Жиында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының этносаралық қатынас саласының ахуалдық мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Ғалымжан Өтен мен этномәдени бірлестікпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Ербас Өтегенов ел ішіндегі ынтымақ пен бірлік жайында мәнді де мағыналы әңгіме өрбітті.
Кентау қалалық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Хашим Абдуалиев көп ұлтты мемлекеттің даму болашағының бір көзі – Қазақстан халықтарының бірлігі және осыған сай Қазақстан сияқты жас мемлекеттің өркендеуінің бір кепілі еліміздегі ынтымақтастық пен бейбіт өмір екендігін атап өтсе, татар-башқұрт этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Флюра Рахимжанова қазақ елінде көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында бір атаның балаларындай тату-тәтті өмір сүріп отырғандығын жеткізді.
– Халқымыз достық, ынтымақтастыққа ерекше мән берген. Мемлекеттің мемлекет болуы – бірлікте. Ал бірлік дегенің – халық салты. Елдігіміздің ел болып еңсе түзегеннен бергі қанға сіңген осы берік бірлігі, ұйымшылдығы, басқа халықтармен одақтасып, достаса білуі жеңістен жеңіске жеткізіп келеді. Оған халық пен талайды өткерген тарихымыз куә! – деді ол.
Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған шағын бейнеролик көрсетілді.