Қызылордада «Мейірімділік жүректен» қайырымдылық акциясы өтті

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің инженерлі-технологиялық институты Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Мейірімділік жүректен» атты қайырымдылық акциясын өткізді. Қайырымдылық шарасы облыстық балаларды оңалту орталығында өтті. Шара балалардың денсаулығын оңалту жұмыстарымен айналысатын мекеменің тәрбиеші-педагогтары мен қызметкерлеріне қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

Қайырымдылық акциясына инженерлі-технологиялық институтының басшылығы мен оқытушылары және студенттер қатысты. Шара барысында студент-жастар орталық балаларына арнап концерттік бағдарламаларын ұсынды.

«Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Адамдар бір-біріне мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Асыл қасиеттерді жастардың бойына сіңіру мақсатында мұндай шараларды жиі өткізіп тұрған абзал. Қаламыздағы балаларды оңалту орталығының жас жеткіншектерімен кездесіп, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін осындай қайырымдылық акциясын өткізуді қолға алдық. Балалардың қуанған жүзін көрудің өзі керемет әсерлі», - дейді ұйымдастырушылар.

 Шара соңында балаларға арнайы дайындалған сыйлықтар берілді. Сонымен қатар, институт атынан оңалту орталығының жұмысына қажетті құрал-жабдықтар табысталды. Балаларды оңалту орталығының басшысы Ж.Т.Ахметов қайырымдылық акциясын ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, оқу ордасының оқытушылары мен студенттеріне сәттілік тіледі.