Кеше аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен ҚР парламенті сенатының депутаты Мұрат Мұхамедов Қызылорда қаласындағы бірқатар денсаулық сақтау нысандарын аралады.
Алдымен облыс әкімі мен сенат депутаты облыстық көпбейінді аурухананың жұмысымен танысып, індет жұқтырған азаматтардың палатасына кіріп жағдайын білді. Бүгінде ауруханада 525 төсек орны бар, одан бөлек инфекциялық науқастарға арналған қосымша 30 төсек орын әзірленген.
Бүгінгі күні облыс бойынша 64 ИВЛ аппараты істеп тұр.Оның 6 — облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында. Бірақ бұл жеткіліксіз. Осы орайда, кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсетіліп, қосымша 13 аппарат жеткізілген. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне 63 ИВЛ аппаратына өтінім берілді.
Мұнан соң Гүлшара Әбдіқалықова мен Мұрат Бахтиярұлы «Зерде» дәріханасына барды. «Зерде» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қызылорда қаласында үш дәріханасы бар. Аталған дәріханаларға аптасына екі мәрте қажетті дәрі-дәрмек жеткізіліп, толықтырылып отырады. Кеше дәріханалар желісіне халық көп іздеп жүрген «Эуффелин», «С» витамині, «сумамед», «Ципролет», «В» витаминдер кешені «Милгамма», «Ремаберин», «Полиоксидоний», «Офло», т.б. дәрілік заттар келіп түсті.
Одан кейін, өңір басшысы мен Сенат депутаты облыстық жұқпалы аурулар, қалалық ауруханаларының және №6 емхананың жұмыстарымен танысты. Науқастарға амбулаторлы жағдайда медициналық көмектің қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында және динамикалық бақылауды қажет ететін науқастарды үй жағдайында бақылау үшін 6-шы емхана жанынан мобильді топ жұмыс жасауда.
Одан бөлек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен ағымдағы жылдың 13 шілдесінен бастап пневмония диагнозы қойылып, амбулаторлы емді қажет ететін науқастарға «Үй жағдайындағы стационар» қызметі қосылды.