Шығыс Қазақстан облысында экономикалық әлеуетті нығайтуда маңызды істердің бірі - шекаралық аудандарды дамыту. Бұл мақсатта 2020-2024 жылдар аралығында 218 млрд теңге жұмсалады. Шекара маңындағы 5 ауданның халқының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында өңірде кешенді жоспар әзірленген еді. Қазіргі уақытта Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай және Үржар аудандарында ілкімді істер атқарылуда.
Әсіресе, Катонқарағай ауданында құрылыс қарқынды. Бұған облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған шекаралық аудандарды дамыту бағдарламасы ықпал етті. Аудан әкімінің сөзіне сенсек, алдағы уақытта құрылыс қана емес, ауылдарды абаттандыру да жалғасын табады.
«Абаттаныдру бойынша биыл облыстық бюджеттен 50 млн қаражат бөлінген. Қазір конкурсы жүріп жатыр. Аяқталғаннан кейін келесі айда 10 үйдің алдын толықтай жөндеу кіреді. Балалар шағын ойнау алаңдары салынады» дейді Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан.
Тұрғын үй құрылысы да өңірде қарқын алған. 2021 жылы Үлкен Нарында жалпы ауданы 2002 шаршы метр үй салынады. Үш қабатты нысан биыл қараша айында пайдалануға берілуі керек.
«2020 жылы Нұрлы жер бағдарламасы аясында Үлкен Нарын ауылында 30 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталды. Жалпы құны 287 млн теңгені құрайды. Тапсырыс беруші сәулет қала құрылыс бөлімі мердігер Жарма құрылыс ЖШС» екенін жеткізді Катонқарағай аудандық Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Гүлмира Әбдірғалиева.
Аталған ғимараттың бірінші қабаты көтеріліп қойған. Қажетті материалдар, техника жеткілікті. Үй екі подьезден тұратын болады. Құрылыс мамандары нысанның сапалы салынып жатқанын сөз етті. Құрылыс учаскесінің басшысы Виталий Абрамкиннің айтуынша салынып жатқан 30 пәтерлі үйдің жалпы аумағы нақты алғанда 1300 шаршы метрден асады. Әзірге ешқандай қиындық туған жоқ. Жұмыс жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Құрылысы 2020 жылдың қазан айында басталды. Қыс мезгілі аяқтала салысымен жұмысты қайта қолға алдық. Осы уақытта нөлдік цикл жұмыстары аяқталды. Қабырғалары кірпіштен қаланды. Сапалы орындауға тырысамыз. Өйткені бұл маңызды нысан. Құрылыс материалдары уақтылы әкелінеді. Үй кірпіштен қаланатын болғандықтан, берік болатынына сенімдіміз. Қажетті материалдар отандық нарықтан жеткізіледі. Яғни, қазақстандық құрылыс заттары. Материалдарды негізінен Өскеменнен жеткіземіз»
Сондай-ақ, жеке құрылысшылар салып, аудан әкімдігі сатып алатын бағдарлама да жұмыс істеп тұр. Жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандарға, көпбалалы жанұяларға және аз қамтылған отбасылар мен мүгедектерге берілетін пәтерлер Үлкен Нарында салынуда.
Атап өткендей 17 үй салынады. Екі пәтерлі үйлер заманауи стандарттарға сай етіп көтеріледі. Бүгінде жұмыс басталып кеткен. Мердігер компания директоры Дидар Бахтияров «жұмыс жүйелі жүруде» дейді.
«Біз бес екі пәтерлі тұрғын үй құрылысымен айналысудамыз. Үйдің аумағы 85 шаршы метр. Жұмыс көктем мезгілінде басталған. Пайдалануға беру уақыты шілде айы. Жұмысымыз жүйелі түрде кестеге сәйкес жүріп жатыр. Бүгінгі күнде сейсмобелдеулері орнатылып, іргетасы құйылып, қабырғасы қаланды. Жуық уақытта үйлердің төбесін жөндеуге көшеміз. Керек деген материалдар толық жеткізілді. Ол жағынан тосқауыл жоқ. Егер осы қарқында жалғастыра берсек нысан уақытылы тапсырылады деп сеніммен айта аламын», - дейді мердігер компания директоры Дидар Бахтияров.
Барлығы ішінде. Жаңа үйлердің талаптары осындай. Су, жылу жүйелері қосылып беріледі. Құрылыс учаскелерінде керекті техниканың бәрі бар. Құрылыс жұмыстарына ауыл азаматтары да тартылған. Яғни, жаңа жұмыс орны пайда болды деген сөз.