Жылу беру маусымы: Сыр өңіріне 113 мың тонна көмір жеткізілді

Қызылорда облысындағы 1185 көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарға жылу берілді. Бүгінде аймақ тұрғындарына осы жылға қажетті 163,6 тонна көмірдің 113 мың тоннасы жеткізілді. Жылу беру маусымының жұмыстары туралы сала мамандары өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Фото: geotermal54.ru

Қызылорда облысындағы жылу беру маусымы 10-қазаннан басталды. Қызылорда қаласында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 713 көпқабатты тұрғын үй бар. Бұл үйлердің жетеуіне жөндеу жұмыстарына байланысты жылу берілген жоқ.

«Бұл үйлерге құбырлардың ауасын шығармау себептерінен жылу берілмей отыр. Ал, басқа үйлер жылуға толық қосылды. Аталған үйлердегі мәселелер рет-ретімен шешімін тауып жатыр», — деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жаңабаев. 

Бүгінде өңірде көмір отынын сақтап, өткізетін 30 қойма бар. Оның 5-і Қызылорда қаласында болса, 25-і аудандарда орналасқан. Осы орайда көмір бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді сала мамандары.