Сейілбек Нұрымбетов: «Күрішімізді су тапшылығынан сақтауымыз керек»

Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сейілбек Нұрымбетов басқарманың Facebook парақшасында тікелей эфирге шығып, аймақтағы егін шаруашылығы бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Басқарма басшысы әлеуметтік желі қолданушыларының сұрақтарына жауап берді. Басқарма тарапынан әр аптаның сәрсенбі күні желі арқылы онлайн кездесу өткізу жоспарланып отыр.

Фото: wikipedia.org

Тікелей эфир барысында Сейілбек Нұрымбетов өңірдегі егін жағдайы туралы айтты. Межеленген жоспар бойынша аймақтың негізгі дақылы күріш және басқа да өнімдерді егуге жұмыстары аяқталған. Төтенше жағдай кезіндегі қиындықтарға қарамастан мемлекет басшысы мен аймақ басшысы тарапынан қабылданған шешімдердің нәтижесінде көктемгі дала жұмыстары сәтті жүргізілген. Бүгінде егілген дақылдарды әрі қарай күтіп баптау, тыңайтқыштармен қоректендіру, гербициттермен өңдеу жұмыстары жасалып жатыр. Шаруашылық құрылымдарына мемлекет тарапынан қолдаулар  көрсетілетін болады.

«Қызылорда облысының шаруалары суармалы егіншілікпен айналысқандықтан су мәселесіне де тоқталып өту керек. Өйткені, су жағдайы аймағымыздағы ең маңызды мәселелердің бірі. Бұл туралы су шаруашылығы мамандарымен, шаруашылық құрылымдарымен бірлесе талқылап келеміз. Көксарай мен Шардарада жиналған және жоғарыдан келетін мемлекеттерден Сырдария өзені арқылы келетін су көлемімен тікелей байланысты болған. Болжамға байланысты шілде айларында су мөлшері төмендеуі мүмкін делінген. Біздегі вегетация кезіндегі, яғни, мамыр, маусым, шілде, тамыз айларындағы қажеттілік бойынша Шардара мен Көксарайдағы су көлемін қосқандағыдан бөлек 3 млрд текше метр су керек.

Мамыр айында 1 млрд текше метрге жуық жоспарлы су келді. Маусым айынан бастап күнделікті келетін су көлемі азайды. Бақылауымызша күнделікті келетін су мөлшері 100 куб-қа жетер-жетпес қана. Шаруалардың осы орайда көтеріп жүрген мәселесі өте орынды. Алда Көксарайдағы судың таусылуына, ағынының бәсеңдеуіне байланысты мамандармен кеңес отырып, жетпейтін суды Шардара арқылы алатын боламыз. Шаруаларға күріштің көлемін азайту туралы нақты тапсырмалар берілген болатын. Дегенмен, аудандардан келіп түскен мәлімет бойынша 87 мың гектарға күріш егілгені белгілі болды. Шілдедегі су тапшылығы кезінде шаруаларға насос қондырғыларын орнату, қашықтық суларын пайдалану, егінді қоректендіру препараттарын қолдану сияқты ұсыныстар айтылуда. Ендігі мақсат егілген күрішті су тапшылығынан аман алып шығу», — деді басқарма басшысы.