Қызылордадағы азық-түлік бағасы басты назарда

Бүгін Қызылордада өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өңірдегі азық-түлік ахуалына байланысты баспасөз конференциясы өтті. Қазіргі таңда облыстық тұрақтандыру қорында 1 219,9 тонна өнім бар. Сауда ұйымдары мен қоймаларда, аймақтағы 26 әлеуметтік маңызы бар дүкендерде азық-түлік тапшылығы болмайды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сейілбек Серғазыұлы мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта валюта бағамының құбылуына, мұнай бағасының өзгеруіне, және әлемде коронавирус індетінің таралуына байланысты азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Сонымен қатар, қажетті қор жинау мақсатында бюджеттен арнайы қаржы қарастырылды. Оған қоса қосымша 3,5 мың тонна өнімді сатып алу шаралары жүргізілу үстінде», — деді Сейілбек Серғазыұлы.

Баспасөз конференциясы барысында сала мамандары шамамен 2 мын тонна болатын заманауи көкөніс сақтау қоймасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетінін атап өтті.

Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарық бағасынан төмен бағада сатылуда. Облыстың барлық ауданында тұрақтандыру қорының өнімдерін автокөлік үстінен сату жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Азық-түлік бағасы жыл басынан бері бақылауға алынды. Сондай-ақ, азық-түлік өнімдерін өндіру  жұмысы тоқтатылмайды. Осыған орай ұзақ мерзімге жеткілікті тұрақты қор бар екендігін де жеткізді.