Маңғыстау жұмыссыздықпен күресу үшін 17 жобаны іске асырмақшы

Маңғыстауда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 17 жоба жүзеге асады. Бұл туралы өңірлік қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте аудан әкімінің орынбасары Талғат Қылаңов мәлімдеді.

Фото: egemen.kz

Аталған инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың жедел мониторингі бекітіліп, тендер жарияланған. 15 мердігер мекемемен аудан әкімдігі келісімшартқа отырды.

17 жобаның 15-і жергілікті, екеуі республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Әр жобаға аясында құрылатын жұмыс орындарының 50 пайызына дейін жұмыссыз тұрғындарға жолдама беру керектігі келісімшартта көрсетілген.

«Осыған орай біздің ауданға қарасты әр ауыл әкімдіктерінен тұрақты табыс көзі жоқ азаматтардың тізімі жасалып, бригада ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта 17 жобаның 15-ін жүзеге асыру қолға алынды. Жоспар бойынша 599 жұмыс орны құрылады. Оның ішінде 299 орынға жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамту орталығы арқылы алынуда. Күні бүгінде 265 адам жолдама алып, жалпы саны 586 тұрғын жұмысқа қабылданды», —  деді Т. Қылаңов.

Енді кезекте әр жобаға тоқталсақ. Сай Өтес ауылының Толыбай көшесі автожолының құрылысын «Ақжол Құрылыс» серіктестігі тендерден жеіп алды. Жоба құны 509 млн 693 мың теңге. Ашылған жұмыс орны 70 орын. Оның ішінде жұмыспен қамту арқылы жолдама алған адам саны - 39.

Осы мекеме Сай-Өтес станциясында теміржол арқылы өтетін жаяу жүргінші көпірінің де құрылысын жүргізеді. 56 млн 952 мың теңгеге бағаланған жоба аясына 14 жұмыс орны ашылуы тиіс.

«Шетпе-Қызан арқылы 12,988 шақырымдық автожолының көпірін «Design School» серіктестігі жөндейді. 117 млн 339 мың теңгелік жоба аясында 30 жұмыс орны құрылады. Шетпе ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жасауға «Абат» серіктестігі жауапты. Бөлінген 240 млн 800 мың теңгенінің 74 млндайы игерілді. 36 жұмыс орны ашылды. Шайыр ауылдық Т.Жалғасбайұлы атындағы мектепке ағымдағы жөндеу жасауға да осы мекеме 105 млн теңгелік жобаны жеңіп алды. Мұнда көзделгені 15 орын, оның ішінде жұмыспен қамту арқылы 7 адам жолдама алды», — дейді Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары.

Жыңғылды ауылдық Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернат жатақханасына ағымдық жөндеу жұмыстарын «Нұрлыжолсервис» ЖШС-і жүргізуде. Келісімшартта көрсетілген 33 млн 488 мың теңгенің 12 млн 897 мың теңгесі игерілген. Ашылған жұмыс орны 18.

Жармыш ауылындағы орта мектепті жөндеуге 75 млн теңге қаралған. 40 жұмыс орны құрылған. Оның ішінде жұмыспен қамту арқылы жолдама алған адам саны 15.

Шебір ауылдық «Қаратөбе» орта мектебіне жөндеу жасауға «БекСтрой» серіктестігі 33 млн 600 мың теңге жеңіп алды. Игерілгені 13 млн 339 мың теңге. 25 жұмыс орны ашылған. Жұмыспен қамту арқылы жолдама алған адам саны 12.

Орталық стадионды ағымдағы жөндеуге 234 млн 817 мың теңге бөлінген. Оның 93 млн 927 мың теңгесі игерілді. 105 адам жұмысқа тұрған. Оның 52-сі жолдама алған.

Аудандық жасөспірімдер спорт мектебінің күрес залына жөндеу жасауға 44 млн 240 мың теңге қаралды. Игерілгені 18 млн 208 мың теңге. 35 жұмыс орны құрылды. Оның 19-ы жұмыспен қамту арқылы жолдама алғандар.

Осы спорт мектебінің бокс залына 56 млн 890 мың теңгеге жөндеу жасалуда. Ашылған жұмыс орны 35, жұмыспен қамту арқылы жолдама алған адам саны 17.

Шайыр ауылдық мәдениет үйіне 15 млн 976 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 8 млндай қаржы игерілген. Ашылған жұмыс орны 15 орын, оның ішінде жолдама алған адам саны 7.

Шетпедегі орталық алаң мен саябақты абаттандыру, ондағы монументтерге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді «Мантеком» ЖШС-і келісімшарт бойынша 224 млн теңгені жеңіп алды. Ашылған жұмыс орны 65 орын, оның 30-ы жұмыспен қамту арқылы жолдама алғандар.

Жармыш ауылындағы 200 орындық клубтың 281 млн 563 мың теңге бөлінген. Игерлігені 74 млн 234 мың теңге. 37 жұмыс орны ашылған, 7-уі жұмыспен қамту арқылы жолдама алған.

Онды селосында дәрігерлік амбулатория салуға 196 млн 198 мың теңге қаралып тұр. мұнда 60 адамға жұмыс берілуі тиіс. Оның 25-і жолдама арқылы орналаса алады.