Сыр өңірінде коронавирустық инфекцияның таралуы қарқын алып барады. Осы орайда бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақ тұрғындарына отбасылық жиындарды мүлдем өткізбей, карантин талаптарын қатаң сақтау керектігін айтты. Сонымен қатар, аймақта атқарылатын бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.
«Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдеме жасады. Ең алдымен шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында бұрын-соңды болмаған шаралар қолға алынатын болды. Менің ойымша бұл – экономикамыздың қозғаушы күші саналатын сала өкілдеріне деген бірегей мүмкіндік. Сондай-ақ, президент ақ халатты абзал жандардың қызметіне құрметпен қарауға шақырды. Осы мақсатта, дәрігерлер мен медицина мамандарына үш ай бойы қосымша үстемақы төленетінін айтты. Аграрлық аймақ саналатын Сыр өңірінің де еңбеккерлері осындай қолдауға ие болады. Сала кәсіпкерлерінің қаржылық институттар арқылы жеңілдетілген несие алуына мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар, дизель отынының нарықтық бағасы 15 процентке арзандатылып, жеңілдікпен бағамен жеткізіледі», — деді аймақ басшысы.
Мемлекет тарапынан аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың азық-түлік, тұрмыстық заттармен қамтамасыз етілетіндігі туралы мемлекет басшысы кешегі мәлімдемесінде айтып өткен болатын. Осыған сәйкес облыстағы барлық деңгейдегі әкімдер президент тапсырмасын жүзеге асыруы қажет екенін, облыстық әкімдік тиісті шешімдер қабылдайтынын атап өтті Гүлшара Әбдіқалықова. Сөз соңында облыс әкімі Сыр жұртшылығының бұл қиындықты еңсеретініне сенім білдірді.
«Әлемде коронавирус індетінің таралып, жаһандық экономика дамуының бәсеңсуі салдарынан инфляциялық процеске тосқауыл қою қиын болып отыр. Осыған байланысты мемлекет басшысы зейнетақы және мемлекеттік жәрдемақы төлемдерін, сондай-ақ, арнаулы әлеуметтік көмек мөлшерін қайта қарауды міндеттеді. Мемлекет аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шеутеулі азаматтардың жағдайын да ескеріп, тұрмысқа қажетті заттар және азық-түлікпен толық қамтамасыз етеді. Облыстағы барлық деңгейдегі әкімдер президент тапсырмасын жүзеге асыруы тиіс. Облыстық әкімдік тиісті шешімдер қабылдайтын болады. Сыр жұртшылығы бұл қиындықты да еңсереді. Біз біргеміз», — деді Гүлшара Әбдіқалықова.