Қызылорда облысы бойынша 63 мыңнан астам азамат әлеуметтік төлем ала алады. Олардың басым бөлігі – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Бұл туралы бүгін Қызылордада өткен онлайн баспасөз конференциясы барысында айтылды.
«Президент тапсырмасына сәйкес төтенше жағдай кезінде жұмысын тоқтатқан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шаралары енгізілді. Әлеуметтік көмек алатындар санатына шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері, карантин енгізілген елді мекендердегі ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысшылары, дара кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, бірыңғай жиынтық төлем төлеуші тұлғалар, келісімшартпен жұмыс істейтін салық бойынша міндетті жарналарын төлеген жеке тұлғалар жатады», — деді Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Төлем алу үшін азаматтар сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуы тиіс. Облыста 40 мыңнан астам азамат былтырдан бері бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер санатына жатады. Осы кезге дейін өздерін жұмыспен қамтамасыз етіп келген, бірақ жұмысын заңдастырмаған азаматтар аталған жиынтық төлемді «Халық банкі», «Forte bank» «Jusan bankі», «Bank center credit», «Каспи» банктерінің мобильді қосымшаларының көмегімен төлеу арқылы әлеуметтік қолдауға өтініш беруіне болады. Жиынтық төлем мөлшері — 2651 теңгені құрайды.
«Халыққа ыңғайлы болу үшін құжат тапсыруға арналған электронды қосымша мен телеграм каналы бойынша бот дайындалуда. Арнайы қосымшаларды дайындау үшін бірнеше күн уақыт кетеді. Себебі, қауіпсіздік шаралары басты назарда болуы керек. Бүгінде халықтың басым бөлігі egov.kz үкімет порталының көмегіне жүгінгендіктен, сайттың ашылуы жағынан уақытша мәселелер туындап отыр. Сондықтан, осы жағдайға байыппен қараған жөн», — деді Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Айдын Қайруллаев.
Талғат Дүйсебаев айтуынша, мұқтаж азаматтарды азық-түлікпен, тұрмыстық қажетті заттармен қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік көмектер беру туралы тапсырма берілді. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап үйінде 1-6 жас аралығындағы балалары бар отбасыларға арнайы кепілдендірілген пакет ұсынылып келеді. Оған азық-түлік және жеке гигиенаға арналған жабдықтар кіреді. Төтенше жағдайға байланысты аталған көмекті алушылардың тізімі кеңейтіліп, 6 жас пен 18 жасқа дейінгі балаларға қажетті заттарын беру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Ал, қазіргі елдегі ахуалға байланысты адамдар арасында қарым-қатынас болмауы үшін заттай ұсынылатын көмекті ақшалай беру жағы ұйымдастырылуда.
Облыс бойынша мұндай көмек алатын балалар саны — 16 586. 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар — 4 409, сонымен қатар, 30 мыңға жуық 1,2,3,4 санаттағы мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Мүгедек балаларға қараушылар 5 647, жұмыспен қамту орталығына тіркелген, ресми түрде жұмыссыз адамдар саны — 9 964. Бүгінде азық-түлікпен қамтылу тізімі бойынша 58 463 адам нақтыланып отыр.
Мамандардың айтуынша, жоғарыда аталған әлеуметтік көмекті ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында алып келген азаматтар екінші тоқсанда автоматты түрде сол көмекті ала береді. Ал, бірінші рет өтініш берген азаматтарға учаскелік комиссия байланыс құралдары арқылы хабарласып, тексеріс жүргізеді. Төтенше жағдай кезінде тұрғындардың сауалдарына жауап беру мақсатында арнайы call-орталықтар іске қосылған.
Төтенше жағдай орын алған мерзімге дейін жұмыстан шығып қалған азаматтар жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз деген статус алу арқылы әлеуметтік төлемге өтініш бере алатынын жеткізді «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның Қызылорда облысының филиалы директоры Гүлсім Денеева. Бүгінде egov.kz үкімет порталына бір реттік парольмен кіру мүмкіндігі жасалып, азаматтар үшін қызмет көрсету түрі оңтайландырылған. Яғни, азаматтар бұрынғыдай арызды жүктемей-ақ, ЖСН номері және қай күннен бастап ақысыз еңбек демалысына жіберілгендігі жөнінде мәлімет берсе жеткілікті.
Фото: abai.kz