Қызылорда облысында жыл соңына дейін жаңа тұрғын үйлер пайдалануға беріледі

Биыл Қызылорда облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1946 пәтерді құрайтын 98 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 815 пәтерлі 20 үй сатып алу құқығынсыз жалға беріледі. Ал 755 пәтерлі 68 үй кредиттік және 376 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жеке компаниялар есебінен тұрғызылуда. Аймақ тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету және мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында сала мамандары баяндады.

Фото: skyscrapercity.com

«Өңірде 30 мың азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде 12 178-і әлеуметтік жағынан осал топтар, 3484-і көпбалалы отбасылар, 11979-ы мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері мен үйі апатты жағдайда тұрған 204 азамат бар. Бұл тізімдегі 2 194 тұрғын жетім балалар. Осы орайда «Шаңырақ» бағдарламасы аясында кезекте тұрған 30 азаматтың төлемінің расталғанын айта кету керек.  Бүгінде бес отбасы баспаналы болды. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін ашылған жаңа тұрғын үй аумақтарын инженерлік коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында 19 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр», — деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов.

Жылдың соңына дейін 698 отбасы сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үймен, 115 отбасы кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жеке құрылыс салушылар есебінен 156 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.