Қызылордадағы дәріханалар бақылауда болады

Қызылордадағы өңірлік коммуникациялар орталығының ақпарат алаңында дәрілік заттарға мониторинг жұмыстарын жүргізуге байланысты брифинг өтті. Онлайн брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалима Азирова және тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау және фармацевтикалық бақылау бөлімінің бастығы Нұрбек Әділханов аймақтағы дәрі-дәрмектің жағдайы туралы баяндады.

Қызылорда облысына 100 млн теңгені құрайтын халыққа қажетті дәрі-дәрмек әкелінді. Олардың дені дене қызуын түсіретін, вирусқа қарсы, бактерияға қарсы препараттар мен дәрумендер. Бұл дәрілік заттар Қызылорда облысының барлық фармацевтикалық желісіне бөлінеді.

Өңірде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментінің қызметкерлері, құқық қорғау органдары және қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдерінен құралған мониторингтік топ құрылды. Олар күн сайын дәрілік заттарға арнайы мониторинг жүргізуде.

«Осы аптада «Alexey Sultan Akhmet» ЖШС, «Сенім» ЖШС, «Қызылорда теміржол ауруханасы» ЖШС, «Достармед Line» ЖШС емханаларына және қаланың 30 дәріханасына мониторинг жүргізілетін болады. Бұдан бөлек, кеше мониторингтік топ қаладағы батыс мөлтек ауданының дәріханаларын тексеріп, тұрғындарға керек препараттардың бар-жоғына және бағасына мониторинг жүргізді», — деді сала мамандары.

Мониторингтік топ тұрғындардың сұранысындағы дәрілердің қай дәріханада бар екендігі жөнінде күнделікті ақпарат беріп отырады. Қажетті ақпараттар БАҚ-та, әлеуметтік желілерде алдағы уақытта хабарланады.