Бүгін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Әбжәлиұлы Ахмет Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдірауық Сатыбалдиевтің шаңырағына барып, ардагерді Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңістің 75 жылдығына арналған арнайы құттықтауын табыстады. Сонымен бірге майдангерге облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың мерекелік құттықтауын жеткізіп, ілтипат білдірді.
Әбдірауық Сатыбалдиев 1925 жылдың 1 қазанында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. Ардагер Саратов қаласындағы командирлер дайындайтын үш айлық курсқа қабылданып, сержант шенін алып шыққаннан кейін, 361-ші дивизия құрамында Ленинград қаласын блокададан шығару соғысына қатысқан.
Ардагер Мәскеу университетінің статистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, экономист мамандығын бітіреді. Кейіннен табаны күректей 37 жыл Қармақшы аудандық статистика басқармасын басқарып, жауапты әрі абыройлы қызмет атқарады. Әр жылдары атқарған елеулі еңбектері бағаланып, түрлі марапат мінберінен көрініп, абыройлы еңбек еткен. Қаржы саласындағы елеулі еңбегі бүгінгі жас буынға үлгі өнеге.
Бүгінгі күні 3 ұл-қыз тәрбиелеп, 12 немере және 2 шөбере сүйіп, бақытқа кенелуде.