Әбдіқалықова Сыр өңірінің бірқатар ірі шаруашылық құрылымдарымен кездесті

Бүгінде облыстың жекелеген шаруашылықтары күрішке орақ салуды бастады. Осыған сәйкес, аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Шиелі ауданына қарасты «Ақмая» шаруа қожалығының егіс алқабында облыстың бірқатар ірі шаруашылық құрылымдарымен кездесті.

Ағымдағы жылы статистикалық мәліметтерге сәйкес, барлығы 184,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Егіс көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 1,1 мың гектарға артып отыр. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 89,5 мың гектар.

Қазіргі таңда, облыста бидай, арпа, сұлы дақылдарын жинау аяқталса, мақсары картоп, көкөніс, бақша, жүгері дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда.

Жиналып жатқан ауыл шаруашылығы дақылдарының орташа өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары.

Бүгінде облыста егілген жалпы күріш егісінің 61 пайызының суы байланып, 25 пайызы толық пісу дәуірінде тұр.

Жалпы биылғы жылы мамандардың жасаған болжамына сәйкес, күріштен жиналатын өнім өткен жылғы көлемнен (2019 жылы 530 мың тонна өнім жиналған) кем болмайды деп болжануда.

Шара басында аймақ басшысы облыстың және Шиелі ауданының ауыл шаруашылығы саласының даму көрсеткіштері көрсетілген тақталармен және «Ы. Жахаев» ҒЗИ ЖШС-нің ғылыми жетістіктерінің көрмесімен танысты.

Одан әрі, сала еңбеккерлерімен кездесіп, облыстың экономикалық дамуында ауыл шаруашылығының алатын орны ерекше екендігін, соңғы алты жыл қатарынан күріштен жоғары өнім алуға қол жеткізіп, салада тұрақты даму қалыптасқандығын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, салаға қатысты алдағы жоспарларды бірлесіп атқаруға шақырды.

Кездесу соңында, аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы егіс даласында жиналған сала еңбеккелерін егінге алғашқы орақ салу рәсімімен құттықтап, еңбек ардагерлерімен бірге егіске орақ салу рәсіміне қатысты.