Соңғы 5 жыл ішінде Қызылорда облысының экономикасына 1,5 трлн теңге инвестиция тартылды, 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, өңдеу өнеркәсібінде 600 млрд теңгенің, ал, ауыл шаруашылығында 500 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Құрылыс саласында 500 млрд теңгенің жұмыстары атқарылды. Осы кезең ішінде 65 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, оның 55 мыңға жуығы — тұрақты жұмыс орындары. Бұл туралы Парламенттік тыңдауда Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов мәлімдеді.
«Индустрия саласында соңғы 5 жыл ішінде 90 жуық өндіріс орындары ашылып, 1 мың 800-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Нәтижесінде, өңірімізде аммоний метаванадаты, тампонажды цемент, әк тас, шыны пластикалық құбырлар, жер асты су құбырлары және резеңке ұнтақтар, мақсары майы, жүгері шырыны, ерлер жейдесі, қарулы күштерге арнайы киімдер сияқты жаңа өнім түрлері игеру қолға алынды», — деді Бақыт Жаханов.
Ағымдағы жылы тау кен өндірісін дамыту мақсатында «Талап» қорғасын-мырыш кен орнын және «Ақ еспе» титан – цирконий кен орнын барлау жұмыстары басталатын болады. Сонымен қатар, әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнының жұмысы қайта жанданады деп жоспарлануда. «Шалқия» 6,5 млн. тонна мырыш қоры бар көлеміне қарай әлемдегі 5-ші кен орны болып табылады. Бұл кен орнын игеру компания үшін мырыш нарығында ірі қатысушыға айналуына, сондай-ақ, кең көлемде қорғасын өндіруге мүмкіндік бермек.
Бақыт Жахановтың айтауынша, индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы өңірдің өңдеуші өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін берді. Нәтижесінде, аталған бағдарлама аясында 26 өндіріс іске қосылған.
Ал, 2018 жылдың желтоқсан айында іске қосылған тампонажды цемент өндіретін зауыты бүгінде цементтің 6 түрін шығаруда, 2019 жылдың шілдесінен бері экспортталуда. 2020 жылы құны 408 млрд.теңгеден асатын тағы 10 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Олардың қатарында Шыны зауыты да бар.
«Шыны зауыты бойынша жұмыстар ерекше бақылауда. Мердігер компания «Чайна триумф» ағымдағы жылдың мамыр айында құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға, маусымда пешті қыздыруды, ал, шілдеде — зауытты іске қосуға жұмыс істеуде», — деді облыс әкімінің орынбасары Бақыт Дүйсенұлы.
Ағымдағы жылы кварц құмын байыту бойынша тау кен комбинатының бірінші желісін, сонымен қатар, жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын іске қосуды және ет комбинатының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Одан бөлек, түйе сүтінен жасалған құрғақ ұнтақ шығару және жоғары қысымды шыны пластикалық желілік және сорғы компрессорлық құбырлар өндірістері құрылыстары басталатын болады. Айта кету керек, сондай-ақ, биыл Арал қаласында жылына 120 мың тонна ас тұзын өндіретін үшінші испан цехының және еліміздегі алғашқы кальцийленген сода өндіру зауытының құрылыстары басталатын болады.
Парламенттік тыңдауда Агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы айтылды. Ауылшаруашылық саласына соңғы бес жылдың өзінде тартылған инвестициялар көлемі $19 млн дейін өскен. Аймақта жоспарға сәйкес 2022 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,6 есе, ал, оның экспортын 2,5 есеге арттыру қарастырылуда.