Шығысқазақстандық ғалымдар елде алғаш болып медициналық импланттар жасауды қолға алды

Қазақстандағы ғылым саласының әлеуеті қашанда жоғары болған. Әсіресе, соңғы 30 жылда ел Тәуелсіздігін жариялағаннан бері ғылымға деген көзқарас өзгерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Шығыс Қазақстанның жоғары технолоиялы ғылыми орталыққа айналу мүмкіндігі мол» екенін айтты. Бүгінде аға буын ғалымдардың ізін жас мамандар басып келеді. Отандық ғалымдардың еңбектері нәтижесіз емес. Өскемендегі техникалық ЖОО базасындағы «Веритас» зертханасында Қазақстанда алғаш болып медициналық имплант жасау қолға алынды. Соңғы бірнеше жылда жобалары сәтті жүзеге асып, бүгінде клиникалық сынақтардан сәтті өтуде.

Фото автора

«Қазіргі таңда еліміз нарықтағы барлық импланттарды шетелден алады. Травматология-ортопедияға арналған имплант шығару өндірісі жоқ. Біздің бастамамыз 2017 жылы қолға алынды. осы жылдар ішінде ғылыми жетістікке жету үшін аз тер төгілмеді. Медициналық имплант жасайтын осынау кешеніміз үлкен еңбектің нәтижесі» дейді  ғылыми қызметкер Бағдат Азаматов. Зертхана Қазақстанның Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты мамандарымен тікелей байланыста. Инженер-зерттеушілер дәрігерлердің нұсқамасымен соңғы үш жылдың ішінде 10 түрлі имплант жасаудың технологиясын меңгерді. Жамбас сүйек, омыртқа, табан, иық сүйектеріне имплант жасау – ғалымдардың негізгі бағыттары. Олар жасалмас бұрын ең әуелі материалдың құрамы мұқият зерттеуден өтеді. Себебі адам ағзасына салынатындықтан әсері оң болуы шарт. Сонымен қатар, шетелдік аналогтардан ерекше болуына ғалымдар аса мән береді. Мақсатты ғылыми-техникалық бағдарлама аясында қаржыландырылған бірнеше жоба ішінде медициналық импланттар жасау ісі де қамтылды. Бөлінген қаражатқа замануи аппараттар алынып, ғылыми қызметкерлердің біліктілігі шыңдалды. Қазір зертханада 10 инженер-зерттеуші тер төгуде. Көбі – жастар. Ортақ еңбектің нәтижесі науқастардың аяғынан тік тұруына тікелей ықпал етеді.

Инженер-зерттеуші Ақбота Қасенованың бұл салаға қызығушылығы магистратурада оқып жүрген кезінде оянған. Қызметі – станоктарға бағдарлама жазу. Қазір аяқ сүйегін қалыпқа келтіретін импланттарды шығаруға атсалысып, жоба аясында тер төгуде. «Қазір әйел адамдардың көбінде бірінші фалангтық буынында төмпешік пайда болады. Бұл өте ыңғайсыздық тудыратын олқылық, әсіресе, аяқ киім киген кезде қиналады көбі. Осынау проблеманы жою үшін ойластырып жатқан біздің имплант сүйекке орнатылмақ. Сол арқылы сүйеті қалыпқа келтіруге көмектеседі. Ендігі жоспарымыз мұны кәдімгі станокта жасап шығарамыз» дейді жас ғалым. Бұл проблема көп әйелдерге таныс. Аяқ киімі қысып, мазасы қашып, ақыры қимыл-қозғалысы ауруына әкеліп соғады. Дәрігерлер қазіргі кезде мәселені тек операциялық жолмен кесу арқылы ғана қалыпқа келтіреді. Ал ғалымдардың жасап шығарған импланттарының арқасында кесудің қажеттілігі туындамайды. Адам сүйегіне орнатылған соң, қалыпқа келу үрдісі басталады. Дәл мұндай  жоба Қазақстанда жоқ.  Инженерлер дәрігерлермен қоян қолтық жұмыс істейді. Әзірге аяқ сүйегіне орнатылатын имплант клиникалық тәжірибеден өткен жоқ. Ғалымдар моделін өзгертіп, станоктан өткізбек ниетте. Мамандардың әмбебап импланттарды жасаудан бөлек, науқастардың жағдайы ескерілетін кездері де болады. Мәселен жақында жамбас сүйегі сынған адамдың МРТ суреті зертхана мамандарына жіберіліп, дәрігерлер өз нұсқаулығын көрсеткен. 3Д принтер арқылы сынған жамбас сүйегі шығарылып имплант жасалып шықты. Ал омыртқа аралық кейдждер былтыр клиникалық сынақ ретінде науқастарға алғаш рет орнатылды. Міне, бір жылдан бері өз тиімділігін дәлелдеп отыр. Қазір патенттеу үрдісі қолға алынған.

Зертхана мамандары Қазақстан алғаш болып медициналық имплант жасау ісін қолға алды. Аз уақытта жеткен басты жетістіктері – аяғынан тік тұрған науқастар. Зертхана мамандары адамға жасанды қол жасауды жүзеге асыруды да көздейді. Инженер-зерттеуші Данияр Қалиев бір жылдан бері қол прототипін жасаумен айналысып келеді. Бұл прототип датчикке импульс беру арқылы қимылдай алады.

Имплант шығару үлкен зерттеу мен мұқият зерделеуді қажет ететін үрдіс. Түрлі құрылғылар арқылы адам ағзасына орнатылатын имплант жасау үшін замануи аппараттар қолданылады. Заманауи станоктардың тілін жетік меңгеру үшін инженерлер шетелде білімдерін шыңдады. Қазір отандық медицина мекемелері импланттардың барлығын шетелден сатып алады. Бұл әлбетте баға саясатына тікелей әсер етеді. Отамен қосқанда имплант құнын кез-келгеннің қалтасы көтере бермейтіні анық. Ал қазақстандық үлгі өзімізде жасалғандықтан әлдеқайда арзанырақ келеді.

 

В статье: