Мемлекет басшысы елімізде медициналық-демографиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын атап өтіп, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының саны 2 миллион адамға, азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 6 жылға өскенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, инфрақұрылым айтарлықтай жаңарды. 219 жаңа аурухана, 1200-ге жуық жаңа заманауи емхана мен амбулаториялық мекемелер салынды. Біз Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгіздік. Бүгінде республикалық клиникалар бұрын тек шетелде ғана жасалатын күрделі операцияларды жасайды.
Тұрғындар денінің саулығы медициналық нысандарға, ондағы емдеуге тікелей қатысты екені белгілі. Сол үшін ауруханалар мен емханаларда әрдайым дұрыс қызмет көрсетіліп, жақсы жағдай жасалуы керек. Бұл мақсатта Өскемен қаласында бірнеше нысан жөнделіп, жаңа қажетті құралдар орнатылуда. Ал, құрылысы қызу жүріп жатқан гематология орталығы соның бірі. Орталық құрылысы алдағы 2-3 жылда аяқталуы мүмкін.
Құрылысы алаңындағы жұмыс қарқынды. Өйткені, салынып жатқан нысанның баламасы республика бойынша әлі жоқ. Жоба барысында барлық халықаралық талаптар ескерілді дейді жауапты өкілдер. Құрылысқа жауапты компанияның мұндай айтарлықтай көлемді нысанды салуда үлкен тәжірибесі бар деп сендіріп отыр. Мәселен, бас мердігер Нұр-Сұлтан қаласындағы "Астана Опера", "Барыс Арена", "Велотрэк", "Ана мен бала орталығы", "Қазақ драма театры" сияқты ірі нысандарды көтерген екен.
Гематология орталығының құрылысы өткен жылдың маусым айында басталды. Құрылыстың нормативтік мерзімі 24 ай. Мемлекеттік сараптаманың құны 31 миллиард теңге болса, 12 миллиарды медициналық жабдықтарға көзделген. Орталықтың жалпы ауданы шамамен 31 000 шаршы метр, биіктігі 4-5 қабат және функциясына байланысты 5 блоктан тұрады,- дейді ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арман Байбұлов.
Оның айтуынша, жобаның негізгі мақсаты - гематологиялық аурулар бойынша халыққа көмек көрсету, жалпы өмір сүру көрсеткішін 80% - ға дейін арттыру. Сондықтан, аймақ тұрғындары үшін таптырмас орын болмақ. «Көп бейінді медициналық орталыққа айналдыру мақсатында қазіргі уақытта медицина докторларының қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Бүгінгі күні техникалық және авторлық қадағалауымен бірге ғимарат қабырғасы бой көтеруде. Жұмыс бекітілген кесте бойынша өтіп жатыр, шағымдар мен ескертулер жоқ. Жоба 25% - ға орындалды».
Келісімшарт бойынша орталықтың құрылысына және жабдықтарға мердігер 3 жыл мерзімге кепілдік берген.