Қызылордада емханалар мен дәріханаларға мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасуда. Ұйымдастырылған мониторинг жұмыстары қаладағы «Сенім» емханасы мен «Ақмешіт», «Мерей» мөлтек аудандарында орналасқан бірқатар дәріханаларда жүргізілді. Онда топ мүшелері төрт дәріхананы аралап, баға тұрақтылығы мен дәрі мөлшерін анықтады.
Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті хабарлауынша 2020 жылғы 16 шілде күні «Lab Service Company» ЖШС-нің дәріханалық қоймасына «Lab Service Company» ЖШС-нің «Ansar» дәріханаларында бөлшек сату үшін дәрілік заттардың 133 сауда атауының (димедрол, окситоцин, лидокаин, диклофенак, парацетамол, кагоцел, ацетилсалициловая кислота және т.б.) 56 985 қаптамасы келіп түсті.
Жүргізілген мониторинг барысында ешбір дәріханада алдыңғы апталармен салыстырғанда ұзын сонар кезектер жоқ екені және бүгінгі таңда сұранысқа ие дәрілік препараттардың біразы жоқтығы байқалады. Дәріхана өкілдерінің айтуынша, жақын арада оларға берілген өтінімдерге сәйкес қажетті дәрі-дәрмек түседі деп күтілуде.
Айта кетейік, араланған дәріханалар тізімі:
1. «Доктор плюс» дәріханасы, И.Журба көшесі, 26;
2. «Ақмешіт» дәріханасы, Ақмешіт мөлтек ауданы, 28;
3. «Janerke фарм» дәріханасы, Мерей мөлтек ауданы, 25/25;
4. «Europharma» дәріханасы, И.Журба көшесі, 65.
Мониторинг барысында дәріхана қызметкерлері тарапынан микробқа, вирусқа қарсы және ыстық түсіретін дәрілерге сұраныстың әлі де жоғары екені, сатылымға түскен бойда тез сатылып кетіп жатқаны айтылған.
Жалпы, жоғарыда аталған дәріханаларға сейсенбі күннен бастап дәрі-дәрмектер келуде. Дегенмен эуфиллин, дексаметазон, преднизолон, меропенем, В1, С витаминдері, умифеновир дәрілері сатылымда жоқ.
25 мың халыққа қызмет көрсететін «Сенім» емханасы бас дәрігерінің айтуынша, а.ж. маусым айына 640 пациентке антибиотик тегін берілген болса, шілде айындағы екі аптада «Пневмония», тыныс алу жолдарының жіті респираторлық аурулары бойынша 250 адамға тегін дәрілік зат үлестірілген.
«Үй жағдайында емделетін, емханаға келе алмайтын науқастарға дәрі-дәрмектер жеткізу үшін арнайы бригада құрылған. Тегін дәрі дәрмектер туралы түсіндірме жұмыстары пациенттерге дәрігердің қабылдауына келген уақытта және арнайы жүгінгег жағдайда жүйелі жүргізіліп отырады», — деді бас дәрігер.