Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарды толғандырған мәселелерді шешуді тапсырды

Кеше Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында көпшілікті толғандырған мәселелер талқыланды.

Фото: inva.kz

Атап айтсақ, Шиелі ауданының тұрғыны бірінші топ мүгедегі Тамара Ақмағамбетова мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайы туралы қозғады. Соның ішінде аудандағы инватакси қызметінің талапқа сай келмейтіндігін жеткізді. Осыған орай аймақ басшысы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевқа тапсырма берді.

Жаңақорған ауданының тұрғыны, көпбалалы ана, «Ақжүніс» аналар қоғамының өкілі Сандуғаш Тұрлыбекова аудандағы көпбалалы және жалғызбасты аналарға әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі өтінішін айтты. Облыс басшысы Жаңақорған ауданының әкіміне осы мәселенің шешімінің табылуын, тиісті шаралардың орындалуын тапсырды.

Жалағаш ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Эльмира Жанзақованың айтуынша, ауруханалардағы жоспарлы емделу бойынша қиындықтар бар көрінеді. Осыған сәйкес аймақ әкімі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловқа тұрғындардың емделуіне еш кедергі болмау керектігін айтты.

«Ұмай» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйінің директоры, БҰҰ «ЮНИСЕФ» балалар қорының Қызылорда облысы бойынша өкілі Анар Ізден «Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» қызметіне байланысты өз ұсыныстарын білдірді. Гүлшара Наушақызы бұл жөнінде облыстық ішкі саясат басқармасына арнайы тапсырма берді.

Жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша Қызылорда қаласының тұрғыны Нұргүл Махан айтып өтті. Ал, жас кәсіпкер Евгений Демиденко жаңа бизнес-жобаларға қолдау білдіруін сұрады. Облыс әкімі тиісті мекемелерге аталған мәселелердің бақылауға алынып, жүзеге асырылуын тапсырды.