Шығысқазақстандық ғалымдар топырақты тазартудың тың әдісін сынақтан өткізіп жатыр

Қазақстанда мемлекет басшысының тікелей қадағалауымен «жасыл экономиканы» дамыту бойынша қабылданған арнайы тұжырымдама бар. «Жасыл» экономикаға көшу тиімділігінің бірнеше факторы атауға болады. Халықаралық сараптама бойынша, жасыл жобаларға са­лынған инвестицияның 2/3-і өзін-өзі ақтаса, 1/3-і бес жыл көлемінде шығынсыз деңгейге қол жеткізеді екен. «Жасыл» экономикаға көшу үдерісі мемлекеттің жіті назарына алынып, қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл ел экономикасын дамыту жолындағы игі шаралардың бір бағыты.

Шығысқазақстандық ғалымдар топырақты тазартудың тың әдісін сынақтан өткізіп жатыр. Экологиялық жағынан таза, табиғаттың өз өнімін қолдану арқылы артық қалдықтан арылудың әдісі бірнеше жылдан бері зерттеліп келеді. Соңғы өткізілген сынақ нәтижесі оң. Бірегей жобаның негізгі ерекшелігі – калифорния құрттарының қолданылуы. Қуантарлығы, ғылыми істе жастардың белсенділігі жоғары.

Арай Кәрменова есімді магистранттың қазір бар назары өз жобасында. Жетекшісімен бірге қолға алған бастамасы топырақ құрамын тазартуда таптырмас амал. Қолданатын әдісі де елден ерек. Калифорния құрттарын топыраққа жіберу арқылы зиянды қалдықтардан тазартуға болатынын көрсетті.  «АИ-92, АИ-95 маркалы бензиндерді алып, соған калифорния құрттарын жібердім. Әу баста жұмысым осылай басталды» дейді жас ғалым. Топырақты алдын ала лабороториялық тексеруден өткізген.

«Ондағы мұнайдың категориясы мен мөлшері анықталды. Бұдан соң  бір жыл бойы құрттарды жапырақпен тамақтандырдық. Бір жылдан кейін лабороторияға өткізіп топырақты ондағы мұнайдың азайғанын байқадық. Нәтиже жаман еме» дейді Арай Кәрменова. Құрттардың өзін енді Ресейге сынаққа жөнелтпек. Жоба жетекшісі Жанат Ыдырышеваның айтуынша, бұл амалды биогумус мақсатында қолдану қажет. Кейін ауыл шаруашылығы саласына да тиімді болады. «Үшінші жыл болды Калифорния құрттарын қолдана отырып, қалдықтарды кәдеге жарату бойынша зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Алғашқы зерттеу су каналының қойыртпағын алдық. Оның құрамында әртүрлі ауыр металдар бар. Елден ерек иісі де қолқаны алады. Әлгі калифорния құрттарын салған кезде иіс жоғалып кетті» дейді техникалық ЖОО доценті Жанат Ыдырышева. Ғылыми жобаға қолданылған құрттар арнайы тапсырыспен алдырылыпты. Тек бұл құрттар қыстың суығына бейімделмеген. Сол себепті, «әлі бас қатырар тұстары бар» дейді жобаның басы-қасында жүрген мамандар.