Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында «Білеулі» деп аталатын керуен сарайдың қақпасы мен «Анаға тағзым» ескерткіштері бой көтерді.
Білеулі керуен сарайы — XIV ғасырдан бері сақталған сәулет өнерінің ескерткіші. Жібек жолының бір тармағы, Ноғайлы жолының бойында, Үстірттің Қарақалпақ бөлігінде орналасқан. Солтүстік пен оңтүстікті жалғастыратын керуен жолы болғандықтан, оның бойына әрбір 25 км сайын керуен сарайлар салғызған. Құлаған ғимараттың 8 метрге жуық екі бағанасы мен қақпасы сақталған. Білеулі керуен сарайының екі қабаты батыс пен шығыс қабырғаларының өн бойында жеті-жетіден 14 бөлме бар. Керуен сарайдың ішкі ауласында терең шыңырау құдық болған. Ескерткіштің өн бойында Маңғыстау өңіріне тән айшықтар бейнеленген. Жаңа сәулет нысанының бой көтеруіне аудан кәсіпкерлері Тәжмағамбет Жұбанов, Сұңғат Бөрібайұлы мен Гүлмира Тәжмағамбетқызы ықпал етті.
Сонымен қатар Маңғыстаудың төл перзенті, сәулетші Болатбек Салаев Бейнеу ауданына «Анаға тағзым» ескерткішін сыйға тартты. Жаңа туындыда ананың балаға деген мейірімділігі ерекше көрсетілген. Әйел бейнесі арқылы қазақ қызының инабаттылығын, биязылығын, қазаққа тән мінезін сипаттаған. Ананың оң қолына сәбиін ұстап, алға қарай бір қадам жасап тұрғанының мәні — түн ұйқысын төрт бөліп, бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен, сәбиін құнды қасиеттерге тәрбиелеген, ақ сүтімен адамгершілік дарытқан аналарға тағзым ретінде бейнеленген. Ал киім-кешектегі әр ою-өрнек салт-дәстүріміздің болмысын сипаттайды.
«Жас мүсінші ретінде осындай ауқымды тақырыпта үлкен мүсін жасау менің мақсаттарымның бірі болды. Жұмыс барысында аналарымыздың мейірімге толы бейнесін, ұлтымыздың бай дәстүрін жеткізгім келді», — дейді Болатбек Еркебайұлы.
Елбасының «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» мақаласында әрбір азамат туған жерін көркейтуге ат салысу керектігі айтылған болатын. Бейнеу ауданында алғаш рет ашылған бұл стелланы қоғамдағы, отбасыдағы ана мәртебесін көтерудің үлкен үлгісі деуге болады.