Қызылорда облысындағы мал шаруашылығының ішкі өндірісі биыл өткен жылғымен салыстырғанда 2,4 есеге өскен. Яғни, биылғы жалпы ішкі өндіріс 27,5 млрд теңгені құрап отыр. Осы орайда жыл соңына дейін құны 3,5 млрд теңгені құрайтын 28 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, инвестициялық салымдарды көбейту мақсатында келесі жылы 6 жобаны іске асыру көзделді. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Қызылорда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов мәлімдеді.
«2020 жылдың 8 айы бойынша веб-порталдық базада 356,6 мың бас МІҚ, 806,4 мың бас уақ мал, 53,9 мың бас түйе, 155,9 мың бас жылқы, 2,0 мың бас шошқа, 801 бас тақтұяқтылар тіркелген. Биыл 57,2 мың бас мүйізді ірі қара, 245,3 мың бас уақ мал, 0,9 мың бас шошқа, 16,5 мың бас жылқы, 8,1 мың бас түйе бірдейлендірілді», — деді сала басшысы.
Жыл басынан бері 29486 ветеринариялық анықтамалар рәсімделген. Оның ішінде тірі жануарларға 20 537 1 нысанды ветеринариялық анықтама берілсе, жануарлардан алынатын тағам өнімдеріне 2 нысанды 8 835 анықтама табысталған. Ал, жануарлардан алынатын шикізат өнімдері үшін 3 нысанды 114 анықтама беріліп отыр.