Елімізде болған төтенше жағдайға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша отандастарымызды уақытты тиімді өткізу үшін «Қандай кітап оқып жатырсыз?» атты челленджін бастаған болатын. Бүгінде барша қазақстандықтар бұл эстафетаны зор ықыласпен қабылдап бір-біріне жолдауда.
Осы орайда Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аталмыш марафоннан қалыс қалмай өз сүйікті кітабын барша қызылордалықтарға жария етті.
«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы кітап оқу челенджін маған жолдаған еді. Зор құрметпен қабыл алдым және әрдайым қайталап оқып жүретін маңызды кітабымды өздеріңізбен бөліспекпін. Ол - «Әлемнің екінші ұстазы» атанған, ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» трактаты», —деп жазды Гүлшара Әбдіқалықова өзінің Facebook парақшасында.
Қызылорда облысының әкімі атап айтқандай, Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет», - деген болатын.
«Осы орайда тарих пен бүгініміздің және жарқын болашағымыздың көкжиегін сабақтастыра білуіміз маңызды», — дейді әкім.
Сонымен қатар, Гүлшара Әбдіқалықова өз жазбасында биыл елімізде әл-Фарабидің 1 150 жылдығы аталатынын еске салды.
«Әл-Фараби бабамыздың жоғарыда айтылған еңбегінен оның идеалды қоғам жасауға ұсынысын көреміз. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатымен үндес келеді», — деп жазды ол.
«Трактатта ғалым «қайырымды қалаға» былайша сипаттама береді: «Адамдардың бірлесуінің мақсаты шынайы бақытқа жету істерінде өзара көмек көрсететін қала, қайырымды қала болып табылады және бақытқа жету мақсатында адамдар бір-біріне көмек көрсететін қоғам, қайырымды қоғам болып табылады. Данышпан ізгілікті қоғамды қалай-билеу керек, оның бөлшектері туралы, әділ билеудің әдістері мен билеушінің қабілеті, белгісі, негізгі шарттары жайлы пайымдайды», — атап өтті Гүлшара Әбдіқалықова.
«Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің қоғамды қалыптастыру, мемлекетті басқару, адамзатты ізгілікке тәрбиелеу сияқты жазбалары мен ұстанымдары 11 ғасыр өтсе де бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Осы дүниелерді жаңғырту арқылы, жоғарыда айтқан жарқын болашаққа қарай нық қадам басуға тиіспіз», — деді ол.
Сөз соңында Қызылорда облысының әкімі «Қандай кітап оқып жатырсыз?» челленджін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевқа, белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеевке және Әлемнің төрт дүркін чемпионы, ауыр атлет Илья Ильинге жолдады.