Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалының санитарлық жағдайы қатаң бақылауда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында сала мамандары баяндады. Санитарлық талапты «Nur Otan» партиясының теміржол филиалы жанынан құрылған топ мүшелері жүргізіп келеді.
Бүгінде облыс аймағында 5 жұп пойыз жүріп тұр. Пандемия жағдайына байланысты басқа тасымалдаушы пойыздар тоқтатылды. Теміржол ғимаратына індеттің алдын алу мақсатында дезинфекция жұмыстары жасалғанын жеткізді вокзал директорының орынбасары Жандарбек Өтегенов. Сондай-ақ, вокзал қызметкерлеріне 7300 дана бетперде, 1000 дана қолғап, 190 л антисептик, 20 кг хлор, 95 л белизна және 1300 дана иіс сабын, 980 дана кір сабын алынды.
«Мониторингтік топ 30-ға жуық тексеру жұмысын жүргізді. Вокзал аумағына маскасыз келген тұрғындарға ескерту айтылды. Жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен қажетті құрал-жабдықтар бақыланып тұрады. Вокзал территориясындағы профилактикалық жұмыстар басты назарда», — деді «Nur Otan» партиясы теміржол филиалы төрағасының бірінші орынбасары Базара Танбаева.