Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сартаевпен кездесті. Кездесу барысында аймақтағы бизнес пен стартап жобаларды қаржыландыру мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің өтінімдерін ұзақ мерзімде қарау, жергілікті деңгейде бизнес үшін белгіленген кредит лимиттері және мемлекет басшысының жеке тұлғалар мен ШОБ субъектілеріне арналған кредиттер мерзімін ұзартуды ұсыну тапсырмасын жүзеге асыру төңірегінде сөз болды.
«Президент Жолдауында республика бойынша ЖӨӨ құрылымындағы инвестициялар үлесін 2024 жылға қарай 30%-ға дейін арттыру міндеті қойылды. Биыл біздің өңірге 230 млрд теңге, келесі жылы 586 млрд теңге инвестиция тарту қажет. Біз агроөнеркәсіптік өнімдерді терең өңдеу бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінде 5 жоба келіссөздер сатысында тұр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сізден «Халық» банкінде Қызылорда облысы үшін кәсіпкерлерді жеңілдікпен қаржыландырудың жеке бағдарламасын жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды сұраймын. Бұл бастама қолдау тауып жатса, аймақ экономикасының дамуына үлкен үлес қосатыны анық. Бүгінгі біздің ортақ жұмысымыз одан әрі табысты ынтымақтастық пен өзара түсіністікке ұласатынына үміттенемін», - деді облыс әкімі.
Қызылорда облысында 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары қабылданды. Аталған жоспарда экономиканың түрлі салалары бойынша 271 млрд теңгені құрайтын 265 жобаны жүзеге асыру қарастырылған. Биыл құны 26 млрд теңге болатын 108 жоба іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бүгінде 4,7 млрд теңгені құрайтын 58 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Екінші деңгейдегі банктер мен қаржы институттарының өкілдері үшін құны 17 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жоба таныстырылып, оның ішінде 7 млрд теңге құрайтын 9 жоба қолдау тауып отыр.
Кездесуде Гүлшара Наушақызы еліміздегі алғашқы шыны зауыты құрылысының аяқталатынын айтты. Осыған орай қазіргі уақытта айна, шыны талшықтар мен стекловата өндірісі бойынша 3 жобаның жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Қазан айында бұл жобаға қытайлық инвесторлар тартылады.
Дәурен Сартаев «Қазақстан Халық банкі» АҚ тарапынан аймақтағы шағын және орта бизнесті қолдау бойынша барлық мүмкіндіктер қарастырылатынын айтты.