Қызылорда облысында 17 000 гектардан астам күріш жиналды

Сыр өңіріндегі егіс көлемі былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда  1,1 мың гектарға артып отыр. Негізгі дақыл саналатын күрiштің көлемі 89,5 мың гектарды құрайды. Биылғы егін жинау науқаны туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының міндетін атқарушы Айнұр Тлеулеева өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте баяндады.

«Облыста күрішке орақ салу жұмыстары 22 тамыздан басталды. Егілген күріштен жоғары өнім алу мақсатында күріш егісіне 100 пайыз жоғары репродукциялы тұқымдар себілді. Егін жинау жұмыстарына 1640 дана трактор, 843 дана комбайн, 458 дана жатка, 308 дана жүк көлігі және 764 дана трактор тіркемесі қатысуда. Жанармаймен қамтамасыз ету жағынан мәселе жоқ. Бүгінгі күні 17 548 гектар күрішке орақ салынып, оның 10 425 гектары бастырылды. Әр гектарынан орташа 47,8 центнерден өнім алынуда. Мамандар биыл жиналатын өнімнің өткен жылғы көлемнен (бастапқы салмақпен 530 мың тонна күріш салысы) кем болмайтыны туралы болжам жасап отыр», — деді Айнұр Маратқызы.  

Облыста егін шаруашылығын әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Аймақта алғаш рет перспективалы дақылдар ішінде қант құмайы 70 гектарға, соя 240 гектарға, жүгері дақылы 1 667 гектарға дейін жеткізілген. Сонымен қатар, ылғал сақтағыш аквагельдерді пайдалану арқылы богарлы жерлерге 80 гектар күздік бидай дақылы егілді. Одан бөлек 60 гектар жерге егілген азық-түлік маңызы бар
жеміс-жидектер мен жүзімдіктер де бар.

«Өткен жылы басым дақылдарды өндіруге берілетін субсидиялардың толық игерілуіне байланысты субсидия ала алмай қалған шаруашылықтарға биыл субсидия төлеу жұмыстарын жүргіздік. Бүгінде бидай, арпа, сұлы, мақсары дақылдарын жинау аяқталып, картоп, көкөніс, бақша, жүгері дақылдарын жинау жұмыстары жалғасып жатыр», — деп мәлімдеді Айнұр Маратқызы. Сондай-ақ, биылғы егін жинау жұмыстарын 15 қазаннан кешіктірмей толық аяқтау жоспарланғанын жеткізді.