Қызылордалық ардагерлерді Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады

Облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов жане облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Сыр елінің ардагерлеріне Қазақстан Республикасы Президенті Қ.-Ж. К.Тоқаевтың құттықтауы жеткізілді.

Әкімдік өкілдері құттықтаған ардагерлердің арасында — Төлеген Жүнісов. Ол 1921 жылғы 20 желтоқсанда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Жаңарық ауылында дүниеге келген. 1942 жылы қызыл әскер қатарына қабылданып, кіші командирлер дайындайтын курста білім алады. Украинада 688 атқыштар полкінде ұрыста қатысқан. Украинаны жаудан азат ету жолында ерліктің ерекше үлгісін көрсетеді. Берлинге дейін жеткен майдангер жеңістен кейін елге қайтарылмай Берлинде қалып, қала маңында «патрульдік» қызмет атқарады. 1946 жылы елге оралған соң Теміржол саласында жол монтері болады. 1983 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясында еңбек етеді.

Жауынгерлік ерлігі үшін майдангер «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін»,  «КСРО қарулы күштеріне — 60 жыл», «КСРО қарулы күштеріне — 70 жыл» және бейбіт күндерде «Еңбек ардагері», «Астанаға — 10 жыл» және тағы басқа медальдарымен марапатталған.

Наурызбай Байқадамов Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеген Жүнісовке облыс әкімі Г. Әбдіқалықованың мерекелік құттықтауын табыстап, отбасына арнайы лебіздерін білдірді.

Жеңіс мерекесі күні облыс әкімі аппаратының басшысы Е. Райғаниев ҰОС ардагері Любовь Сергеевнаның Колесник шаңырағында болып, облыс әкімі Г. Әбдіқалықованың мерекелік құттықтауын табыстады. Ардагері 1925 жылғы 4 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында әскери қызметшілер отбасында дүниеге келген. Жұбайы Николай Севастьянович Колесник те соғыс ардагері. Жергілікті медициналық техникумда оқып, кәмелет жасқа толысымен 1944 жылы әскер қатарына шақырылған. Соғыс кезінде Белорусь фронтының дала госпиталінде медбике қызметін атқарып, ержүрек батылдығымен көзге түскен. Соғыс аяқталған соң госпитальда жұмыс жасады. 1945 жылдың қыркүйегінде елге оралып, сол жылы Қызылорда қаласындағы локомотив депо медпунктіне фельдшер болып жұмысқа орналасты. Осы қызметтен зейнетке шыққан.

Айтап кетейік, Ұлы Отан соғысына қатысқан 16 қарияға біржолғы материалдық көмек ретінде 1 млн 111 мың теңгеден берілді. Тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін КСРО ордендерімен, медальдарымен марапатталғандарға — 183 мың теңге, тылда кемінде жарты жыл жұмыс істегендерге, қайтыс болған соғыс мүгедектерi мен оларға теңестiрiлген мүгедектердiң әйелдерiне немесе күйеулерiне 100 мың теңгеден табысталды.