен болатын. Осы декрет бойынша дін тұрасындағы идеология Кеңес Одағы өмір сүрген уақыт аралығында басты әрекет етті.

Діни таным, жалпы алғанда, діндерді танудағы білім, оның негізгі қағидаларын үйрену, күнделікті өмірде қолдану, мәдениеттің бір саласы ретінде қарайтын болсақ, осыған қатысты кеңестік идеологияның, оның негізгі тірек күші большевиктердің «мешіттер мен мавзолейлерді, шіркеулерді қирату керек» атты ұрандары вандализмге жол ашты. Қазақстан жағдайын мысалыға алатын болсақ, 1920-1940 жылдары орын алған дінді дінсіздікпен ауыстырған атеизмнің насихаты нәтижесінде қазақ зиялы қауымын құрбан ету, мешіттер мен медреселердің жаппай жабылуы, имам-ишандарды қудалау жалпылық сипат алды. Мақсат тұрғылықты халықты тұтастай діни таным мәселесінде мешеулеп, атеистік идеологиядан басқа дінге қатысты ешқандай да мәлімет қалдырмауға тырысты. Осыған байланысты М. Қойгелдиевтің 2009 жылы жарық көрген «Сталинизм и репресии в Казахстане 1920-1940-х годов» атты кітабында қазақ ұлты зиялыларының сол жылдарындағы кеңестік идеологиясының репрессиясына, қуғын-сүргініне, ату-асу, өртеу, өлтіру науқанында қалай аяусыз ұшыратылғанын құжаттық негізде ашып көрсеткен. Бұл науқанда мұсылман руханиятының репрессияға кең көлемде  ұшырауы да нақты фактілермен көрсетеді. Үлкен қасіретке ұласқан бұл тарихи оқиға Қазақстан руханияты мен қоғамына, мәдениеті мен дініне тоқырау әкелді, оның ой-сана мен болашақ ғылыми әлеуетінің өсіп-өркендеуіне соның негізіндегі Республика эканомикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайына орны толмас ауыртпалық алып келді. Халық елден босты.

Адамдарың діни танымын шектеу қоғамдық қатынастар мен дүние жаратылысына көзқарас мүмкіндігін мешеуледі. Ғылым әркашан дәлелге сүйенеді, діни таным да адамның ақиқатты тану барысындағы ұмтылысын көрсетеді. Осы жағдайда кеңестік идеологияның бұлағы марксистік-лениндік идеология Р.Занер көзқарасы бойынша әлемдік діндердің көптеген идеяларын алған эклектикалык дін болатын болса, К.Поппердің марксизмде діни элемент бар екендігін жазғанын білеміз. Бұдан біз, кеңестік идеологияның діни-еретикалық насихатының діннен алыстамағанын көреміз. Сондықтанда діни таным ешқашан санадан үзілді-кесілді жоғалып кетпейді. Кеңестік идеологияның өзі адамдардың діни сенімі мен діни танымы әлеуетін айрықша айлакерлікпен өздерінің жасанды дініне құдайсыз дінге айналдыруы  нәтижесінде құрылған деп санаймын.

Кеңестік идеологияның діни элементтері осы идеологияның кейбір жақтаушылары тарапынан мойындалды. Бұл жерде В.И. Ленин тарапынан қатты сынға ұшыраған А. Луначарский мен М. Горькийді айта аламыз. Немесе Н. Хрущевтің КОКП XX съезінде жасаған атақты «О культе личности и его последствиях» атты баяндамасын алсақ та жеткілікті. Онда баяндалған мазмұн Сталин кезеңінің идеологиясын жеке басқа табынушылық деп айыптап, оның діни сипаттамасын көрсетіп берді. Сталин жүргізген идеологияның марксистік-лениндік идеологиядан әлдеқайда қашық екендігін айтты. Міне, осыдан біз Кеңестік идеологияның құрылған күні мен Сталин жүргізген саясаттың арасындағы қайшылық пен ерекшелікті көріп отырмыз.

Кеңестік идеология діни таным мен жалпы танымның тек тамырына кереғар қайшылықтар ендіріп, атеистік тәрбие беруімен дәріптелді. Кеңес Одағы кұрылғаннан бастап патшалық Ресей бодандығы қамытын киген елдер әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени мешеулік - артта қалушылықтан біршама алға жылжыған үдеріске енді. Білім беру мен мәдениет саласында бірқатар өзгерістер болды. Адамдардын психологиясы мен тұрмысы өзгерді. Дүниені танудағы танымы мен діни танымы атеистік ғылым негізінде оқытыла бастады. Мектептер мен ЖОО-ндағы пәндерден Кеңес үкіметі идеологиясы анық көрінді. Кеңес адамдарының діни танымында соңғы жылдары орын алған тағы бір беталыс ол діндерді ғылым ретінде қарастырғаны. Бірақ, бұл қарастырудың түпкі мақсаты атеистік идеологияға діннің сенім әлеуетін қызмет еткізу болатын. Мысалы ислам дінін модернизациялаудағы ғылымның қатысын анықтағанда:

Біріншіден, Ислам ғылымға жау да, қайшы да емес, оның білімдері ғылымды қамтиды, кайнар көздерінде ғылыми жаңалықтар айтылған және адамға таным қабілеті берілген, ал барлық процесс алдын-ала жазылған жолмен келеді. Бұл нұсқа Құран аяттарынан алынған және апологетикалық сипатты.

Екіншіден, Ислам және ғылым — екітүрлі жазықтық, олар бір-біріне қарсы тұруы мүмкін. Бірақ бұл біржағынан дұрыс та, екінші жағынан бұрыс. Себебі ислам мен ғылымның ең басты ұқсастығы онын дәлелді талап етуінде.

Үшіншіден, Ислам өзін мәңгі, абсолютті ақиқаттығына баса көңіл бөлсе, қарастыратын болса, ғылымның акиқаттығы тұрақты емес. Осыдан біз, мынадай тұжырым алуымызға болады: дін және діни таным ғылым ретінде қарастырылса, онын ашық насихатталуы көзделмейді, бұған себеп идеологияның мақсаты адамдардың қоғамды өзгертуіне қатысты діни негіздер мен қағидалардың қарымды қуатынан қорыққандығында. Сондықтанда кеңестік идеологияның діни таным тұрғысындағы негізгі ұстанымына сәйкес секемшіл сенімсіздік пен аса қырағы бақылаушылық Кеңес Одағы көлемінде де және онымен бір бағыттағы көптеген шет мемлекеттерінде ерекше үстемдікке ие болды.

Сонымен «атеистік тәрбиенің жаңа адам құрудағы мақсаты ол экономикалық, әлеуметтік, мәдени және идеологиялык мәселелерді шешу» - деп дәріптейді. Сондықтан кеңестік идеология осы проблемаларды шешуде идеологиялық кадрларға жетекшілік тәртібінің беделді буынын ұстатты. Бұны атеистік жұмыстың әрқашан халық ортасындағы насихаты тоқталмай, еңбекпен қатар қарастырылып, жеке индивидтердің әлеуметтік байланыстарын нығайтумен айналысқанынан кеңестік идеологияның тұзағына ілінген ұлттар мен ұлыстарды олардың ұлттық рухани- әлеуметтік өресінен, діни наным – сенім, дәстүрінен табиғи тілі мен ділінен ажырату арқылы оларды өздері белгілеген халдегі құрылымға қызмет етуге соның құлы болуға мәжбүрледі.

Жетпіс жылдың ішінде кеңес адамдары марксистік-лениндік, сталиндік, кеңестің идеологияның шеңберінде өмір сүрді. Осы кезеңдегі діни таным мәселелері идеологияның қатал саясатынан зардап шекті, тұтастай мәдениеттердің жоқ болуына немесе өзгертілуіне әкелді. Дінсіздік заманы болған бұл атеизм діни танымды өзгеріске ұшыратуы арқылы азаматтардың иман, ар-ождан қалыбына, рухани болмысына, адами құлқы мен келбетіне көлеңке түсіріп «адам болып қалу» мақсатын мансұқтады, оның негізгі мәнін қаз қалпында сақтап қалу қасиетінен айырды.

 

Ақмарал Жүнісова,

ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ


Редакция

Новости Казахстана

Полное воспроизведение или частичное цитирование материалов агентства допускаются только при наличии в первом абзаце гиперссылки на непосредственный адрес материала на сайте ИА «NewTimes.kz». Фото- и видеоматериалы агентства могут быть использованы только с указанием авторства «NewTimes.kz». Использование материалов ИА «NewTimes.kz» в коммерческих целях без письменного разрешения агентства не допускается.

© 2013-2019, «NewTimes.kz». Все права защищены.
Об агентстве. Правила комментирования. Реклама на сайте

Республика Казахстан, 010000
г. Нур-Султан (Астана), К. Сатпаева, 13А
Тел.: 8 (7172) 797820
Email: n.times@mail.ru

Мы в соцсетях

       

Приложения Newtimes для:
iPhoneAndroid

  Яндекс.Метрика