Бүгінгі күні Қызылорда облысында 854 көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істейді. Соның ішінде 340 үйірме балаларға арналса, 376-сы жасөспірімдер мен жастарға арналған. Ал, 138 үйірме егде жастағылар үшін жұмыс істеуде. Аймақтың мәдени жаңалықтары туралы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Мирамкүл Абуова өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте баяндады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру бойынша атқарылатын ауқымды жұмыстар жайлы айтып өтті. Осы орайда өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажеттігін жеткізген болатын. Яғни, «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалыпқа келтірудің маңыздылығы, жастарды шығармашылықтың және қолөнердің бастапқы негіздерімен жетілдіру жайында Жолдауда айтылған негізгі мақсаттар бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыру үшін ұлттық код, ұлттық мәдениеттің сақталу маңыздылығын көрсетеді», — деді Мирамкүл Рахымжанқызы.
Бүгінде облыс кітапханалары мен музейлерде балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында үйірмелер жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Креатив-территория» атты жоба аясында АРТ-студия ашылып, студияға келуші 100-ден аса талантты жастар бейнелеу өнері, домбыра, фортепиано және би үйірмелеріне қатысуда. Сондай-ақ, балалар мен жастарға ағылшын, корей тілдерін үйрететін үйірме-курстары бар. Оған қоса жұмыссыз жастарды және әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды компьютерлік сауаттылыққа үйрету мақсатында «Шаңырақ» интеллект-орталығы жұмысын жүргізуде.
«Қазіргі уақытта барлық үйірме жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес онлайн режимінде жұмыс істеп жатыр. Үйірме мүшелеріне түрлі бағыттағы шеберлік сағаттары өткізіліп, олардың шығармашылық тұрғыдан білім алуына кеңінен қолдау көрсетілуде. Алдағы уақытта үйірмелердің жұмысын жандандырып, қосымша шығармашылық бағыттағы жаңа үйірмелерді ашу жоспарланды. Сол үйірмелерден дәріс алған өнерлі балалар мен шығармашыл жастардың облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысуына қолдау көрсетіліп, үлкен сахналарда өнер көрсетуіне мүмкіндіктер жасалатын болады», — деді сала басшысы.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде жастардың музей жұмысына, бейнелеу өнеріне қызығушылығын арттыру бағытында «Жас өлкетанушы», «Мирас» экскурсоводтар клубы және С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында ИЗО-студия 70-ке жуық оқушы мен студенттерге дәріс беруде.