Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды тексеру үшін премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды.
Сапар барысында облыстағы бірқатар медициналық мекемелерді аралап, өңірдегі медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді, сондай-ақ «СҚ-Фармация» ЖШС қоймаларында дәрі-дәрмектер қорының болуын тексерді
Сапар барысында облыстағы бірқатар медициналық мекемелерді аралап, өңірдегі медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді, сондай-ақ «СҚ-Фармация» ЖШС қоймаларында дәрі-дәрмектер қорының болуын тексерді.
«СҚ-Фармация» ЖШС қоймаларын тексеру кезінде КВИ мен пневмонияны емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмектердің екі түрі — дексаметазон және преднизолон дәрілері бойынша бір айлық қорының тапшылығы анықталды. Осы мәселені шешу үшін «СҚ-Фармация» ЖШС-ына Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп медициналық мекемелерге тиелген дәрі-дәрмектерге аудит жүргізу, сондай-ақ қысқа мерзім ішінде дәрілік заттардың қажетті қорын қамтамасыз ету тапсырылды.
Үкіметтік делегация сонымен қатар Ақтаудағы қонақ үйлердің бірінде медицина қызметкерлерінің тұру жағдайларымен танысты. Бүгінгі таңда қонақ үйде мамандар орналастырылған, оның ішінде басқа өңірлерден іссапарға жіберілген 11 әскери дәрігер бар.
Кездесу барысында медицина қызметкерлері тұру және жұмыс істеу жағдайлары, сондай-ақ өңірде енгізілген карантин шараларының арқасында ауруханаларда жүктеменің тұрақты азайғаны туралы айтып берді. Премьер-Министрдің орынбасары пандемия кезіндегі алдыңғы шептегі ерен еңбегі үшін медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Айта кетейік, COVID-19-бен күресу үшін өңірге 47 маман тартылды. Дәрігерлер екі ауысымда жұмыс істейді және карантин шаралары аясында 15 қонақ үйде оқшауланып тұрып жатыр, олар барлық қажетті заттармен, оның ішінде жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген.
Бұған дейін Е. Тоғжанов Қызылорда облысына барып, онда шұғыл кеңес өткізген еді және облыстық бірқатар медицина мекемелері мен дәріханаларды аралады.