Қызылорда облысында 12 каналды тазарту жұмыстары жоспарлануда

Былтыр аймақта 20 канал тазаланып, 11 дана сорғы қондырғылары алынған болатын. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Оспанов бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте осы мәселелер төңірегінде тарқатып айтып берді.

«Биыл 12 каналға және 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 4 каналға тиісті қаржы бөлініп, тазарту жұмыстары жүргізіледі. Бөлінген қаржыға ұзындығы 96,4 шақырым 12 канал тазаланып, ондағы 10 гидротехника жөнделетін болады. Бүгінде 3 каналдың жұмысы аяқталды», — деді Бауыржан Әліпбайұлы. Сонымен қатар, өздігінен су бармайтын 4 елді мекенге 4 дана сорғы қондырылмақ.

Қазіргі күні Сырдария өзенінің төменгі ағысына Шардара су қоймасынан секундына 250 текше метр, Көксарай су реттегішінен 300, барлығы 550 текше метр су құйылуда. Биыл Сырдариядан егістікке 1,5 млрд текше метр су беріліп, алда 2,7 млрд сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл жөнінде брифинг барысында «ҚазСуШар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров мәлімдеді.

«Биыл егін алқабына 4 млрд текше метр ағын су қажет. Диқандар егістікке келетін судың әр тамшысын үнемдеу үстінде. Сырдария трансшекаралық өзен болғандықтан оны Өзбекстанмен бөлісудеміз. Осыған орай Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің өкілдерімен маусым-тамыз айларында Шардара су қоймасынан 2,3 млрд көлемде су жіберуге келіссөз жүргізіліп жатыр», — деді Жорабек Шашыбекұлы.