12 мыңнан астам Сырбойылық оқушылар карантин кезеңінде компьютермен қамтамасыз етілді

Қызылорда облысының 293 мектебінде білім алатын 161 779 оқушы 6 сәуірден бастап қашықтан оқыту форматы бойынша білім алуды бастады. Қашықтан оқытуға кіріспестен бұрын оқушылардың электронды құрылғылармен және интернет, мобильді интернет байланысымен қамтылуы бойынша мониторинг жүргізілді. Осыған орай электронды құрылғылар жетіспейтін отбасыларға мектеп балансындағы компьютерлер уақытша пайдаланылуға берілді. Атап айтқанда, облыстағы 12 009 оқушы қажетті компьютерлермен қамтамасыз етілді.

Қызылорда облыстық білім басқармасының мәліметінше аймақта 8 497 оқушының үй жағдайында интернет желісіне, мобильді интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ. Осы жағдайды ескере отырып, телеарналардың таралым мүмкіндіктеріне қарай облыста қашықтан оқыту Білім және ғылым министрлігі белгіленген тәсілдер арқылы жүргізілуде. Оқушылар «Балапан», «Еларна» телеарналарынан көрсетілетін сабақтарды қарайды. Сонымен қатар, дүйсенбі-жұма аралығында жергілікті уақыт бойынша сағат 13.20-ден 15.00-ге дейін аймақтағы «Қазақстан-Қызылорда», «Қоғам ТВ» телеарналары арқылы бастауыш сыныптардың сабақтары қайталанып көрсетілуде.

«Kundelik.kz», «BilimLand», «Daryn.Online» платформалары арқылы 71 254 оқушы қамтылды. Бұл тәсіл бойынша Қызылорда қаласы мен аудан орталықтары және оған жақын орналасқан елді мекендердің оқушылары білім алып жатыр. Аталған платформалардан оқушылар телеарналар арқылы берілетін сабақтарды қосымша көруіне толық мүмкіндігі бар.  Қашықтан оқыту тәсілдері бойынша мұғалім мен оқушылар арасындағы кері байланыс электронды пошта, электронды күнделік, WhatsApp мессенджері, ұялы және стационарлық телефон арқылы жүргізіліп жатыр. Электронды күнделікті қолдануға мүмкіндік болмаған жағдайда ұстаздарға қағаз журнал пайдалануға рұқсат етілген», — дейді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Абай Тағыберген.

Облыс бойынша интернеті және ұялы байланысы жоқ   25 шалғай елді мекенде 2 646 оқушы білім алады. Алайда, сол аймақтардағы оқушылардың «Балапан» арнасындағы телесабақтар арқылы білім алуына мүмкіндігі бар.

«Оқушыларға тапсырмаларды жеткізу және орындалған жұмыстарды қайта жинау Білім және ғылым министрлігінің №123 бұйрығына сәйкес мектептер тарапынан ұйымдастырылған. Облыс көлемінде оқушы саны 80-ге дейінгі шағын  22 мектеп бар. Онда 1 813 бала білім алады. Аталған мектеп оқушылары телеарнадан көрсетілетін сабақтар арқылы қашықтан оқытылуда. Ал, педагогтар өз тарапынан оқушыларға икемді сабақ жоспарларын дайындап, оқу тапсырмаларын жеңілдетілген түрде жүргізіп келеді», — деді Абай Тағыберген.