Қызылордада «Бастау» жобасына қабылдау жүріп жатыр

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы «Бастау» жобасы бойынша оқыту курсының алтыншы легіне білім алушыларды қабылдайды. Курсқа қабылдану үшін арнайы тестілеу өткізіледі. Аталған жоба қала, аудан тұрғындарын кәсіпкерлік дағдыларына оқытуға бағытталған. Жоба нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы нарықтың қажеттілігін есепке ала отырып, сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы мамандарды қысқа мерзімді кәсіптік оқуды мақсат етеді.

Осы орайда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 18 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыссыз азаматтарды, өз кәсібін ашқысы келетін жұмыссыздарды, сонымен қатар, бизнесті кеңейтуге мүдделі, жұмыс істейтін кәсіпкерлерді (3 жылға дейінгі мерзімде) оқуға шақырады.

Бүгінге дейін кәсіпкерлер палатасы оқыту жобасы бойынша білім алушыларды оқытып, кеңес беріп келеді. Осы жоба аясында курстан өтіп, өз кәсібін ашуды көздеп жүрген жас маман Гүлфариза Қонысбекова жоба туралы пікірін білдірді.

«Бұл курсқа қатысу арқылы бизнеске қатысты білімімнің жетіспейтінін байқадым. Қандай да бір кәсіпті бастау үшін сол саланың қыр-сырын білу қажет. Мен «Бастау» жобасына қатысу арқылы бизнеспен байланысты дүниелерді игере бастадым. Осы жоба бойынша алған білімімді тәжірибе жүзінде қолданып, өз кәсібімді ашсам деп жоспарлап жүрмін», - дейді ол.

«Бастау» жобасына қатысу үшін тестілеуден өту қажет. Сынақ нәтижесі бойынша топқа іріктеу жүргізіледі. Жобаға қабылдау ағымдағы жылдың 4-5 қараша күндері өтеді.