Елімізде коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында карантин шаралары күшейтілді. Осыған орай Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз орталығында карантиндік ережелер мен сақтық шараларын сақтау мәселелері бойынша брифинг өтті. Облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Әлия Әбдіқайымова өңірдегі ахуал туралы мәлімдеді.
Талап қойылса да, сақтық шараларын ескермейтін азаматтар бар. Осыған орай өңірдегі карантин ережелерін бақылау мақсатында құрылған 24 мониторингтік топ тексеру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінге дейін 140-қа жуық азаматтың той өткізгені анықталды. Сонымен қатар, жұмысын жалғастырған түнгі кафелер мен жеке тұлғалар, бизнес субъектілері тарапынан 602 факті тіркелді.
«Биылғы 6 қазаннан бастап Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде коронавирустық инфекция ауруларының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы жаңа №54 қаулысы күшіне енді. Қаулы бойынша Қазақстан Республикасының азаматы емес адамдар мемлекеттік шекараны кесіп өткен жағдайда кем дегенде 72 сағат бұрын алынған ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтамасы жоқ болса кіргізілмейді. Ал, анықтамасыз шетелден келген Қазақстан Республикасының азаматтары 2 тәулікке карантиндік стационарға жіберіледі. Карантин талаптарының қатаңдатылуына байланысты Қызылорда облысында да бірқатар шектеулер өз күшінде қалады. Атап айтқанда, спорттық-көпшілік, отбасылық, естелік, салтанатты, мерекелік шараларды, конференциялар, семинарлар, көрмелер және тағы басқа халық шоғырланатын іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Банкет залдарының, сауда-ойын-сауық кешендері жанындағы балаларға арналған ойын алаңдарының, фудкордтар мен кинотеатрлардың (ашық ауадағы кинотеатрларды қоспағанда) жұмыстары әзірге іске қосылмайды. Караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалардың ойын алаңдары мен аттракциондар, батуттар қызметіне, букмекерлік кеңселердің жұмыс істеуіне тыйым салынады. Сондай-ақ, оқушылардың және мектеп жасына дейінгі балалардың экскурсияға шығуына рұқсат берілмейді», - деді Әлия Мүтәліпқызы.
Брифинг барысында сала маманы тұрғындарды карантин ережелеріне бей-жай қарамай, сақтық шараларын бұлжытпай орындауға шақырды.