Қызылордадағы 89 қоғамдық көлікке электронды билет жүйесі орнатылды

Таяуда Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктер электронды билет жүйесіне өтті. Жол жүру төлемін төлеудің жаңа әдісі туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Қанат Рахметов баяндап берді.

Фото: pixabay.com

Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктер электронды жол жүру билеті жүйесін енгізу жоспарға қойылған болатын.

«Бүгінде бірінші деңгейдегі «Қызылорда автобус паркі»-не тиесілі 89 автобусқа арнайы құрылғылар орналастырылды. Қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша 5 бағыттағы автобус электронды билет жүйесімен жұмыс істеп жатыр. Электронды карта арқылы төлем бағасы – 85 теңге. Бүгінде электронды билет жүйесі арқылы 12 345 адам төлем жасаған. Тұрғындарға қолдау ретінде 10 қыркүйектен бастап «Beeline» байланыс операторлары арқылы 50 пайыздық жеңілдікпен төлем жасау мүмкіндігі ұсынылып отыр. Бұл жеңілдік 2 ай бойы жалғасады», — деді Қанат Рахметов.