Қызылордадағы ХҚКО қызметкерлері зейнеткерлердің үйлеріне барып құжат рәсімдеп жатыр

Бүгінде төтенше жағдай кезінде жеке басын куәландыратын құжаттарының мерзімі өткен Қызылорда облысының азаматтарының құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде облыстағы зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету мақсатында ХҚКО қызметкерлері олардың үйлеріне барып, құжаттарын рәсімдеп беру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Оқшаулау кезеңінде Қызылорда облысында 9 мыңнан астам азаматтың куәліктерінің мерзімі аяқталған. Жеке куәлік мерзімі карантин уақытында өтіп кеткен жағдайда 10 шілдеге дейін ауыстыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, олардың ешқайсысына ішкі істер органдары айыппұл салмайтынын айта кету керек.

Айта кетейiк, халыққа қызмет көрсету орталығы өз жұмысын жаңа форматта бастауда. 

«Азаматтар ХҚО-дан тек «қағаз жүзіндегі», электронды форматта қолжетімсіз және egov.kz порталында онлайн түрде рәсімделген қызметтердің нәтижелерін ғана алады. Және де халыққа қызмет көрсету орталығына бару үшін 1414 байланыс орталығы, egov.kz сайтындағы арнайы сервисі немесе TelegramBot қосымшасы арқылы кезек уақытын алдына ала брондау қажет. Алдын ала жазылусыз ХҚО-ларда ешқандай қызмет көрсетілмейді», — деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаев.

Айта кетейік, бұл жаңашылдықтар тек қалалық халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына ғана қатысты. Ал аудандық маңызы бар қалаларда, сондай-ақ аудан орталықтарында орналасқан бөлімдерде келушілердің ағыны қалаға қарағанда айтарлықтай аз болуына байланысты өзгеріссіз жұмыс істейтін болады.