Неміс мәдениеті фестивалін өткізу үшін Төлеби ауданы текке таңдалмапты. Облыстық неміс мәдени бірлестігінің ең белсенді мүшелері осы жақта тұрады, жұмыс істейді. Неміс тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін үйрету, Германиядағы замандастарымен хат алысуды ұйымдастыру, концерттер мен көрмелер – бірлестіктің Төлеби аудандық филиалы атқаратын жұмыстың бір бөлігі ғана. Бұл жолы олар облыстағы немістерді қонаққа шақырып, дәмді тағамдармен қарсы алды.
Фестивальға келушілер Леңгірдегі «Жаңа толқын» жастар клубы мен кентаулық «Рапсодия» би клубы мүшелерінің биіне тәнті болды.
«Біздің мемлекетте түрлі этнос өкілдерінің өз мәдениеті мен тілін сақтауына тамаша мүмкіндіктер жасалған. Биыл 20 жылдығын тойлап отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық қарым-қатынасты, төзімділік пен бейбітшілікті нығайтуда керемет институт. Мұндай институт әлемде жоқ. Біздің мақсатымыз – тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне атсалысу» - дейді ОҚО неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы И.Бахман.
Оңтүстік Қазақстанда жүздеген неміс халқының өкілдері тұрады.