Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында құрылыс жұмыстары қарқын алды. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында Аягөз қаласында жаңа шағын аудан бой көтермек. Мердігерлер мен жергілікті құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, салынып жатқан баспаналар биыл пайалануға берілуі тиіс.
Өткен жылы Аягөз ауданында қос пәтерлі он үй салынып, тұрғындар қоныс тойын тойлатқан еді. Ал биылғы жылы дәл сондай екі пәтерлі 29 үйдің құрылысы жүргізілуде. Жаңа пәтерлердің басым бөлігі көп балалы аналарға арналған. Сондай-ақ, алдағы жылдары да салынуы тиіс үй құрылысының жоспары дайын. Жаңа баспаналар барлық қажеттіліктер қамтыла отырып халыққа ұсынылмақ.
Аягөз аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Медет Тәтеновтың айтуынша «2022 жылға Аягөз қаласына 2 пәтерлі 39 үй салу жоспарланған, қазіргі күнде құрылыстары басталып та кетті. Сапасы құрылыс нормаларына сай, жаңа материялдар қолданылып жатыр». Бұл жоба көп балалы аналарға арналғандықтан, алдағы уақытта жаңа ықшам ауданда 600 орындық мектеп салу жоспары бар.
Дәурен Бейісов, мердігер: «Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Материалдардың барлығы өзіміздің облыстан алынған, Аягөз, Семей, Өскемен қалаларынан. Біздің құрылысшылардың 90 пайызы осы Аягөздің құрылысшылары. Яғни, жергілікті жұртты жұмыспен қамтып отырмыз. Бүгінгі күні 30-40 жұмысшымыз бар. Қыркүйектің 1- іне дейін осы көп балалы отбасына арналған үйді бітіріп, кіргіземіз деген ойдамыз»
Құрылыс алаңында тер төгіп жүрген аягөздіктер болса туған жерінің гүлденуіне өз үлестерін қосып жатқандықтарына риза.
Аманжол Омарбеков, жұмысшы: «Аягөздің жергілікті тұрғынымын. Осы жігіттер келгелі қаншама жұмыс табылып, жұмысшылар өз міндеттерін атқарып жатыр. Мына жерде 10 үй салынады деген, басқа үйлерге қарағанда мұнда материалдар барлығы толық, уақытымен жеткізілуде. Бәрі жақсы, жұмысшылардың бәрі риза».
Биылғы жылға жоспарланған 29 үйдің 20-сының қабырғасы көтеріліп, 12-ісінің төбесі жабылды. Ал тұрғындарға табыстау алдағы тамыз, қыркүйек айларына жоспарланып отыр.