Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасына сәйкес облыстың ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялау жыл сайын артуда.
Былтыр Қызылорда қаласында көлемі 2,2 гектарды құрайтын «КазАгроМир» ЖШС-нің заманауи автоматтандырылған жылыжай кешені толықтай іске қосылды. Жобаға 143,0 млн теңге инвестициялық субсидия төленген. Бүгінде жылыжайдан күніне 5-6 тонна өнім жиналып, ішкі нарықты қияр өнімімен қамтамасыз етіп отыр. 40- тан аса адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорыннан биыл 300 тонна қияр жиналған.
Сондай-ақ, өңірде шаруашылық құрылымдары тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бойынша өтінімдер тапсырып, қаржыларын алған. Қызылорда қаласына қарасты «Ы. Жахаев атындағы» ҒЗИ, Сырдария ауданына қарасты «Мағжан и К» және Қармақшы ауданына қарасты «Жаңажол» ЖШС-тері егіске пайдаланатын азотты және фосфорлы тыңайтқыштары үшін 174,1 млн теңге субсидия алған. Нәтижесінде, аталған шаруашылықтар дақылдың өнімділігін арттыру мақсатында құрамында микроэлементтері бар тыңайтқыштарды қолдануда.
Мал шаруашылығы бойынша ағымдағы жылы Қазалы ауданына қарасты «Қуанышбаева» ЖК «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 50,0 млн. теңге несие қаражатын алып Ресей Федерациясынан 80 бас ет бағытындағы асыл тұқымды МІҚ малының аналықтарын облысқа жеткізген. Ал, Шиелі ауданына қарасты «Айболат» шаруа қожалығы өз қаржысы есебінен 24,0 млн теңгеге Шығыс Қазақстан облысынан отандық ет бағытындағы асыл тұқымды МІҚ аналықтарын алып келіп, әр басына 150,0 мың теңгеден 12,0 млн теңге субсидия алуға қол жеткізген.