Қызылордадағы жылыжайлар жергілікті халықтың игілігіне жарап тұр

Сыр елiнде ондаған жылыжай кешені жұмыс істеп тұр. Мысалы, бүгінде Қызылорда қаласында 10 жылыжай жұмыс істеуде. Махамбет ауылында орналасқан «КазАгроМир» ЖШС автоматтандырылған жылыжай кешенінің жалпы құны 1 млрд 129 млн теңгені құрайды. Аумағы – 2 гектарды құрайтын жылыжай ішкі нарықты қиярмен қамтамасыз етіп келеді.

Жылыжайдағы жұмысшылар орта есеппен тәулігіне 5-6 тонна өнім жинайды. Жиналған өнім қала маңында орналасқан сауда дүкендеріне төмен бағамен өткізіледі. Испандық заманауи технологиямен жабдықталған жылыжай кешені электр жарығымен, сумен қамтамасыз етілген. Онда 40 адам тұрақты еңбек етеді. Алдағы уақытта өнім көлемін күніне 10 тоннаға дейін, жылына 1000 тоннаға дейін ұлғайту арқылы  баклажан, қызанақ, болгар бұрышын да қатар өсіруді жоспарлап отыр.Өткен жылдың аяғында қолдануға берілген жылыжай кешені мемлекеттік жобалардың қолдауы бойынша жүзеге асырылды.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінде жеке кәсіпкердің «Натишаева» атты жылыжай кешені жұмыс жасап жатыр. Бүгінде аумағы 1 гектар болатын 8 шағын жылыжай қияр мен қызанақ өсіріп отыр.

Алдағы жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша тағы 2 гектар аумаққа жылыжай кешенін салу жоспарға қойылған. Оңтүстік Кореяның озық технологиясы бойынша іске асатын  жобаның құны 800 млн теңге болмақ. Осы орайда қалаға қарасты «МТС Ас Агро» ЖШС жобаны қаржыландыру үшін ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау институттары бойынша жұмыс жүргізу үстінде.