Президент жолдауында мемлекеттік сатып алу жүйесіне «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істеу талаптары қойылды. Осы орайда кез келген тұлғаға интернет ресурсы арқылы өзі қалаған сатып алуға қатысу құқығы беріліп отыр. Бұл жөнінде Қызылорда облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары Алтынай Қуандық өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңындағы брифингте айтып өтті.
«Бұл заңнаманы жетілдіру отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында «Бір терезе» қағидатының шеңберінде қолданысқа енгізілгелі отыр. Мемлекеттік сатып алуларды орталықтандыру, яғни бір терезе қағидатын жүзеге асыру барысындағы барлық сатып алулар тек арнайы мекемелермен, кәсіби мамандармен жүзеге асырылуы тиіс деген талап қойылуда. Қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі бойынша порталға жарияланатын сатып алуларға отандық тауар өндірушілер ғана қатыса алады. Қатысатын азаматтардың «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына тіркелуі, өндірістік және тиісті материалдық базасының болуы шарт. Бұл кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау болып табылады», — деді Алтынай Қуандыққызы.
Елдегі өңдеу өнеркәсібі өндірісін бес жыл ішінде кем дегенде 1,5 есеге арттыру көзделіп отыр. Осыған орай жолдауда мемлекеттік, квазимемлекеттік секторлар және жер қойнауын пайдаланушылар үшін кепілді сатып алу талабын қарастыру туралы тапсырма берілгендігін жеткізді Алтынай Қуандық. Жыл соңына дейін үкімет тарапынан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, Қазақстанның қамту үлесін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірленбек.