четверг, 25 апреля 2024 г.
icon
443.85
icon
474.3
icon
4.8
Алматы:
icon
19oC
Астана:
icon
4oC
1xadv
×

Ислам және қазақ қоғамы: өткені, бүгіні, ертеңі

Ислам – универсалды дін. Ол тек құлшылық атрибуттарынан ғана тұрмайды. Немесе ол тек мешітке ғана байланып тұрған дін емес. Рас, Исламның негізгі тірегі ол – құлшылық. Ол құлшылық аясындағы кең мағыналы ұғымды білдіреді. Ол жайында Құранда «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым» –дейді (Әз-Зәрият сүресі, 56-аят). Бірақ ол құлшылық белгілі бір уақытты, белгілі бір орынды ғана қамтитын құлшылық емес. Ол құлшылық адамның бүкіл өмірін, тағдырын қамтиды. Яғни, Исламды қандай да бір жасанды түрде шектеушілік ол ешуақытта Исламға алып бармайды. Ислам – біздің ойымызға, қандай да бір іс-әрекеттерімізге бағынбайды. Керісінше біздің бар ой-пікіріміз, іс-әрекеттеріміз, армандарымыз Ислам үкім мен талаптарына үндесіп отыры керек-ақ. Адам баласының өмірі Исламға байлаулы. Исламнан тыс адам баласы ешқандай да бақытқа, жақсылыққа жете алмақ емес. Ислам – адам өмірінің бар тұсына араласа алады. Адам өмірінің, қоғамның бір мәселелерін қарастырып, енді бір мәселелерінде шорқақтық танытатын ол әсте шектеулі дін емес. Бұл арада исламның имманенттік атрибуттары аясында кеңірек баяндауға да болады.

Ислам әжетханаға қалай кіріп шығудың ережесін жасаған, сондай-ақ ол бүкіл қоғамның буырқанған ең айтулы проблемаларын да айна қатесіз шешіп беруге бек қабілетті дін һәм бірден бір дін. Исламның қамтитын мәселелерін қысқаша түрде былай шоғырлы түрде көрсетейік, ол: адам, қоғам, жаратылыс, табиғат құбылыстары, ғылым, экономика, әдеп-этика, өнер, саясат, даналық, құлшылық нормалары т.б. Міне, нағыз Ислам. Оның адамның өміріне (сондай-ақ қоғамның) жаратылуынан бастап, өлген күніне дейін араласпайтын тұсы жоқ. Шын мәнінде адамның өзі Ислам үшін жаратылған, ағайын! Осы мәселенің бәрі түгелдей Исламның екі негізгі бұлағында қамтылады. Ол Құран Кәрім һәм сүннет. Осы екі бұлақты дұрыс ұстанып, соны өзіне басшылық өлшемі ете алған адам, қоғам шын жақсылыққа жетеді. Оны әртүрлі себептермен басшылық ретінде ұстай алмаған адам яки қоғам міндетті түрде глобалды қателіктерге, тоқырауларға, зардаптарға ұшырайды. Ал, Ислам адамдарды зардаптарға ұшыратып, азаптарға салу үшін емес, жер бетінде бүліншілік жасап, қиратуға емес оны бақытқа жеткізу үшін, қараңғыдан жарыққа шығару үшін, уайым қайғыдан, күдіктен, жүрек  тыныштығына, жан рахатына түсіру үшін, өркениетке, мәдениетке жеткізу үшін келген дін. Кімде-кім Исламнан осы нәрселерді таба алмаса, онда Исламды емес өзін кінәләсін. Оған Ислам емес, өзінің надандығы, шектеулі ой пікірі, бейғамдығы кінәлі болуы мүмкін.

Енді өткенге көз жіберейік: тарихқа қарасақ қазақ қоғамының Ислам дінімен терең тамырлас екенін көреміз. Әуелгіде айтатын бір шындық діннен абсалютті түрде бейтарап бірде бір қоғамның жоқтығы. Әрбір қоғамда әр кезде, әр халықта құдай, тағдыр, ахырет өмір, қандай да құлшылық формасы, түбінде бір ақиқатты түрде есеп беру оқиғасының болатыны туралы таным түсініктер болған.

       Сонау Орхон-Енисей ескерткіштерінде VІІ- VІІІ ғасырларда:

                                               Адамның бәрі өлгелі туған

                                               Тағдырды тәңір жасар, - деген даналық жолдар осыған дәлел. Осы екі ауыз сөзде қаншама діни таным түсінік, информация тасқыны жатыр. Дәл осы кезеңдерде біздің ата-бабаларымыз Ислам дінін ұстанған емес-тін. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша ежелгі түріктер бір тәңірлі дінге (монотеизмге) жақын болған. Ислам діні қазақ жеріне сегізінші ғасырдан бастап дендеп ене бастаған. Бұл орайда 751 жылғы Талас соғысының орны ерекше. Шет елдік һәм қазақ тарихшыларының пайымдауында бұл ғазауат соғыс түркілердің Ислам дінін қабылдауында шешуші мәнге ие болған. Бұл соғыста қытай басқыншыларына қарсы түркі һәм араб мұсылмандар бірге соғысқан. Нәтижесінде қытайлық менталитет пен буддизм діні, түркілік менталитет пен Ислам діні алдында тізе бүгіп, оңбай жеңілген.

VІІІ-XІV ғасырлар аралығында қазіргі Қазақстан жерінде көптеген Исламды өзіне бағыт-бағдар ретінде ұстанған мемлекеттер пайда болды. Солардың бірі һәм бірегейі – Қарлұқ қағандығы. Қарлұқтар – Ислам дініне құлай ден қойған алғашқы түріктер болып саналады. Қарлұқ елінде Тараз, Аспара, Құлан, Меркі сынды қалалар бой түзеген. Жалпы, қалалар тізбегі Ыстықкөлден Исфижабқа дейін шамдай жарқырап тізіліп тұрды. Ислам келгеннен кейін жалпы түрік елдері қалалар мекеніне айналған. Қазір кейбір ғалымдар айта беретіндей, олар бет алды көшіп-қонып, жөңкілеп жүрген көшпелілер бола қоймаған. Өйткені, Ислам табиғатында елсіз адырды емес, қалалық мекенді, мәдениетті мақұлдаған. Мәдени деген сөздің өзі араб тілінде қала деген ұғымды береді. Қарлұқ кезеңінде қазақ жерінен әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби шықты. Әбу Насыр Әл-Фараби оныншы ғасырда «Ол алғашқы бастаушы һәм соңғы бітіруші... кез келген зат одан шығады, оның өзіне қайтіп оралады», – деп жазды. Бұл жалғыз Құдай – Аллаһты танушылықтың кемел үлгісі емес деп кім айта алады.

Оныншы ғасырда көреген елбасы Сатұқ Боғырахан Қарахан елінің фундаментін Ислами негізде құрды. 960 жылы Қарахан елі Исламды мемлекеттік дін ретінде қабыл етті. Қарахан дәуірінде Қашқар қаласынан әлемге әйгілі энциклопедис тілші Махмұд Қашқари шықты. Әйгілі ғалым өзінің:«Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде түркілер туралы: «..түріктер көрікті, өңдері ұнамды, жүздері мейірімді, әдепті, үлкендерді құрметтей білетін кішіпейіл, уәделерінде берік тұратын мәрт және сол сияқты көптеген жақсы қасиеттерге ие болған ашық, жарқын жандар», – деп жазды. Бұл жерден біз иманға көндіккен мұсылман түркі бейнесін көре аламыз.

Сол сияқты Хорезм шах (1077-1231) мемлекетін де айтып өтуге болады. Қазіргі Қазақстан жерінде қанат жайған тағы бір үлкен патшалық ол –  Алтын Орда болды(ХІІІ-XVғ.). Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде Алтын Орда туралы:«Берке хан тұсында Алтын Орданың билік басындағы ақсүйектері арасында Ислам діні ене бастады. 1312-1342 жылдары Алтын Орданы билеген Өзбек хан тұсында Ислам діні Алтын Ордада үстем дінге айналды. Өзбек хан Ислам дінін жарлық арқылы жалпыластырды, қазақтың «Өзбектен дін қалды» деген мақалы осыдан шыққан», – дейді.

Атақты «Қисса-сүл-әнбия» еңбегін жазушы Рабғузи осы Алтын Орда кезеңінде өмір сүрген.

Біздің орыс империясының қақпанына түсер алдындағы мемлекеттік шаңырағымыз – Қазақ Ордасы болды. Қазақ Ордасы мемлекеттік құрылым болғанға дейін үлкен тарихи баспалдақтардан өтіп үлгерді.

13 ғасырға дейін Ислам дінінің ықпалымен дамудың жоғарғы деңгейінде болған түркі өркениеті монғол шапқыншылығынан рухани да, материалдық түрде де қатты зардап шекті. Қазақ Ордасы осы рухани-материалдық зардап шеккен өркениеттің мұрагері болды. Зардап шегуші бұл өркениеттің негізгі 2 белгісі мынау:

  1. Діннің әлсіреуі
  2. Отырықшылық қалалық өмірдің көшпелі өмірге ауысуы

Бұдан кейінгі үлкен кезеңді қамтитын  қазақ еліндегі орыс отаршылдығы 1731-1991ж. (260жыл) аралығында болды. Соның 200 жылы екібасты самұрық бейнесіндегі патшалы ресейдің қол астында жүрсе, соңғы 70 жылы орақ пен балға кейпіндегі кеңес үкіметінің зорлығымен жүрді. Патшалы ресей «Бөлшекте де билей бер» әдісімен отарлаудың құйтырқы саясатын ұстанды. Отарлау машинасының ең басты құралының бірі – қазақ елін дінсіздендіру, миссионерлік саясат болды. Орыстың бір жазушысы 1890 жылы бір журналда былай деп жазды: «Равнодушное отношение киргизов к закону Могомета дает возможность заключить что Ислам не проник еще в орду, так сказать, до мозга костей и что киргизская орда с этой стороны быть самою блогородную почвою трудов русских миссионеров».

Миссионерлік жұмыс Романовтар династиясы кезінде де зор қарқынмен жүргізілді.

Кеңес дәуірінде қазақ халқының діни жағдайы патша дәуірінен де мүшкіл, аянышты халде болды. Бұл кезде миссионерлік жұмыс ашық зорлықшыл түрдегі атеистік сипат алды. Соның бір көрінісі бүкіл оқу-білім жүйесіне атейістік-материалистік тар танымның тықпалануы. Ол бәріміздің басымыздан өткен дарвинизм теориясының әлегі. Адамның маймылдан жаратылғаны туралы шып-шылғи өтірік қағида Құран-Кәримге тікелей қарама-қайшы ұғым болатын. Құранның Әр-Рахман сүресінің 14-аятында Аллаһ Тағала: «Ол адамды құмыра секілді құрғақ лайдан жаратты», – дейді. Осы отарлық кезеңдегі ауыр халді Міржақып Дулатов былай суреттейді:

                                         Қазақ жүр мұсылмандық жаласында,

                                         Сайрандап сахараның даласында.

                                         Файда деп күндіз-түні дамылы жоқ,

                                         Ғибадат қылмай хаққа шамасында.

                                         Дегенмен мен мұсылман іс бітпейді,

                                         Бұл күнде жұрттың көбі дін күтпейді.

                                         Қазақша киім киіп сөйлегенмен,

                                         Мойныңнан  парыз уәжіп бір түспейді.

                                         Ортаға жарар еді мешіт салсаң,

                                         Намазды қаза қылмай барып тұрсаң.

                                         Бір ғалым фазыл заттан имам сайлап,

                                         Байларың жәрдем беріп уақыф қылсаң.

                                         Дау десе ұмтылатын сорлы қазақ,

                                         Дін десе шалқаятын болды қазақ.

                                        Мынауың өтірік деп бетке түкір,

                                        Жоқ болса бұл сөзімнің орны қазақ.

                                        Қазақтың көп жерінде мешіті жоқ,

                                        Жоғына себеп болған миссионер поп.

                                        Екінші халықтың өзі ықылассыз,

                                        Не ғылып Исламға ашылсын ход, - дей келе ақын:

                                        Оңбассың бойда жүрсе бұл мінезің,

                                        Теріспе насихатым бұл біл өзің.

                                        Әйтеуір ата-бабам мұсылман деп,

                                        Дүрмекті қоятұғын келді кезің, - деп ой тұжырымдайды.

Отарлық кезеңдегі үлкен бір тұлға, қараңғылық басқан қоғамдағы ел-жұртқа имандылық, елдік, ғылымның жарық сәулесін шашқан ол – Абай (Ибраһим) болды.

Абай:      

Алла мінсіз әуелден пайғамбар хақ,  

Мүмин болсаң үйреніп сен де ұқсап бақ.

Құран рас, Алланың сөзі дүр ол

Тәуиліне жетерлік ғылымның шақ, - деп жар салған еді. Тағы да сол Хакім Абай былай деген еді: «Аллаһ Тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз –  өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды».

Жалпы, отарлық кезеңде қазақ ойшылдарында сыншылдық сарын қатты басым болды. Әсіресе, ХІХ ғасырдың екінші жартысы, ХХ ғасырдың басында. Ол сарын сол кездегі ахуалға сай туған. Сол сыншылдардың басында Абай Хакім тұрды. Абай қазақтың өркениеттен, ғылымнан артта қалғандығын, дінге салғырттығын қатты сынға алды.

Бүгінгі халіміз қандай?

Жарты әлемді билеген қаһарлы кеңес империясы 1991 жылы тарқады. Атеизмнің айтулы ордасы болған империя өз ықпалынан айырылды. Бұл оқиғаны бәлкім Құран Кәримдегі Мұса пайғамбар(Аллаһтың оған сәлемі болсын) Исраил халқын залым патша Ферғауынның шеңгелінен Аллаһ Тағала қолдауымен босатып, Қызыл теңізді қақ жарып алып шығуымен теңеуге болар.

Біз қазақ халқы, Қазақстан елі сондай бір үлкен құлдық қамытынан Аллаһ Тағала көмегімен құтылдық.

Тәуелсіздікті мүмкіндік деп түсіну керек. Аллаһ бізге өз қолымызды өзімізге жеткізіп, үлкен мүмкіндік беріп отыр. Осы тарихи сәтті дұрыс пайдаланып қалу керек. Сонда тәуелсіздік тұғыры беки түспек. Ол тұғырдың мықты болуының үлкен шарты – Аллаһ Тағаланың хақиқат діні Исламға деген біздің көзқарасымыз. Біздің жаңа құрған мемлекетіміздің үлкен сипаты – оның Қазақстан екендігі және ол елдің халқы мұсылман елі екендігі. Осы қағиданы бізден ажырату үшін кеңес елі көп жұмыс жасады. Енді сол зардаптардың орнын толтыруымыз керек.

Тәуелсіздіктің алғашқы тұсында біз көбіне эйфория халінде болдық. Дінге деген 70 жылғы сағыныш біздің тұла бойымызды кернеп тұрды. Соның нәтижесінде көптеген жақсылықтар көрдік, өкінішке орай көптеген мәселелергеде да тап болдық.

Жақсылықтар: дінге кең даңғыл жол ашылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылып, халыққа дін тарату ісіне ұйытқы болып отыр. Бұл жерде бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің де дін үшін жасап жатқан еңбегін айта кету керек. Діни басылымдар жарық көре бастады. Осы орайда «Шапағат-нұр» журналы, «Ислам және өркениет» газеті сынды басылымдар халыққа кең тарағанын айта кету керек.

Атақты ғалымымыз Халифа Алтай қазақ ұлтының тарихында тұңғыш рет Құран Кәримді қазақ тіліне тәржімалап, үлкен игілікті іс атқарды. Бұл біле білсек тәуелсіздік тұсындағы ірі діни-тарихи оқиға болды. Мешіттер самсап салына бастады. Ислам дінінің қасиетті ошағы Мекке қаласындағы Қағбаға тауаф ету үшін қазақстандықтар еркін мүмкіндік алды. Діни оқу орындары, медреселер ашыла бастады. Халық жаппай дінге бет бұра бастады.

Мәселелер: Алайда айтарлықтай өкініштер де жоқ емес, ағайын. Ауруын жасырған өледі. Оларды да жанымызға ауыр тисе де айтпасқа болмас. Тәуелсіздік игілігін дін турасында толық пайдаланып жатырмыз ба? Еркіндік алған елімізге Ислам дінімен қатар Міржақып Дулатов айтқан миссионерлер де селдей қаптап кіре бастады. Халық санының 70% мұсылман елде әп-сәтте жүздеген діни ұйымдар мен ағымдар пайда бола қалды. Әсіресе, солардың ішіндегі иеоговолардың ел ішінде салып жатқан бүлігі айрықша. Ата-бабамыз ғұмырында естіп көрмеген иегово – деген құдайдың атын олар қазақтардың санасына тартынбай, үлкен бір құлшыныспен сіңіріп жатыр. Еңбектері еш болмай, кейбір деректерге қарағанда мыңдаған қаракөз қазақ иегово дініне өтіп кеткені туралы деректер мағлұм болып жатыр. Бұларға бір тыйым болмаса, елге тигізер зардабы орасан зор болмақ.

Рас, Ислам дінінің ішінде де кейбір сыңаржақ ағымдардың өніп-өскені жасырын емес, олар өздерінің ауру ақидаларын елге тықпалап әуре болуда. Бірақ әңгіме Ислам дініне қатысты болғанда үлкен сақтық керек. Кейбір теріс ағымдағы іс-әрекеттерді тыяамыз деп жүріп, хақ Исламға зардап келтіріп алмау жағын да ойлауымыз керек. Мысалы, тәуелсіздік алған тұста шетелдік кейбір теріс ақпараттар нәтижесінде діннен бейхабар халық арасында кейбір біржақты пікірлер пайда болды. Исламды терроризммен байланыстырып, жоқ жерден дұшпан іздеу сарындары байқалып қалып жатты. Нәтижесінде орынды-орынсыз өзара күдік нышандары бой көрсетіп, бұның бәрі халықтың діннен үркуіне себепші болғаны жалған емес. Бұл бізге тиімді емес. Үлкен мәселенің бірі –дін мемлекеттен бөлек деген қағида төңірегінде тұр деп айту керек. Дін мемлекеттен бөлек деген ұғым жалпы алғанда, біздің менталитетімізге сай келе бермейді. Осы түсінік көп жағдайда діннің елімізде кең түрде қанат жаюына біраз кедергі келтіретінін де айтуымыз керек.

Шындап келгенде зайырлы мемлекет деген ұғымды көбіне біржақты түсініп жатамыз. Зайырлы мемлекет болу үшін оның міндетті түрде діннен қатты бөлектенуі шарт емес. Осы орайда ел мойындаған Елбасымыз Н.Назарбаевтың: «Біз-тегіміз –  түрік, дініміз – Ислам екенін ұмытпауымыз керек.Ол үшін қасиетті Құран Кәримді насихаттауды естен шығармауымыз керек», – деген тұжырымды ойын бағыт-бағдар ретінде ала білуіміз керек-ақ.

Ертеңіміз: Бүгінгі қоғамда діннің рөлі күннен-күнге артып келеді. Ол анық көрініп тұрған ақиқат. Осы діннің даму үрдісін қоғамға пайдалы арнаға бұру үшін біраз істерді алдын ала атқару керек. Осы орйда талқыға салу үшін біраз ұсыныстар айтсақ дейміз:

Дінге байланысты қалыптасқан біраз көзқарастарымызды тағы біраз мұқият түрде екшей түсіп, жан-жақты талдау жасау керек.

ХХІ ғасырға аяқ бастық. Мектептерде әлі күнге ғылыми негізге ие емес, атеиістік сарқыншақ болып табылатын дарвинизм теориясы оқытылуда. Бұл теория оқулықтардан алынып тасталу керек. Одан әрі біз батыл түрде мектептерде Исламдық бастапқы әліппе түріндегі түсініктерді беру жағын қарастыруымыз керек. Ресей мектептерінде православие негіздерін оқыту қолға алынуда. Осы үрдіс бізге де оңтайлы болар еді.

Дінге байланысты мемлекеттік үлкен қамқорлық керек. Тіл қандай керек болса, экономика қандай керек болса, дінге деген қамқорлық ол да керек. Дін – стихиялы халықтық көмекті де қабылдайды, сондай-ақ, ресми мемлекеттік әлеуетті көмектерді де жатсынбайды.

Мемлекеттік діни оқу орындары көбейтілуі керек. Мемлекеттік діни баспалар ашылу керек. Арнайы діни студиялар немесе телеканалдар жұмыс жасауы, діни басылымдар шығарылып тұруы керек.

Халық дінге сусап отыр. Мемлекеттің бір міндеті діни қажеттілікті тек бақылап, реттеп отыру ғана емес, оған тікелей қамқорлық та жасап отыруы қажет. Өйткені, шын мәнісінде мемлекет, халық, дін ол –  біртұтас, ажырағысыз  ұғымдар.

Діни басқарманың ұлт, мемлекет өміріндегі алар орны қайта қаралып, оның әлеуеті, заңдық қарымы күшейтілуі тиіс деп санаймыз.

Қазақстанда қазақ титулды ұлт болғаны сияқты, Исламның титулды дін ретінде рәсімделуін ойластыра бастау ләзім.

Прозелетизмді (біреуді арбап, бір діннен бір дінге кіргізуге тырысушылық) тыюды дін туралы заңға бап ретінде енгізу қажет.   

Ақжол Қалшабек М.Әуезов атындағы

ОҚМУ университетінің доценті

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0